Қазба байлыққа толы жеріміздің қойнауындағы ырыстың көзін ашушы геологтардың ерен еңбегі әрқашан құрметке ие. Бүгінгі таңда «Қазақмыс» компаниясы геология саласына ерекше мән беріп, қолдаудың нәтижесінде өңірлерде жаңа кен орындары ашылып, бір кездері кері кеткен саланың жандануына себепкер болып, тамырына қан жүргізуде.
Кеніштердегі геологиялық бөлімдердің де кен қорын анықтап, зерттеулерінің арқасында кеншілеріміз олжаға кенелуде. «Нұрқазған» кеніші – корпорацияның құрамындағы пайдалы қазбаға бай өндіріс нысаны. Ондағы байлықтың көзін ашудағы геологтар еңбегі ұшан-теңіз.
Сәуірдің алғашқы жексенбісінде өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетін сала мамандарына «Нұрқазған» кенішінің әкімшілігі мен «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитеті құрмет көрсетіп, геологиялық бөлімнің майталмандарын марапаттады. Кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев геологтардың ерен еңбегіне алғысын білдіре келіп, бір топ сала саңлақтарына Құрмет грамоталары мен сыйлықтар тапсырды.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.