Көрген көзді сүйсіндіретін оны мен жапан даладағы Жаман-Айбатты еңбек күйіне бөлеген «Жомарт» кенішінің 600 метр тереңдіктегі кені алынған кеңістігінен (забой) кезіктірдім.
Адамның ойына келмейтін осындай идеяға мұрындық болған қауіпсіздікті қамтамасыз ететін торкрет-бетон телімінің бастығы Ақбейсен Қайырбеков екен. Жалпы өндіріс пен өнерді қос қанатына айналдырған ол туралы әріптестері жыр қылып айтады. Ақберен азамат жайында жеке қалам тербейтін де сәт туар. Бүгін киізүймен шектелмекпіз.
Ашық ақпарат көзіне (википедия) сүйенсек, көшпелі халықтың төлқұжаты іспеттес киіз үй ғұн дәуірінен белгілі көрінеді. Түрік тіліндегі «jurt» пен орыс тіліндегі «юрта» деген сөз «жұрт» деген мағынаны білдіреді екен. Ал, біз орыстың өзіне түркітілінен енген осы сөздің мән-мағынасын жете түсінеміз бе, киіз үйдің қанша түрі болғанын білеміз бе? Әй, қайдам?!
Тағы да ашық ақпарат көзіне жүгінейік: атауы «Ордадан» басталып, «Ұрыңқаймен» аяқталатын 15 киіз үйдің түрін тізіп қойыпты. Алғашқысына: «салтанатты, жоғары мәртебелі адамдар басын қосатын, елдік мәселе шешетін немесе аса құрметті хан, би, сұлтан отыратын үй. Мұның да бірнеше түрі бар», кейінгісіне: «сидам ағаштан басын түйістіріп тігілген үй» деген сипаттама беріліпті.
Жете түсінбейтінімізге тағы бірер мысал. Біз мемлекет басшылығы отыратын кескіні келісті ғимаратты «Ақорда» деп жазуға әуеспіз. Ал, қазақ 12 қанатты киіз үйді «Ақ орда» деп атаған екен. Кейде той-томалақ туралы мақалада: «ақшаңқан киіз үйлер тігілді» деп жазып жатамыз. Қазаекем 18 қанатты киіз үйді «Ақшаңқан» деп атапты. Енді қолданып жүрген тең еуіміз қаншалықты үйлесімді екенін өзіңіз безбендей беріңіз.
Киіз үйдің қандай түрі болса да жіктеуге жатпайтын жалғыз бұйымы, ол – шаңырақ. Оны мекенжай ғана емес, тылсым дүниемен табыстыратын, қаскөй рухтан қорғайтын қасиетті баспана деп бағалаған қазақ киіз үйдің киесі арайлы күннің үлгісіндей шырайлы шаңырақтан басталатынына имандай сенген. Шаңырақ көтеріліп жатқанда ешкім сөйлемеген. «Жетi уық шаншылғанша жетесiз ғана сөйлейдi» деген сөз содан қалған.
– Кеншілікке арналған отыз жыл өмірімнің тура жиырма жылы осы кеніште өтті. Өндірісі вахталық әдіспен ұйымдастырылған бұрынғы «ЖаманАйбат», бүгінгі «Жомарт» – үш жүздің өкілі бас қосқан кеніш. Себебі, бізде еліміздің кез-келген өңірінен келіп жұмыс істеп жатқан өренді кездестіресіз. Ал, енді осындай ерекше кеніштің өзгеге ұқсамайтын өзіндік белгісі болуы керек қой:?
Көп ойландым. Ақыры шахта шыңырауына қазақтың ұлттық болмысын бедерлейтін киіз тігіп қойсақ қалай болар екен, деген тоқтамға келдім. Ол ойымды бірден мақұлдаған, хал-қадірінше көмегін берген кеніш басшылығы мен әріптестеріме дән ризамын. Киіз үйдің іші-сыртын безендіруге бір жылдай уақыт кетті. Вахтамен істегесін белгілі ғой, жарты айың кеніштен жырақта өтеді, осындағы он бес күніңде жұмыстың арасында бірер сағат уақыт табуға тырысасың.
Жеті қат жердің астында демесең, қазақты киіз үймен қайран қалдыра алмайсың. Ал, осында азын-аулақ аялдап, сүрет пен қазы-қартаның дәмін татқан, артынан сүт қатқан қою шайды құмарлана ішкен шетелдік делегация өкілдері таңдайын қағып, таңқалып жатады. Өзім мұны қазақтың ұлттық салт-дәстүрін насихаттаудың бір тәсілі деп білемін, – дейді Ақбейсен Қайырбеков.
Ақбейсеннің азаматтығына қалай тәнті болмайсың?!
Әлібек ӘБДІРАШ.