«КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының кезекті отырысында бастауыш кәсіподақ комитеттерінің төрағалары 2022 жылы атқарған жұмыстар туралы есеп берді.
Бұған дейін олардың барлығы өз кәсіпорындарында есеп беру кездесулерін өткізіп, биылғы жылға арналған жоспарларымен бөлісті. Кәсіподақ мүшелерінен ұсыныстар жиналды. Филиал төрағасы Ақылбек Төлепбергенов ұжымға жұмыс орындарына баруды, түйткілді мәселелерді анықтауды және оларды дереу шешуге көбірек уақыт бөлуді баса ескертті.
Филиалдың бас қоғамдық инспекторы Шәкен Кененбаев әрбір кәсіпорында жұмыс істейтін қоғамдық инспекторлардың жұмысы бойынша жиынтық деректерді алға тартты.
«КәсіпҚорған» кәсіподағында Жезқазған филиалы мүшелігі жағынан ең көп ұйым саналады. Ол жиырма бір мыңнан астам адамнан тұратын 36 бастауыш ұйымды біріктіреді.
Кәсіподақтың барлық мүшелері бірдей жеңілдіктерге ие. Филиалдың құрамында корпорациядан бөлек Ұжымдық шарты жоқ кәсіпорындар да бар. Мұндай кәсіпорындарда да кәсіподақтың жергілікті филиалы түрлі төлемдер мен материалдық көмектерді көрсетеді. Филиалға қарасты комитеттерде жұмысшыларға материалдық көмек, сауықтыру, спорттық тұрғыдан демеу сынды шаралар өз легімен жалғасын тапты.
«КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы ұйымның стартегиялық жоспарына сай міндеттемелерді 2022 жылы нақты істермен көрсете білді. Оған кәсіпорындардағы кәсіподақ комитеттерінің төрағалары атқарған жұмыстар дәлел. Бір сөзбен айтқанда, кәсіподақтың Жезқазған филиалы 2022 жылдың межелі міндетін еңсерді. Енді алда қыруар жұмыс күтуде.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.