Шыңырауда жүріп, кен қазған кеншілердің төл мерекесіне де жеттік. Өңір өндірісін өркендетіп тұрған кәсіп иелерінің мерекесін атап өту қарсаңында «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы сала мамандарының арасында «Кенші кубогы» спорттық жарысын ұйымдастырды.
Оған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС «Жезқазғантүстімет» ӨБ құрамындағы кәсіпорындар мен өзге де құрылымдардың мамандары қатысты. Спорттың бірнеше түрінен өткен жарыста «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының төрағасы Ақылбек Төлепбергенов құттықтауын жеткізіп, жеңіс тіледі. Командалық ойында әрбір кәсіпорын берілген тапсырмадан сүрінбей өтуге тырысты. Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, кәсіпорындар арасындағы байланысты нығайтуды көздеген жарыста топ жарған командаларға филиал атынан жүлделер тапсырылды. «Жыланды» кеніші мен «Қазақмыс Мэйнтенанс Сервисиз» ЖШС командасының құрама командасы «Кенші кубогын» иеленді. Команда құрамында Жадыра Түсіпбекова, Анастасия Кухта, Еламан Қалыбеков, Әділхан Амангелді, Алмас Әбішев сынды азаматтар әдемі ойын өрнегін көрсетті.
ІІ орынды Оңтүстік Жезқазған кенішінің «Тұран» командасы еншіледі. Команда сапында Жазира Қожаназарова, Манара Софинова, Саят Айдарбеков, Ерлан Төлегенов, Инаят Транов болды. «Жезқазғантүстімет» ӨБ басқармасы мен Шығыс Жезқазған кеніші «Шығыс арландары» командасына ІІІ орын бұйырды. Сондай-ақ, жекелеген спорт түрлерінен үздік шыққан командаларға арнайы жүлде берілді. Атап айтқанда «Батыс» кенішінің командасы қаппен сегіруде жүйрік деп танылса, тау-кен жобалау инситуты интелектуалдық ойында ой жүріктігімен озды. «Жомарт» кеніші арқан тартуда оңайлықпен дес бермеді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.