Дүйсенбі, 8 Маусым , 2026
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс
Cuprum News
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы
  • Кіру
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Cupum News
Басты бет Өндіріс және өмір

«КӨКЖАЛ КЕЙКІ» атанған қолмергеннің үңгірі жаңғыртылды

19.09.2025
- Өндіріс және өмір
0
«КӨКЖАЛ КЕЙКІ» атанған қолмергеннің үңгірі жаңғыртылды
79
БӨЛІСТІ
220
ҚАРАЛДЫ
Facebook арқылы бөлісуTwitter арқылы бөлісу

Бұл сауапты игі амалдың ұйтқысы – Кейкі мергеннің ұрпағы Әбілғазым Жиенбаев. Ол өмір бойы Жезқазған байыту фабрикасында істеп келеді. Еңбек жолын дәнекерлеушіліктен бастап, бұдан екі жыл бұрын бас механик қызметінен зейнеткерлікке шықты. Бірақ, еңбектен қол үзіп кетпеді. Әлі сонда, жекеменшік мердігер фирмада – бас механик.

Былтыр жазда өзін көптен толғандырып жүрген ойды ортаға салғанда бауырлары мен туысқандары бірден қолдады. «Қойлыбай әулие» қоры да қайырлы істің қасынан табылды. Сөйтіп, бір жыл дайындалып, биыл абыроймен аяқтады. Мергеннің үңгіріне сатылы жол салды, стела орнатып, келушілер көңілінен шығатындай қалыпқа келтірді.

Өткен жексенбіде абыроймен аяқталған шарапатты шаруаның құрметіне салтанатты жиын өтті. Ұрпақтары мал шалып, аталарының аруағына құран бағыштады.

Әлқисса

Оның азан шақырып қойған есімі – Нұрмағанбет.

1871 жылы «Байтума» қопасында (қазіргі Қостанай облысы, Аманкелді ауданы аумағы) кіндік қаны тамған ол аймақтың адуынды ауқатты адамы Рахмет Шашамбайұлының малын қорып, барымтаға аттандыратын білекті де жүректі жігіті болды. Жастайынан аңшылығы, мергендігі, өжеттігімен танылды.

Кейкі Көкембайұлы 1916 жылғы «Маусым жарлығына» қарсы Ұлт-азаттық көтерілісіне белсене қатысып, ұйымдастырушы қатарынан табылды. Ол – Әбдіғапар ханның досы, серігі. «Мергендер жасағын» басқарды. Көтеріліс штабының ең қауіпті әрі жауапты тапсырмасын орындап, жиі-жиі барлауға шықты.

«Күйік» қопасындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау кезінде және патшаның жазалаушы отрядына қарсы «Доғалдағы» соңғы ұрыста ерекше ерлік көрсетті. Кейкіні көрген, соңынан ерген ел, әсіресе, мергендігін жыр қылып айтады екен.

Үңгірі

…бұрын
…бүгін

Ол қара тасына дейін тарихтан сыр шертетін қасиетті Ұлытаудың бір пұшпағы – «Шеңбер» аулынан таяқ тастам жерде. Ал, шежірелі «Шеңбер» кезінде шаруашылығы шалқыған керемет кеңшар болған. Қазір де «көштен қалған» күйі көрінбейді. Үш жүз мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Үш мың гектар егістігі, қырық мың гектар жайылымы, бір мың гектар шабындығы бар. Шағын ауылдың өз қызығы өзінде. Мәдениет үйі мерекеде қызықты кешке кенеледі.

Ұлытау өңіріндегі 700-ден астам археологиялық және архитектуралық тарихи ескерткіштің 12-сі республикалық маңызға ие. «Кейкінің үңгірі» ресми ешқандай мәртебеге ие болмаса да, ауылдың бас көтерер бірнеше белсенді азаматы бұрынырақта ешкімге алақан жаймай-ақ, үңгірдің желкесіндегі биік жотаға ескерткіш-белгі қойды. Шаттығы сарқылмаған «Шеңбердегі» шырайлы шараның бірегейі осы.

Енді, міне, ұрпақтары қиын-қыстау кезеңде мергенге қорған болған үңгірді жаңғыртты. Ондағы стелаға мынандай екі шумақ өлең жазылған:

Ел едік қой «батыр ортақ» дейтұғын,
Ерлер өткен елдің қамын жейтұғын,
Ей, жолаушы, аттан түсіп тағзым ет,
Үңгірі ғой Көкжал Қыпшақ Кейкінің.

Мұқаш Сейітқазы.

 

Арпалыста ат сауырын қан жауып,
Темір етік айналған-ды тебенге.
Дұшпан иттің жүгі жолда қалды ауып,
«Құлан Кейкі атқа қонды» дегенде.

Ғазиз Ештанаев.

Есімін естігенде «сары орыс» селк етіп, «қызылдың» қаны басына шапқан Кейкі «Қараторғай» өзенінің бойындағы шатқалда бой тасалаған. Үңгірі жасырынуға, қорғануға, атысуға өте оңтайлы әрі қолайлы болғаны қазір де көрініп тұр. Тура төбесінен түспесе, тірі жан таппайды.

Бас сүйегі

Дала сардары Аманкелді Иманов пен қарадан шыққан хан Әбдіғапар қайтыс болғаннан кейін Кейкі Кеңес өкіметіне қарсы шығып, қуғынға ұшырады. Едәуір уақыт Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалап, «қашқын» атанды. Ақыры, 1923 жылы көктемде арнайы тапсырмамен шыққан комиссар А.Токарьевтің жазалаушы жасағы алыстан аңдып, түнде қоршап, қапыда айуандықпен өлтірді. Мергеннің екі қолы мен басын шауып алды.

Кейін Кейкінің басын Орынборға жөнелтті, астана Қызылордаға қоныс аударғанда Санкт-Петербордағы Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейіне алып кетті. Хан Кененің басын іздеп жүріп жазушы Д.Рамазан Кейкінікіне кезігеді. «Нөмiрi – 3383. «Череп знаменитого бандита казаха Кейки, уроженца Кайдаульской вол., Тургайского у., казненного в Советский период» деп жазылған құжатта» дейді ол.

…дейін
…кейін

Антропологиялық қордың кунсткамерасында сақталған Кейкінің бас сүйегі бұдан сегіз жылдай бұрын елге қайтарылды. Қазанның басында Астанаға жеткізілді. Сосын Мажарстанда ДНК сараптамасы жасалып, қалпына келтірілді. Екі айдан кейін бірқатар БАҚ бас сүйектің суретін жариялады. Жазуына қарағанда, мажарлық ғалымдар көп еңбек сіңірген. Антрополгтардың айтуынша, соққы жеті жерден тиген. Бас сүйектің сол жақ бөлігі мен шүйдесі опырылған. Тісі түгел талқандалған. Пластикалық-антропологиялық келбетін жасау кезінде бұл көп қиындық келтірген.

Кейкі батыр бас сүйегінің елге оралуы – елеулі тарихи оқиға. Оны қалың қазақ қуанышпен қарсы алды.

Кесенесі

2005 жылы Аманкелді ауданының «Тасты» ауылында Кейкіге табиғи тастан кесене тұрғызылып, ішіне мүсіні қойылды. Ал, бұдан сегіз жыл бұрын сол сағананың жанынан, қырдағы «Жалдама – Арқалық» тасжолының бойынан демеушілер қаржысына жаңа кесене салынды. Қыркүйекте мергеннің сүйегін жерлеу рәсімі өтті.

Кесене салуды Э.Нұралиева басқаратын астаналық «ЕL-DAANA» архитектуралық бюросы ұйымдастырды. Бұған дейін өзінің сәулет өнеріндегі жетістігімен танылған бұл бюро Арқалықтағы «Аллюминстрой» компаниясымен келісім-шартқа отырып, құрылыстың біраз бөлігін, атап айтқанда, кесененің күмбезі мен белгілі бір машық пен шеберлікті қажет ететін басқа да бірқатар жерін өзі салды.

Кесенесі

Айта кетейік, 2017 жылы маусымда Кейкі батырға қатысты тың дерек табуды алдына мақсат етіп қойған бір топ қоғам қайраткері енген экспедиция жолға шықты. Торғай даласын, Жыланшық өзенінің бойын сүзіп шықты. Сондай-ақ, тарихи оқиға төңірегінде пікірталас өткізді. Арқалық педагогикалық институтының ұжымымен кездесті. Қаладағы өлкетану музейіне көмек көрсетті.

Қазақтың қатпары қалың тарихы кеңестік кезеңде қатты бұрмаланып, елі үшін еңіреп өткен талай ер «жауыз», «бұзақы», «қарақшы» атанды. Соның бірі – Кейкі. Ол – есімі жаманатқа телінген, бар ісі-әрекеті теріс бағаланған, патша ағзам мен Кеңес өкіметінің саясатымен санаспай өткен тұлға. Тәуелсіздік арқасында ғана қолмергеннің елі қастерлеген есімі ақталды.

Кеше ғана салтанатты жиында жұртшылық осы ауылдың тумасы, ақын Мұқағали Сейітқазиновтың «Қорғасындағы» мектепке Кейкі есімін беру жөніндегі ұсынысын қызу қолдап, жоғарыға жеткізуге ұйғарым жасады. Құдай қаласа, ұсыныс иесі айтқандай, көкжал Кейкі атындағы мектептің оқушылары талай бәсекелі бәйгеде намысты қолдан бермей, көш бастайтынына күмән жоқ.

Әлібек ӘБДІРАШ,
Қазақстанның Құрметті журналисі.

Суреттер автордікі және әлеуметтік желіден алынды.

Кейкі үңгірін көргенде

Көкжал Кейкі, жыр арнадым бар тілмен,
Қиналғанда бере алды ма халқың дем?
Құн білетін қас жауларың басыңды,
Бағалапты ат басындай алтынмен.

Қолды сілтеп патша жарнамасына,
Қорғаушылар және ертпедің қасыңа.
«Кейкі» десе «Сары орыстар» селк етіп,
Қызылдардың қаны шапқан басына.

Ұлы болып ұлы қазақ ұлтының,
Мыңмен жалғыз сен де алыстың, шіркінім,
Бар сенерің астыңдағы атыңмен,
Мүлт кетпейтін болды берен мылтығың.

Тықсырғанда туған жерден жауларың,
Қорған еттің Қорғасынның тауларын.
Пана таппай қалың қазақ ішінен,
Тасты шауып «пәтер» салдың, Тарланым.

Болған шығар өзіңде де есеп шын,
Жансыздардан өріп жүрді өсек – сұм.
..Төсеніш қып тас үңгірде астыңа,
Ағаштардың шіріндісін төсепсің.

Тар қапаста кепті – талай кенезең,
Телмірерің тебен өтер терезең.
Ат бағарың қалың тоғай төменде,
Оқ қағарың өткел бермес өр өзен.

Қанша қорған болғанменен қия шың,
Көкжал – Кейкі, оған қалай сиясың?
Сол үңгірің елестетіп тұр көзге,
Қыран құстың қол жетпейтін Ұясын.

Мұқаш СЕЙІТҚАЗИНОВ.
Шеңбер ауылы.

 

Бөлісу32Твитерге20

Көп қаралған

  • Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

    Қаныш Сәтбаев және Жезқазған

    1638 бөлісті
    Бөлісу 655 Твитерге 410
  • «Даналық мектебі» – тәрбие тірегі

    1538 бөлісті
    Бөлісу 615 Твитерге 385
  • Бағаналының Сағындық батыры

    895 бөлісті
    Бөлісу 358 Твитерге 224
  • Мақал-мәтелдің маңызы

    864 бөлісті
    Бөлісу 346 Твитерге 216
  • Кеңгірбай бидің батасы

    629 бөлісті
    Бөлісу 252 Твитерге 157
  • Редакция
  • Газет тарихы
  • Жарнама
  • Баспасөзге жазылу
  • Байланыс

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Экономика
    • Әлеумет
    • Қоғам
    • Өнер
    • Білім
    • Зерде
    • Спорт
  • «Қазақмыс»
    • Өндіріс өрісі
    • Өндіріс өрендері
    • Топжарған
    • «Қазақмыс» құрылымдарында
    • «Қазақмыс»: әлеуметтік серіктестік
    • «Қазақмыс»: қолдау
  • Кәсіподақ тынысы

© 2025 © «Мысты өңір» газетінің редакциясы» ЖШС.

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру