Елімізде Ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға енген күнін әр қаржыгер төл мерекесі ретінде бағалайды. Егемендік алып, еңсесін тіктеген өткен ғасырдың 90-жылдарында төл теңгеміз игілікке жарай бастады. Міне, содан бері арада 30 жыл өтіпті.
Бүгінде қаржы саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып жатыр. Оған еліміздің қажырлы қаржыгерлері білімдері мен тәжірибелерін арнауда. Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» компаниясының өндіріс ошақтарында есеп-қисаптың жілігін шағып, майын ішкен майталмандар еңбек етуде. Солардың қатарында қырық жылға таяу еңбек өтілі бар Ануза Жайынбаеваның есімі ел арасында ерекше аталады.
Қасиетті қарашаңырақ Қарсақбайда дүниеге есігін ашқан Ануза Зұлпыхарқызы металлургтер әулетінен шыққан қаржыгер. Әкесі Зұлпыхар ақсақал Қарсақбайдағы зауытта еңбек жолын бастап, кейіннен Жезқазған мыс қорыту зауытынан зейнеткерлікке шықты. Әке жолын жалғаған ағасы Сейтмұхан Жайынбаев 40 жыл Жезқазған мыс қорыту зауытында еңбек етіп, жақында зейнеткерлікке шықты. Өндірістегі әке жолын үлгі еткен Ануза да Семей қаласынан геолог мамандығын меңгеріп шықты. 1984 жылы Шығыс Жезқазған кенішінде бөлімше геологы болып еңбек жолын бастайды. Бұл бөлімде 1996 жылға дейін еңбек етіп, сол жылы жоспарлау бөліміне экономист болып ауысты.
Тәжірибелі маман 1998 жылы Батыс кенішіне жоспарлау бөлімінің басшысы болып келді. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау тұсында жауапты қызметке тағайындалған Ануза Жайынбаева экономика, қаржы саласындағы түйткілді мәселелерді орынды шеше білді. Еңбек ете жүріп, Ө.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінде тау-кен инженері әрі экономист мамандығы бойынша білім алды. Өз ісіне деген жауапкершіліктің арқасында ол кен өндірісіндегі кіріс пен шығыстарды есепке алудың тың тәсілдерін меңгеріп қана қоймай, соны кейінгі жастарға да үйретті. Қаржы саласына қырық жылын арнаған Ануза Зұлпыхарқызы бірнеше жыл «Қазақмыс» корпорациясының шаруашылық шығындарын есепке алу бөлімін де басқарды. Ал 2005 жылдан қазіргі таңға дейін Батыс кенішінің жоспарлау бөліміне басшылық жасайтын Ануза Жайынбаеваның еңбегі елеусіз қалмады. «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы Ануза Зұлпыхарқызының өндірісті өркендетудегі үлесін бағалап, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен, жақында «Еңбек ардагері» медалімен марапаттады.
– Өндіріс қаржы саласымен тығыз байланысты болғандықтан әрбір шығын мен кірісті есепке алып, жоспарлау – қаржыгерлер мен экономистердің негізгі міндеті. Біздің жоспарлау бөліміміз өндіретін кенге кететін шығындарды есепке алып, оларды тіркеумен шұғылданады. Бөлімге басшылық жасаған жылдарда кенішке қарасты шахталардың техникалық жабдықталуы бойынша қомақты шаруалар жүзеге асып келеді, – дейді Ануза Жайынбаева.
Қос мерекелік мақаламыздың кейіпкері қаржы саласының майталманы ретінде бірнеше жас маманды қанаттандырды. Олар бүгінде «Қазақмыс» корпорациясының құрамында басшылық қызметтер атқаруда. Бірқатар шәкірттері жеке кәсіпкерліктің тізгінін ұстауда.
– «Шәкіртсіз ұстаз тұл» демекші, осы салада еңбек еткен жылдарда бірнеше ізбасарлардың жолын аштым. Атап айтқанда, Шыңғыс Нәбиев «Қазақмыс» Холдингінде персоналдар шығынын бюджетке алу бөлімінің бас маманы болса, Әлихан Бабасов «Шатыркөл-Жайсаң» кластерінде кен байыту фабрикасын салу жобасының қаржы жөніндегі бас маманы Дәурен Әбілқасым «Жезқазғантүстімет» ӨБ бас маманы, Мейрамбек Оспанов «Жомарт» кенішінің жоспарлау бөлімін басқарса, Гүлшат Рахымжанова Шығыс Жезқазған кенішінде жоспарлау бөлімінің тізгінін ұстауда. Мен әрқашан жастардың өскенін қолдап, ақыл-кеңесімді беріп отырамын. Келешек жастардікі болғандықтан оларға үнемі қолдау болуы керек, – дейді білікті басшы.
Ануза Жайынбаеваның өмірлік серігі Жәлел Бірімжанов 37 жыл «Қазақмыс» корпорациясында еңбек етіп, еңбекті қорғау бөлімінің басшысы қызметінен зейнеткерлікке шықты. Анасының жолын жалғаған тұңғыштары Ақсана Бірімжанова корпорацияда қаржылық талдау қызметінде, ал Әнуары елімізге танымал тележүргізуші. Кенжелері Қарлығаш Астанада құрылыс компаниясында бөлім басшысы.
Мыс балқытқан металлургтер әулетінен шыққан қаржыгер Ануза Жайынбаеваның бүгінде беделі биік, абыройы асқақ. Бұл мәртебеге ол өзінің адал еңбегімен жетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.