Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылдың қыркүйек айында Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында елдегі кен өндірісін жаңа технологияға негіздеу қажеттігін айтқан болатын. Бүгінде кен өндіру ісі экономиканы дамытудың басты көрсеткіші деңгейіне жетті.
Кен орындарын қауіпсіздендіре отырып, оның өнім өндірудегі қуатын арттыруға компаниялар баса мән беруде. Солардың қатарында — «Қазақмыс» корпорациясы да бар. Корпорацияның Қарағанды өндірістік аймағында екі мыңыншы жылдың бас кезінде еңсе тіктеген «Нұрқазған» кенішінің жылдық кен өндіру көлемі артып келеді. Соның есебінен жер асты конвейер желісін созу үдерісі қолға алынды. Осы жағымды жаңалықпен бөлісу ниетімен кенішке арнайы сапарлап келдік.
Кеніш директоры Мұқан Үңгітбаевтың іскерлігінің арқасында, ұжымдағы білікті мамандардың бірлесуі нәтижесінде шахтадағы конвейерді ұлғайту жұмыстары қолға алыныпты. 700 метр тереңдіктегі кенді іргелес «Нұрқазған» фабрикасына шашпай, төкпей жеткізуде конвейер желісінің атқаратын рөлі өте маңызды. Атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көру үшін шыңырауға түстік. Өндірістік бөлім басшысының міндетін атқарушы Азамат Есенов, конвейер телімінің басшысы Әлішер Тлегенов пен «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов бастаған топ мені қызу құрылыс жүріп жатқан алаңға алып барды. Конвейер бөлімінің басшысы Әлішер Тлегенов қазіргі таңда жүзеге асып жатқан жұмыстарды баяндап берді:
– Өзіңіз көріп тұрғандай, конвейерлік желінің ұзындығы қазіргі күні 4,2 шақырымды құрайды. Жоспарға сәйкес, 0 деңгей жиектен – 60 деңгей жиекке құрылыс-механикалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстарды Ғазиз Омаров атындағы шахтапроходкалау тресі мен мамандандырылған құрылыс-механикалық басқармасы қолға алды.
Жобаны толық аяқтау шілде айына белгіленген. Конвейер желісін ұлғайту арқылы біз 2025 жылы кенді ұнтақтаудың көлемін арттыруды көздеп отырмыз. Конвейер желісінің құрылысы толық аяқталған соң оның аумағы 5 шақырымды құрайды. Қазіргі тәуліктік норма 12 мың тонна болса, келер жылы одан да қуатты көлемге шығамыз, – деді Әлішер Тлегенов.
«Қарағандытүстімет» ӨБ қарасты «Нұрқазған» кеніші ұнтақтау құрылғыларын қуатты көлемге шығара отырып, өнімді ұлғайтуға көңіл бөліп отыр.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
P.S: «Нұрқазған» кенішіне сапар жайлы толық мақаланы газеттің келесі номерінен оқи аласыздар.