Жезқазғандағы көктайғақ тұрғындарды әбігерге салды. Салдарынан қала аумағындағы қозғалыс қиындады. Жарақат алғандар саны да артыпотыр. Тұрғындар коммуналдық қызметтің жұмысына наразы.
Облыста қар жауып, арты жауынға, кейін көктайғаққа ұласқаны белгілі. Бірнеше күннен бері жолдағы апат та, ауруханаға келушілер саны да күрт көбейген. Мәселен соңғы 3 күнде облыстық көпбейінді аурухананың қабылдау пунктіне жарақат алып, 130-ға жуық адам жүгінген.
Олардың жастары да, алған жарақаттары да әртүрлі. Ұлытау облыстық көпбейінді аурухананың травматолог дәрігері Ербол Асановтың айтуынша, 3 күн ішінде жүгінген 130 адамның 12-сі травмотология бөліміне жатқызылған. Себебі бас жарақаты, дене жарақаты, жілік сүйектерінің сынғандары бар.Қалыптыкүндергеқарағанда жарақат алушылардың саны 2 есеге көбейген.
Жолдардың уақытылы тазаланбауы тұрғындардың берекесін қашырды. Құм себу былай тұрсын, қалада қартазалау жұмыстары да мардымсыз.
Мәселен, қала тұрғыны Олеся Кирик көктайғақта тайып жығылып, қолын ауыртып алған. Енді, міне, дәрігердің қарауына жүгініп отыр. Қала тұрғыны Олеся Кирик: «Жұмысқа бара жатыр едім. «Сина» дүкеніне барар жолда құладым. Көлік жүретін жолмен жүріп келе жаттым. Себебі жаяу жүргіншілер жолымен жүру мүмкін емес. Кейін көлік келе жатқан соң жаяу жүргіншілер жолына ауыстым. Ауысқан бете тайып жығылдым. Көшедегі жолдарға ешқандай құм төселіп жатқан жоқ. Үйдің алдарын айтпаса да түсінікті шығар», – дейді.
Қорыта айтқанда, тайғақтан тайып жығылмау үшін тұрғындардың өздері сақтық шараларын ұстанғаны жөн. Ал, егде жастағы адамдар үйден шықпағаны абзал.
Гүлім Маратқызы