Әлемнің ажары ару болса, сол ажарлы кейіпті отбасында сақтай білген жан ол ана болса керек. Бүгінгі қоғамда нәзік жандар түрлі салада жемісті еңбек етуде. Әсіресе, талабы қатаң, қауіпі басым өндірістің буынында тер төгіп жүрген қыз-келіншектеріміз бен аналарымызға қандай құрмет көрсетілсе де артық емес.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС деңгейінде өндірістегі озаттарды ұлықтауға арналған шаралар биыл да өз деңгейінде көрініс табады. Соның ішінде, «КәсіпҚорған» кәсіподағының Жезқазған филиалы тұңғыш рет өндірістегі нәзік жандар арасында «Көшпенділер ойыны» жарысын ұйымдастыруда.
Наурыздың екісінде кеншілер шаһары Сәтбаевты дүбірге бөлейтін жарыс турасында бізге филиалдың аппарат жетекшісі Жанар Салықова былайша баяндап берді:
– Салауатты өмір салтын насихаттап, әйелдер арасындағы спортқа деген белсенділікті арттыруды көздеген жарысқа әрбір кәсіпорын арулардан құралған топты қатыстырады. Жарысқа 7 ойын түрі қамтылған. Соның ішінде қазақтың ұлттық ойыны асық ату бар.
Жеңімпаздар арнайы кубог пен ақшалай жүлдемен марапатталады. Біздің бұл жарысымыз 2024 жылы 8 – 14 қыркүйек аралығында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарымен астасып жатыр. «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС тау-кен кешенінің құрылымдарынан жарыс жолына түсуге бел байлаған аруларымызға сәттілік тілейміз. Көшпенділердің ойынын тамашалауға пейілді жандарды Сәтбаев қаласындағы «Жастар» сарайында 2 наурызда сағат 12:00-де өтетін жарысқа шақырамыз. Келіп, өз тобыңызға қолдау білдіріңіз, – дейді Жанар Сәркенқызы.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.