Аймағымыздағы Жезқазған мыс қорыту зауытының ұжымы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы Қазақстанның Құрметті металлургі, түсті металлургия саласының ардақты ардагері, зауытқа басшылық жасаған Дүйсенғали БАЙҒУАТОВҚА құрмет көрсетті.
Дүйсенғали Ыбрайханұлы – металлургия саласында 40 жыл еңбек етіп, Балқаш пен Жезқазғандағы өндіріс ошағының дамуына білімі мен тәжірибесін арнаған майталман. 1977 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының металлургия факультетіне түсті. 1982 жылы осы аталған институтты инженер-металлург мамандығы бойынша бітіріп шықты. Институтты бітіргеннен кейінгі еңбек жолын 1982 жылдан 1997 жылға дейін Жезқазған мыс зауытында қатардағы конверторшыдан мыс зауытының басқарушысы лауазымына дейінгі жолдан өтті. Ол сол зауыттың цехтарында әр түрлі қызмет атқарды: мастер, телім, бөлімше бастығы, бас металлург болды. Барлық қызметке үлкен жауапкершілікпен қарап, іскерлік танытты. Қос зауытты басқарған жылдары өндіріс нысандарында өнім өндіру сапасы бәсеңдеген жоқ. Бұл Дүйсенғали Ыбырайханұлының өз кәсібіне деген шынайы жанашырлығы мен іскерлігінің арқасы деп біледі көпшілік. «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалы төрағасының орынбасары Сержан Жақсыбеков еңбек ардагеріне өндірісті өркендету жолындағы еңбегіне алғыс айтып, кәсіподақ тарапынан марапаттады. Өз кезегінде Дүйсенғали Ыбырайханұлы зауыт ұжымы мен кәсіподақ ұйымына ризашылығын жеткізіп, әрі қарай табысты еңбек ете беруге тілектестігін білдірді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.