Ұлт ұясы Ұлытаудың брендіне айналған, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді насихаттайтын айшықты шара – «Көкмайса» этно-фестивалі биыл қайыра түлеп, көпшілікті қызығына кенелтті. Ұлытаудың баурайындағы «Шыңғыс алаңында» шаңырақ көтерген ақшанқан ауылда өткен шараға әрісі Түркістан облысынан, берісі Қаражал қаласы, Жаңаарқа ауданынан қонақтар келді.
«Терісаққан көктемі» фестивалінен бастау алған аталмыш этно-фестивальдің басты мақсаты – Ұлт бесігінің қазақ тарихында алатын баға жетпес маңызды орнын кең тұрғыда дәріптеу, көне дәуірлерден жеткен тарихи мұра санатындағы ескерткіштерін таныстыру, ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптардың қайталанбас бітім-болмысы мен ұлттық спорт ойындарының тартымдылығын насихаттау.
Түп-тамыры ұлт руханиятының қайнарынан бастау алатын «Көкмайса» этнофестивалінің өзекті міндеті – Қазақстан аумағына шетелдерден келетін туристер мен ел азаматтарын Ұлытаудың шежірелі тарихы мен құнды ескерткіш-жәдігерлерін қызықтауға тарту арқылы келешекте туризм саласын дамыту. Соған орай, тағылымы терең іс-шара барысында өңірдің ауасы мен суының, тұма табиғатының адам ағзасына таптырмас дәру екендігі әспеттелді. Сырт келбеті келісті, ішкі безендірілуі кез-келген кірпияз жанның көңіліне шуақ ұялататын еңселі киіз үйлерде меймандос пейілмен жайылған көл-көсір дастарқан жайлау төсінде өрген төрт түліктің еті мен сүтінен өндірілетін табиғи тағам түрлерінің аса құнарлы екендігін айғақтады. Этнофестивальде сонымен қатар, өңір тұрғындарын туризмнің ерекшеліктері мен оған қатысты талаптарды жете зерделеп, меңгеруге бейімдеу, өз кәсібін ұйымдастырып, жүргізуге қабілетті іскер азаматтарды туризм саласындағы кәсіппен шұғылдануға бағыттау жайына да басты меженің бірі ретінде айрықша көңіл бөлінді.
Міне, өзіне осындай зор міндеттер жүктеген дәстүрлі фестиваль биыл өңірімізде тоғызыншы рет ұйымдастырылып отыр. Жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіретін облыстық фестиваль барысында қымызмұрындық рәсімі, киіз басу, ши тоқу, ұсталық өнер, арқан есу, қамшы өру сынды дәстүрлеріміз бен бұл күндері ұмытыла бастаған зергерлік өнер, домбыра жасау ұлттық қолөнер түрлерінен және қымыз ашытудан шеберлік сағаты өтті.
– Жыл сайынғы дәстүрге айналып келе жатқан «Көкмайса» этнофестивалі карантин уақытында үзіліп қалып еді, биыл қайта жаңғырып қуанышымызды еселеп жатыр. Осы жылы жүлде қоры 4 000 000 теңгені құрайды. Соның аясында 11 спорт түрінен жарыс ұйымдастырылды. Қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді фестивальдің ашылу салтанатында Ұлытау облысы әкімінің міндетін атқарушы Алмаз Ыдырысов.
Этнофестиваль идеясының авторы, өлкетанушы Бақтияр Қожахметовтің айтуынша, «Көкмайсаның» қазір ауқымы кеңею үстінде.
Ұлттық сусынымыз – қымыздың қасиетін дәріптейтін дәл осындай іс-шараны ұйымдастыруда соңғы үш жылда Ақмола облысының Атбасар, Степногорск, Қорғалжың, Ерейментау және Павлодар облысының Шарбақты аудандары белсенділік танытып келе жатыр.
Ресми ашылудан соң көптен күткен фестиваль қызығы да басталды. Жұртшылық әуелі қазық қағу, желі майлау, құлын байлау рәсімдерін тамашалады. Бұдан соң бие сауылып, қымыз ашыту рәсімі көрсетілді. Оның көпшілік біле бермейтін қыр-сыры мен қымыз ашытуға қатысты аңыз-әпсана да айтылды.
Келесі кезекте сахнаға әр аймақтан жиналған «мешкейлер» шықты. Олардың бір тобы қымыз ішуден жарысса, енді бір тобы алдарына тартылған табақтағы қой етін жеп жарысты. Жеңімпаздар ақшалай сертификатқа ие болды.
Бұл күні білекті де жүректі жігіттер боз кілемде белдесті. Мергендер садақ тартып, нысана көздеді. Енді бір жерде балалар асық атып, мергендік сынасты. Мұнда да жеңімпаздар ақшалай сыйлыққа ие болды.
«Көкмайсада» әуелетіп ән шырқалып, мың бұралған би де биленді. Жиналған қауым алтыбақан теуіп, қызыққа кенелді. Ұлттық тағамдардан ауыз тиіп, колөнер түрлерін тамашалады. Осылайша, көптен күткен «Көкмайса» көпшілікті тағы да тәнті етті.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.