«Қазақмыс» компаниясын ірі мыс алыбы деп әспеттесек, оның негізгі көзіне баланатын кен өндіру, байыту және металлургия салаларында еңбегімен ел құрметіне кенеліп жүрген өндіріс озаттары «Қазақмыстың» өнім өндірудегі табысына зор үлес қосып келеді.
Біз сөз еткелі отырған Балқаш өңірінің металлургтері де сексен жылдан аса тарихы бар Балқаш мыс балқыту зауытының өндірістік көрсеткішін арттыра отырып, өздері де құрметке кенелуде. Өңірге арнайы сапарымыз барысында өндірісті шаһардың тірегі болып отырған зауытқа арнайы бас сұқтық. Әуелі биыл құрылғанына 70 жыл толған мысты электролиздеу цехына қадам бастық. Бірнеше сатыдан өткен катод мысын тазартып, оны жөнелту сынды үдерістер дәл осы цехта жүзеге асады. Мәди Әбдуалиев басшылық жасайтын цех 70 жылдық мерейтой қарсаңында 13 млн. 59 мың тонна дайын өнім шығарды. Металлургия мамандығының майталмандары еңбек ететін ұжымда өндіріс озаттары зауыт пен цехтың үздіксіз жұмыс жасауына білімі мен тәжірибесін арнауда. Солардың бірі – Ертай Насырқожанов. Ертай Медетбайұлы өндіріске 1986 жылы келді. Алғашында осы цехта өнімдерді жинақтаушы болып жұмысқа орналасты. Уақыт өте келе мысты тазарту, сапалы өнім алу үдерісіне араласты. Оның металлургия саласына келуіне нағашысы Есентай Үмбетов ықпал етіпті. – Өңіріміздің тыныс-тіршілігі осы өндіріспен байланысты болғандықтан мен де өмірімді осы саламен тоғыстырдым. Нағашым Есентай мені бұл кәсіпке баулып, қыр-сырын үйретті. Негізі осыған бағыт-бағдар берген де Есекең болатын. Ол кезде цех басшысының орынбасары болды. Басшылық «құрамдамын» деп кеуде керген емес. Білмегенімді үйретіп, тәжірибесімен бөлісіп отырды. Бұл ұжымға келгелі де 36 жыл өтіпті. Металлургия саласын таңдағаныма әсте өкінішім жоқ. Қайта еңбегімнің арқасында абыройға кенелдім. Қаншама жастарға тәлімгер болдым. Бригадамыздың бірлігі бекем, ауызбіршілігі мықты. Ізімізді басып келе жатқан жастардың «үйренсем, білсем» деген талабы бізді қуантады, – дейді Ертай Насырқожанов. Ертай Медетбайұлының түсті металлургия саласына қосқан үлесі бағалаусыз қалмады. Екі мәрте «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісімен марапатталды. Өндірістегі жоғарғы табысы үшін «Құрмет тақтасына» есімі жазылды. Ертай Насырқожановтың отбасын еңбек әулеті деп атауға толық негіз бар. Зайыбы Гүлнар зауыт басқармасында экономист болса, ұлы Сәулет күкірт қышқылы цехында пультпен басқару операторы. Ертай Насырқожанов еңбек ететін бригаданың жігіттері де осал емес. Руслан Әбішев, Қуандық Жақсылықұлы, Думан Тұтқабеков, Сайран Биғазы, Дінислам Түсіпбаев, Нұрзат Жұман, Жанат Баймурзин сынды еңбек озаттары Мейрам Әбжанов, Қайрат Сыздықов сынды жастардың үлгі тұтарлық тәлімгерлері. Ернұр Балтабаевтың бригадасы өнімді еңбек етіп, өндіріс көшін алға бастап келеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
Суретте: Ертай НАСЫРҚОЖАНОВ.