«Жыланды» кенішінде «КәсіпҚорған» кәсіподақ комитетінің төрағасы Сәкен Смағұлов кеніштің шаруашылық-тұрмыстық бөлімі меңгерушісі Б. Үсенғалиевпен бірге кеніштің жылу маусымына дайындығын пысықтады.
Төраға әуелі кенішке жылу беретін көмір қазандығының жұмысымен танысып, ондағы температуралық режимдердің нормаға сай екендігіне көз жеткізді. Мұндағы пеш жағушы жұмыскерлермен сөйлесіп, олардың жұмыс режимімен танысты. Көмір қоры да назардан тыс қалмады. Одан кейін жұмыскерлердің жуынатын бөлмелерінің жағдайын қарады. Мұнда суға түсу бөлмелеріндегі ағымдағы жұмыстардың барысымен қанықты. Жөндеу жұмыстары кезінде де жұмыскерлерге жуынуға жағдай бар. Осы секцияда 50 себелегіш бар.
Суға түсу бөлмелері толық жұмыс істеп тұр. Жалпы, бір мезгілде кеніште 140 себелегіш жұмыс істейді деп айтып өтті шаруашылық- тұрмыстық бөлімі меңгерушісі Бауыржан Үсенғалиев. Сонымен қатар, арнайы киімдерді беру, оларды жуу, тігіп-жамау бөлімдерінің жұмыстарымен танысқан Сәкен Смағұл кеніш жұмысшылары үшін шаруашылық-тұрмыстық бөлімнің жасап отырған жұмысына оң бағасын берді.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.