Мерейтой тартымды басталды. Ағыл-тегіл тілектер айтылып, ән шырқалып, би биленіп жатты. Көршілерге сөз берілгенде жас шамасы жетпістен асқан кісінің лебізі көпшілікті елең еткізген. Сөз саптасы орнықты. Көпті көргендігі, көңілге түйгені де мол екендігі бірден аңғарылды. Әлгі кісі мерейтой иесі Айшамен көрші болғандарына жиырма жылдан астам уақыт өткенін тілге тиек ете келіп:
– Отбасымызбен жақын араласқанымыз сонша, тумасақ та бірге туған жандардай боп кеттік. Мен Айшаны аса кеңпейіл жан дер едім. Кейінгі жастарымыз бұл сөздің мағынасын түсіне бермес. Сендер ұғып алсын деп айтып тұрмын, кеңпейіл деп біз кімді айтамыз? Кеңпейіл – көңілі кең, адал ниетті адам. Кеңпейіл – қолына алған істі бар ынта-жігерімен беріле атқаратын еңбекқор. Кеңпейіл – өзінің ниет-пиғылын, шынайы ықыласын бір арнаға тоғыстырған, адамгершілігі биік құрмет иесі. Міне, мен білетін қарындасым Айша – осындай кеңпейіл жан, – дей келіп, Қайрат есімді әлгі кісі мерейтой иесіне ақжарды тілегін айтқанда көпшілік дуылдата қол соқты.
Айшаны жете білетіндер көршісі Қайрат оның бүкіл тағдырын, болмыс-бітімін «кеңпейіл» деген бірауыз сөзге сыйдырғанына риза болысты.
Асхананың жұмысы белгілі ғой. Ерте тұрып, кештете қайту үйреншікті жайға айналғалы қашан. Соңғы оншақты жыл бас аспаз болып жүрген асхананы Айша өзіне жекешелендіріп алғалы тіпті тыным көрмей кетті. Бұл қоғамдық тамақтандыру орны түгелдей бюджеттен қаржыландырылып келгенде еш алаңсыз жұмыс істеген екен ғой. Қазір тіпті басқаша. Тиын-тебеннің бәрін өзің табуың керек. Ол үшін ең бастысы тамағың дәмді болуы қажет. Сонда асханаға келушілер легі көп болмақ. Бұл – айтуға оңай. Айша бар жұмысты жаңаша ұйымдастыруға ден қойған.
Ол сол күні жұмыстан кештете келген. Табалдырықтан аттай бере сәбидің күміс күлкісі құлағына жеткенде аңтарыла тұрып қалды.
– Мама! – деп мойнына асылған Зәуре. Оны сықылықтай күле артынан қуып келген екі-үш жастағы ұл бала сәл тосырқай тұрып қалды да, «Зәуреден мен де қалмайын» дегендей-ақ ол да «мама» деп қызымен қосарлана мойнына асылған. Сүп-сүйкімді баланың қылығына Айша мейірленіп кетті.
– Мұның аты Алмат, – деді Зәуре. Басында Айша бір көршінің баласы екен деп ойлаған.
Ас бөлмеде тамақ пісіріп жатқан үлкен қыздары Сәуле ересек адамдай байыппен сөйлеп, анасына әңгіме тиегін ағытты:
– Папам Алматты ертіп әкелді. Оның мамасы ауруханаға түсіп қалған көрінеді. Қарайтын басқа ешкімі жоқ екен. Папам екеуміз шомылдырдық. Сосын тамақ ішкіздім.
– Сәуле, не, сабағыңа бармағансың ба?
– Мама-ау, бүгін жексенбі емес пе. Дүкенге апарып, папам екеуміз біраз киім алдық Алматқа. Өзі ешкімді жатырқамайтын бала екен. Папамды да «папа» дейді. Жаңа сізге де «мама» деді ғой…
– Ләйла әлі би үйірмесінен келмеген бе? – деп сұрады ортаншы қыздары туралы. «Папаң қайда?» деп сұраған жоқ. Талғат бүгін кешкі самолетпен Алматыға екі-үш күндік іссапарға баратынын айтқан.
Зәуре мен қонақ бала бірін-бірі қуып, асыр салып ойнап жүр. Төрт бөлменің бірінен біріне кіріп, өздері тыным табар емес. Осы кең пәтерді алғандарына бір жыл болып қалды. Көпшілік «обкомовский» атап кеткен үй. Екінші қабатта. Қарсысындағы бала-шағалы Қайрат ағамен көрші ретінде алғашқы бетте-ақ жақсы араласып, танысқаны сонда. Талғат қызметі көтеріліп, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасарлығына тағайындалғанына көп бола қойған жоқ.
Айшаның ойын мына «қонақ» бала сан-саққа жүгірткен. «Ол шынымен Талғаттың ұлы ма?» – деген сұрақты іштей қайталай берген. «Талғат алдындағы хатшы қызынан ұлды болыпты» – деген сыпсың құлағына жеткен. Айша бұл естігеніне сонша мән бермеген. Жалпы, әйел болып, өсек-аяңға, әңгіме-сөзге әуестігі жоқ болмысымен сабырлылық танытқан. Желеу сөзге еріп, сүйіп қосылған жарынан қазбалап сұрамаған. Сол сыбыс есіне енді оралып отыр.
Отырса да, тұрса да «Бұл бала шынымен Талғаттың ұлы ма екен?» деген сауал қайта-қайта көкейіне орала берген… Талғаттай сымбатты жігітке кім қызықпайды. Өзі де оны құлай сүйіп, жиырма жасында тұрмысқа шықты емес пе. Жұбайы сол кезде-ақ іскерлігімен, алғырлығымен қатарынан озық көрінді. Қызметке ерте араласты. Айша Талғатты үйішілік күйбеңге араластырмады. Анасынан көрген тәлім-тәрбиесі осылай еді. Әкесі де небір үлкен басшы қызметте болған. «Әйел адам үйдің берекесін кіргізуге міндетті», – деген ана өсиетін жасынан бойына сіңіріп өсірген Айша.
– Зәуре, кешкі асымызды ішейік. Алматты да алып кел, – деп Айша аузын жиғанша үйге Ләйла келіп кірген.
– Тәте келді, тәте, – деп Алмат жүгіре оның алдынан шықты. Күндіз бірін-бірі көргенде бауыр басып үлгергенін көрмейсің бе.
Дастарқан басына келіп отырған балаға Айша көз тоқтата қараған. Енді аңғарды Талғаттың аузынан түскендей. Аумаған бет-бейнесі кімнің баласы екенін айтпай ұқтырып тұрғандай. Құдайдың құдіреті, кіп-кішкентай жүрегі мына қыздармен қаны бір екенін сездіріп тұрған шығар. Келе сала олармен бауыр басып үлгергендігін енді неге жоруға болар. Айшаның көңіл көзі соны ұқтырған. Қыздарының да мына баланы жатырқамай, дәл бауырындай іштартуын көрмейсің бе!
… Айша тұрмысқа шыққанына бір жыл толар-толмаста тұңғышын дүниеге әкелді. Сол Сәуле қазір он алтыда. Тоғызыншы сыныпта оқиды. Одан кейін араларына үш жылдан салып екі сәбиін туды. Үшеуі де қыз бала. Айша бір ұлды болсам деп армандаушы еді. Талғат та үшінші баласының ұл болуын қалағанын сездіріп қалғаны бар. Бірақ ол ойлары орындалмады. Тіпті күдер үзе бастаған.
Айша Талғат үйде болмаған үш-төрт күн ішінде небір ойға беріліп, оны жазғырарын да, жылы қабақпен қарсы аларын да білмей дал болған. Бір ғана ұққаны кішкентай «қонақ» осы үйдің сәнін келтіріп, әлдебір жетпей тұрған ойсыраған олқылықтың орнын толтырғандай. Талғат егер баланы шешесіне қайтып апарып беремін десе, не демек? Ана қыздары да Алматтан еш айрылғысы жоқ, сірә.
Талғат та аса қобалжулы еді. Айша әйелдікке салып, тосын мінез танытар ма екен деп ойлаған. Долырып, ашуға басар реті бар. Бәрін естіп-біліп отырған болар. Жылы қабақ танытпасы анық. Енді ше, қай әйел мұндай өрескелдікті кешіре қойсын! Кешкі рейспен ұшып келетінін білетін үй-іші өзін қалай қарсы алар екен деген мазасыз оймен табалдырықты аттаған.
– Ура! – деді қуана Зәуре. – Алмат, папамыз келді.
Барлығы кешкі асты мәре-сәре отырып ішіп-жеді. Алматтың әр әрекетін, әр сөзін қызықтап мәз болысқан.
Өздері оңаша қалған сәтте Талғат:
– Айша, естіп-біліп жатқан шығарсың. Осындай іс болды. Мені қалай жазғырсаң да орынды. «Мына балаңды қайда апарсаң, онда апар. Тек көзіме көрсетпе!» демегеніңе рахмет, Айша. Егер келісім берсең, Алматты өз атымызға жаздырып алайық? Бұған қалай қарайсың? – деген.
Айша «келіспеймін» дей алған жоқ. Тек бар болғаны: – Шешесі қайда? – деп сұраған.
– Шешесінің баламен ісі жоқ. Ішімдікке әуестеніпті. Алмат оншақты күн жалғызбас-
ты көрші кемпірдің үйінде болыпты. Шешесін маскүнемдікке салынғандарды емдейтін мекемеге апарып жатқыздым. Оның ана тұрғысындағы құқын айыруға қажетті құжаттардың бәрін дайындап қойдым. Сот арқылы баланы өз атымызға жаздыруға тек сенің келісімің ғана керек болып тұр, – деген Талғат өтінішті үнмен.
***
Арада жылдар зырғып өтіп жатты. Айша кейінірек Алматты туған анасындай айналып-толғанып отырып:
– Алматымның аяғы құтты болды. Осы күнім ғой отбасымызға қызық-қуанышын ала келген, – дейтін. Ол сөзінің жаны бар. Айтса айтқандай-ақ, араға жыл салып, аяғы ауыр болып қалған. Содан қырыққа келіп «қартайғанда» ұлды болды. Атын Қанат қойды. Бұл жаратылыстың шеберлігін қойсайшы, екі ұл да бір-бірінен аумайды-ау. «Талғаттың баласымыз» дегенді айтпай аңғартып тұр.
Көп ұзамай папаларының да қызметі өскен. Облыстық сауда басқармасының басшысы қызметіне тағайындалған.
Айшаның жұмысы да жеміссіз емес. Асханасының жанынан екі қабатты тойхана бой түзеген. Маңдайшасындағы «Сәуле» деген атауы «менмұндалап» тұр. Орта мектепті бітірген соң анасының аспаздық кәсібін таңдаған тұңғыштарының атын қойған. Сәуле басында анасының көмекшісі болып жүр еді, кейін тойхананың бар басшылығын өз қолына алған. Қаладағы алғашқы болып ашылған тойханаға жұртшылық кемінде екі-үш ай бұрын жазылып қоятын болған.
Айша «Бастықтың әйелімін-ау», – деп асып-тасыған жоқ. «Коммерциям дүрілдеп тұр», – деп мардамсыған мінез танытқан емес. Әдеттегідей жұмысын беріле атқаруымен қарамағындағылардың құрмет-қошеметіне бөлене білуде.
«Тәңірі жазған тағдырға шара бар ма көнбеске?!» – деген ғой сөздің қадірін білетін бабаларымыз. Иә, тағдыр жазуы солай болса, қолдан келер не шара! Бұлтсыз ашық аспан астында күн күркірегендей жай болды. Талғат елу үш жасында жол апатынан қаза тапты. Ауыр қайғы Айшаны есеңгіретіп кетті. Бұл өмірдің мәні енді қалмағандай көрінген. Құр сүлдері қалды. Жаман түс көргендей ұйқылы-ояу күй кешті.
Тірі адам тірлігін жасайды екен. «Жақынның қадірін басыңа іс түскенде білерсің», – дегендей-ақ, қатар жүріп сыйласқандары Айшаның қасынан табылды. Көңіліне демеу берді. Болған іске болаттай берік болуы қажеттігін айтып, құлағына құйып бақты. Талғатының ғұмырының жалғасындай оның ұрпақтары барына шүкіршілік етуі керек екен. Әкелері үш қызын құтты орнына қондырып, қызық-қуанышына бөленіп үлгерген екен. Тек екі ұлының отау құруын көруін тағдыр жазбапты. Сол балаларына енді әке жоқтығын сездірмеу міндеті өзіне қатысты екенін ұғыну Айшаның есін жидырып, ширатқан еді.
***
Қазақ үшін күз – той-думан маусымы. Жайдары жазда-ақ күздегі той күнін алдын-ала белгілеп қою өздері үшін үйреншікті жайт. Бастары қосылып қалған бір сәтте Қалдыгүл:
– Әй, қыздар, 5 қазан биыл тура сенбі күнге келіп тұр екен, – десін қуана.
Қаншама жыл өзімен бірге келе жатқан Қалдыгүлдің сөзіне елең ете қалған Айша:
– Жайша ма, сол күнге жоспарлаған қуанышың бар ма еді? – десін.
– Иә, иә. Қуаныш болғанда қандай! Бұл күнді біз думандатып атап өтуіміз керек. 5 қазан сенің туған күнің емес пе, Айша. Жай ғана туған күн емес, алпысқа толар мерейтой күнің. Тойды өзіміз өткіземіз, қыздар желпініп отыр. Сен еш алаңдама, тек қонақ болып келсең болғаны. Сәулеге де айтып қойдық. 5 қазан біздің той өткізетін күніміз екендігін, – деді Қалдыгүл өздерінің ұйғарымын жай өзіңе ескертіп қойғаным ғой дегенді аңғартып.
Бір үйдің жандарындай болып кеткен ұжымының ұйғарымына қарсылық білдірудің еш қисыны жоғын аңғарған Айша ештеңе айта алмай қалды. Күні бойы Қалдыгүлдің сол сөзі есінен шықпай қойып, біртүрлі толқу үстінде кешке үйінің табалдырығын аттаған.
– Әжем менікі. Сен мамаңның баласысың, – деп Алматтың бес жастағы Назгүлі үштегі інісі Жанатты итермелеп, жолатпай әжесінің мойнынан құшақтаған.
– Мама, сүйінші! Ұлыңыз білдей инженер деген дипломын алып келе жатыр. Алмат күтіп алуға вокзалға кетті, – деді келіні Айгүл қуанышты хабарды жеткізуге асығып. – «Мамама айтпай келіп, тосын сый жасаймын» деп еді Қанат… Аузыма сөз тұрмайтын мен айтып қойғанымды қарашы! Мама, сіз білмеген болыңыз, иә? – деді Айгүл өзін ақтай.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.