Аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы басқармасының басшылығымен кездесті. Онда тараптар Ұлытау облысындағы байланыс сапасы жөнінде әңгіме өрбітіп, біршама жобаларды қолға алды.
Өңірге жұмыс сапарымен келген «Қазақтелеком» АҚ өкілдері жаңа облыстағы байланыс сапасы мен қолжетімді интернет мәселесі бойынша жүйелі жұмыстар атқаруға ниетті. Жиында Берік Әбдіғалиұлы аталған проблемалардың, әсіресе, өңірге қарасты шалғай ауылдар үшін өзектілігіне ерекше тоқталды. Жезқазған-Арқалық, Жезқазған-Қызылорда тас жолдарының бойында байланыстың жоқтығы, жолаушылар үшін қыс мезгілінде талай қиындықтар туындатқан…
– Облыстағы интернеттің әлсіздігі – өзекті мәселелердің бірі, – деді облыс әкімі. – Трассалардың бойында тіпті қолжетімсіз орындар бар. Жезқазған – Қарағанды бағытында бірқатар нүктеде ұстайды, ал Қызылордаға барар жолда тіпті жоқтың қасы. Бұл – білім беру мекемелеріне де қатысты. Мектептерді цифрландыру үшін де ғаламтор желісі жеткіліксіз болып тұр. Өңірде педагогтердің жеткіліксіздігін де онлайн оқыту арқылы шешуіміз қажет. Ол үшін ұялы байланыс пен интернеттің көмегіне жүгінеміз. Сондықтан, аталған мәселелерді шешу үшін өздеріңізден қолдау күтеміз.
«Қазақтелеком» алдағы екі жылда облыс аумағындағы байланыс станцияларын 40 пайызға жаңартпақ. Сонымен қатар, білім басқармасына қарасты бірнеше ауыл мектептеріне жылдамдығы жоғары интернет орнатпақ. Кездесу соңында қос тарап өзара іс-қимыл туралы маңызы зор меморандумға қол қойды.
«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев облыс орталығында байланыс желілерін жаңа технология бойынша салып жатқанын айтты. «Жаңа үйлердің барлығы жаңа желіге қосылады», – деді ол.
Айта кетейік, жиын барысында Жезқазғанда 5G желісін іске қосу да назардан тыс қалмады. Ендігі жұмыстардың барлығы қол қойылған меморандум шеңберінде жүзеге аспақ.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.