«Қазақмыс» корпорациясының Жезқазған өңіріндегі түрлі құрылымдарында 40 жылдан аса еңбек етіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырған өндіріс саласының ардагерлеріне тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағы жыл сайын «Еңбек ардагері» медалін тапсыруды дәстүрге айналдырды.
«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшелігіндегі ардагерлерге сәрсенбінің сәтті күнінде аталған ведомоствалық марапат қарттарға салтанатты жағдайда табысталды. «Еңбек ардагері» медалін табыстаудан бұрын «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС жанындағы Ардагерлер кеңесінің Басқарма төрағасы Төлеген Бүкіров сөз алып, ардагерлердің ұзақ жылғы еңбегіне көрсетілген құрмет үшін «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғысын білдірді.
– Жезқазған, Қарағанды, Балқаш өңірлері бойынша биыл 32 ардагеріміз осы медальға ұсынылды. Аға буын өкілдерінің өндірістегі еңбегіне құрмет көрсетіп, әрқашан қолдау білдіретін «КәсіпҚорған» кәсіподағына ардагерлер дән риза. Бұл марапат сіздердің адал еңбектеріңізге берілген шынайы баға деп білемін, – деді Төлеген Нұрмағанбетұлы.
Ардагерлерді құттықтап, ақжарма тілегін жеткізген «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов қазыналы қарттарымыздың өңір үшін сіңірген еңбегін ұмытпай, құрметтеу жас ұрпақтың парызы деп атап өтті.
– Сіздердің әрқайсыңыз еңбек еткен өз салаларыңызда бір-бір мектеп қалыптастырдыңыздар. Сіздердің табандылықтарыңыз бен еңбекке деген сүйіспеншіліктеріңіз бүгінгі ұрпақ үшін үлгі, өнеге, – деді Ақылбек Сағиұлы.
Атап өту керек, Жезқазған бойынша 15 ардагер «Еңбек ардагері» медалін омырауына тақты. Солардың қатарында 34 жылын өндіріске арнаған Александра Мусинова да бар. Александра Ивановна 1957 жылы Ресейден Қазақстанға қоныс аударған. 1965 жылы құю-механикалық цехына жұмысқа орналасқан. Өндіріс ошағындағы құрал-сайман цехында қайрақшы болып еңбек еткен Александра Мусинова 1999 жылы зейнеткерлікке шықты.
– Бұл марапат менің төбемді көкке жеткізгендей болды. Өндірісте еңбек еткен жылдарымның шынайы бағасы деп білемін. Қарттық шақта құрметке бөлеп жатқан кәсіподаққа, Ардагерлер кеңесіне ризамын. Өмірлік серігім болған, марқұм жұбайым Иосиф Бектұрғанов теміржол саласында еңбек етті. Балалы-шағалы болдық, немере-шөбере сүйдік, – деді Александра Ивановна.
Медаль ардагерлердің мерейін өсірді. Асыл қазыналарымызды бағалап, құрметтеу ұрпақ парызы болып қала бермек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.

