Олар – шахта шыңырауында шұрайлы шикізат өндірген забойшыларға жол ашатын проходкашылар. Тау жынысын қопарып, кен көмбесіне соқпақ салу оңай шаруа емес. Ол кәсіби шеберлік пен қажымас қайратты қажет етеді. Оңтүстік Жезқазған кенішінің №45 шахтасындағы №26 телім ұжымы кен өндірісіндегі осы күрделі үдеріспен айналысады.
– Ұжымда 39 адам еңбек етеді. Айына 180 қума метр проходка өту жөніндегі жоспар орындалмай қалған кезі жоқ. Өткен жылы айлық тапсырманы ұдайы асыра орындау арқасында жыл межесінен мерзімінен бұрын көрініп, Барыс жылын жаңа қарқынмен бастадық. Тәжірибелі проходкашылар Жүзбай Төлегенов, Серік Омарбеков, Ғабидолла Сейдахметов ұжым ұйтқысына айналған. Тірлік Ахметжанов, Жандос Момбек сияқты жастар келешегінен үлкен үміт күттіреді, – дейді телім бастығы Медет Мұқанов.
Медет – Жезқазған агротехникалық колледжінің 2005 жылғы түлегі. Еңбек жолын осы кеніштің №65 шахтасындағы №11 телімде кен шебері болып бастады. Телім бастығы Мақсұт Жолдасбаевты алғашқы тәлімгері санайды. Одан үйренген өндірістің қыр-сыры өз алдына, адаммен қарым-қатынас жасаудағы мол тәжірибесі 2008 жылы №26 телімге бастық болып тағайындалғанда көп кәдеге жарады.
– Мен Оңтүстік Жезқазған кенішіне 1988 жылы слесарь болып орналасқан едім. Жиырма жылдан кейін проходкашы болып ауыстым. Ескі технологиямен жұмыс істегенді де көрдік. Қазір қолданып жүрген «Мономатик» қондырғысы одан көн ілгері. Әрине, өндірістік жоспардың ойдағыдай орындалуы – әріптестерімнің еселі еңбегінің арқасы. Әрқайсысы ортақ табысқа сүбелі үлес қосуға ұмтылады, – дейді Жүзбай Төлегенов.
Проходкашылар Қайсар Мамедов, Талғат Досов, Азамат Абелдинов, Темірлан Төлеген, Тірлік Ахметжанов және Данияр Әлкеновпен ауысым алдында жолықтық. Жеті қат жер астындағы жұмыс орнына жиналған жас жігіттердің жинақы қимылы, жайдары жүзі, қанжығаласқан қалжыңы кезекті еңбек вахтасының табысты өтетінін аңғартқандай. Негізі еңбек адамына қамқорлық, оның әлеуметтік қорғалуы кеніште кез-келген өндірістік мәселе сияқты алдыңғы қатарға қойылған.
Еңбек адамының өмірі мен денсаулығы, оған қауіпсіз жұмыс жағдайын жасау, құқығы мен әлеуметтік кепілдігін қорғау «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы қызметінің басты бағытына айналған. Әрбір мүшесі өзін әлеуметтік жағынан толық қорғалғанын сезіну үшін көптеген іс-шара қолға алынған. Өндірістік жарақаттың алдын алу және оның деңгейін төмендетуге бағытталған байқаулар өткізіліп тұрады. Кәсіподақ ұйымының ұйтқы болуымен шахталар арасында әртүрлі спорт жарыстары өткізіледі.
– Табиғат аясына шығып тұру қалыпты жағдайға айналған. Қиналып қалғандарға қол ұшын береміз. Мүмкіндігіне қарай әлеуметтік мәселелерді шешуге ұмтыламыз. Кәсіпком төрағасы ретінде ай сайын белсенділердің басын қосып әкімшілік-тұрмыстық кешені қызметі, асхана жұмысы, арнаулы жұмыс киімімен қамтамасыз ету, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау, өндірістік көрсеткіштер мәселелерін талқылаймыз. Түскен бірде-бір өтініш-ескерту ескерусіз қалмайды, – дейді «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы кеніштегі кәсіпкомының төрағасы Алмаз Қоңырқұлжинов.
Әлібек ӘБДІРАШ.
Суреттерді түсірген автор.