Бұл заман ағымына сөз жоқ қой. Кеңестік дәуірде бай-болыстарды үстем тап өкілдері ретінде жамандап бақтық. Енді келіп, еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін кезінде ақ патшаға қызмет еткен сұлтандар мен болыстардың бірін мемлекет қайраткері, бірқатарын тарихи тұлғалар деп атап, дәріптей бастадық.
Ресей империясы отарлау саясатын мықтап ұстана отырып, ХІХ ғасырда қазақ елін әкімшілік басшылық ету жөнінде реформа жүргізгені тарихтан жақсы мәлім. Сөйтіп, орыс шенеуніктеріне тікелей бағынышты аға сұлтандар мен болыстар сайланып, билікке қол жеткізді. Ақ патша өкіметі қазақ жерін мемлекет меншігі деп жариялап, мал баққан жұртшылықтың көшіп-қонуына шектеу қойды. Түтін салығын бұрынғыдан екі есеге көбейтті. Суы-нулы өңірлерді Ресейден қоныс аударушыларға алып берді.
Осы тұстағы ел билеген болыстардың іс-әрекеті ұлы ақын Абайға ұнай қоймапты. «Абай отыз жасқа келгенде феодалдық-рулық ортадан біржола түңіледі. Ол патша үкіметі тұтандырып отырған рулық тартыстың халық үшін өте ауыр соғатынын анық көреді», – деп жазды Мұхтар Әуезов.
Абайдың өзі «Үшінші сөзінде» былай дейді: «Ол болыс болғандар өзі қулық, арамдықпен болыстыққа жеткен соң, момынды қадірлемейді, өзіндей арам, қуларды қадірлейді, өзіме дос болып, жәрдемі тиеді деп, егер қас болса, бір түрлі өзіме де залал жасауға қолынан келеді деп».
«Сегізінші сөзінде» былайша ой толғайды: «Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды?
Біреу – болыс, біреу – би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығынданып, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? – деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді».
«Жиырма екінші сөзінде»: «Болыс пен биді құрметтейін десең, құдайдың өзі берген болыстық пен билік елде жоқ. Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ», – деген екен.
Ұлы ақынның:
Мәз болады болысың,
Арқаға ұлық қаққанға.
Шелтірейтіп орысың,
Шенді шекпен жапқанға, – деп басталатын өлеңі және бар.
Абайдың бұл – сол заманда өмір сүріп, өз көзімен көргені, көңілге түйгені. Ал бүгінгілер патша өкіметінің отарлық қатал езгісіне, зорлық-зомбылығына қызмет еткен болыстар жайында ел тарихын таразылай отыра сөз қозғап, жалаң мақтанға, дәйексіз дәріптеуге бой ұрмаса ғой.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.