Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев Жезқазған медициналық орталығында болып, ұжымды құттықтады. Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласының үздік мамандары марапатталды.
Қазіргі таңда өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде 3006 медицина қызметкері еңбек етеді. Оның 656-сы – дәрігер, ал 2350-і – орта буын мамандары. Әр маманның еңбегі ерен. Ұлт саулығын сақтауға бүкіл өмірін арнаған әулеттер де бар. Медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев бұл күн – ең ізгі мамандық иелеріне көрсетілетін шынайы ризашылық пен құрметтің көрінісі екенін атап өтті. Ол сонымен қатар корпорация тарапынан өңір медицинасына қолдау көрсету жалғаса беретінін айтты.
Бұл қолдау – заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету, кәсіби мамандарды тарту және күрделі емдеу тәсілдерін дамыту бағытында жүзеге аспақ. Бұл күні сондай-ақ «Үздік мейірбике», «Үздік фельдшер», «Әкімшілік-шаруашылық бөлімнің үздік маманы» және «Үздік мейірбике көмекшісі» номинациялары бойынша марапаттар табысталды.
Сонымен қатар, ақ халатты абзал жандарға «КәсіпҚорған» кәсіподағының төрағасы Уәлихан Нұржанов та құрмет көрсетіп, ұйым атынан үздіктерге марапат тапсырды. Мерекенің шырайын мәдениет саласының өкілдері дайындаған концерттік бағдарлама аша түсті.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.