«Қазақмыс» корпорациясының Қарағанды аймағындағы ірі кен орны саналатын Нұрқазған кеніші бүгінгі таңда кен өндіру көлемі бойынша жоспарды орындап отыр. 5 миллион тонна кен өндіруге қауһарлы кеніштің алдағы әлеуеті зор.
Алпауыт «Қазақмыс» компаниясының қолдауының арқасында мұнда үдеріс үздіксіз жүзеге асуда. Тау-кен саласының білікті маманы, іскер басшы Мұқан Үңгітбаев басшылық жасап отырған кеніштің 2050 жылға қарай кен өндірудегі жоспары да көлемді. Әрине, мұндай табысқа өндіріс нысаны еңбек адамының арқасында жететіні сөзсіз.
Жер астындағы өндірістік үдерісте әсте тоқтау жоқ. Айлық жоспарды орындауда бірнеше учаскенің жұмысы қатар жүреді. Кен алу көзінің ең бірінші кезеңі ол – жару, аттыру жұмыстары. Мұнда оны Қанат Шайқыбековтің жетекшілігіндегі № 3 жару телімі жүзеге асырады. Жуырда кенішке барған сапарымда учаскеде болып, майталмандармен тілдесудің сәті түскен болатын.
Тау-кен саласында 34 жыл тәжірибесі бар Қанат Шайқыбеков мұндағы жұмыстың жүйелі жүруіне баса көңіл бөлінетіндігін алға тартты.
– Кен алу үдерісі бірнеше кезеңдерден өтеді. Әуелі жару, аттыру шараларын жүргіземіз. Белгіленген аумақта бұл жұмыстардың қауіпсіз жүруіне баса көңіл аударылады. Адам өмірі бәрінен қымбат. Сондықтан біз еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін қатаң сақтаймыз. Әрбір аттырған аумақтың қауіпсіздігі адам өміріне тікелей қатысы барын ескереміз. Жару, аттыру жұмыстары – өндрістегі ең маңызды бағыт. Сондықтан оны атқаруда қауіпсіздік талаптары бірінші орында.
Қазіргі таңда ұжымда 52 адам жұмыс істейді. Әр ауысымдағы жігіттер өздеріне берілген тапсырмаға мұқият қарап, орындайды. Біздің ұжымның мақтаныштарына айналған Сергей Петрович, Самат Ниязов, Мейрам Ахметов, Абай Сүлейменов, Мейірхан Ғабдуллин сынды майталмандардың іскерлігінің арқасында жоспар орындауда. Қатарымыз жастармен толығуда, – деді бізбен әңгімесінде Қанат Советбекұлы.
Тау-кен өндірісінде айрықша маңызды жүйе – жару жұмыстарын талапқа сай орындап отырған учаскенің көшбасынан табылуы ондағы еңбеккерлердің өз ісіне деген жауапкершілігіне тікелей байланысты. Осы орайда бұл жұмыстарды үйлестіруде учаске басшысының, ауысым мастерлері мен бригадирлердің де тәжірибесі маңызды. Қанат шайқыбеков аталған учаскеде 2019 жылдан бері басшылықта. Ол еңбек жолын Жезқазғанда бастаған. Бүгінде Нұрқазған кенішінің алдыңғы қатардан көрінуіне учаскесімен бірге үлес қосуда.
Көшбасынан табылған үздік учаскенің табысты тасқындатудағы жетістігі әлі де арта түсетіні даусыз.

