Мысты өңірдің бойтұмарына айналған Жезқазған мыс қорыту зауытында 1973 жылдың 23 ақпанында қара мыс алынған болатын. Бұл сол жылдардағы түсті металлургияда өңірде жаңа әдіспен мыс балқымасын алудағы жаңалық еді.
Міне, содан бері арада жарты ғасыр өтті. Ел игілігіне жарап келе жатқан сары мысты сапырған металлургтерге құрмет ерекше. Аталмыш мерекеге орай зауыттағы «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы АрдақАқылбекова балқыту цехында болып, бірқатар еңбек озаттарын марапаттады.
Ардақ Мұқажанқызы мерекелік құттықтауында: «Қара мыс алудағы бұл оқиға біздің зауыттың тарихында мәңгілікке бедерленіп қалды. Осыдан 50 жыл бұрын өздеріңіз мыс балқытып жүрген цехтың конвертор бөлімінде алғаш реет қара мыс алынды. Арада 50 жыл өтсе де мыс қазаны қайнап жатыр. Бұған сіздер зор еңбек сіңіріп келесіздер. Ағалар жолын берік ұстанған бүгінгі балқытушылардың еңбекте одан әрі табысты, абыройлы болуларын тілеймін», – деді.
Жарты ғасырлық мерейтойда Дүйсен Әйтембаев, Абзал Әтенов, Ержан Әлібеков, Айтмұханбет Қожамсейтов, Жасұлан Елубаев, Евгений Завадский, Қанат Ермағанбетов, Ғарифулла Чантуев, Арман Шотыбасов, Марат Жанділдинов сынды озаттар құрметке кенелді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.