Жаңадан құрылған Ұлытау облысы өзінің жылнамалық парағын мерейтойлармен ашты. Өткен жылы жері кенге бай Жәйрем кентінің 50 жылдығын дүйім ел болып тойласа, биыл қазыналы Қаражал қаласы 60 жылдығын арқа-жарқа атап өтті. Ал, күні кеше кеншілер шаһары Сәтбаев өзінің 50 жылдығын дүбірлетіп өткізді.
Тарихтан там-тұмдап
Сәтбаев қаласының тарихы Жезқазған кенді аймағын жан-жақты зерттеп, оның қазба байлықтарын игеруде өлшеусіз еңбек сіңірген қазақтың ұлы ғалымы, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімімен тікелей байланысты. Іргетасы сонау 1954 жылы жұмысшы пөселкесі ретінде қаланып, Никольский аталған бұл мекен 1973 жылы қала мәртебесін алса, 1990 жылдың 13 қыркүйегінде шаһарға өңір өндірісінің негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтің есімі берілді.
Қаныш атындағы қала жыл сайын өсіп, өркендей түсуде. Топырағында дананың ізі қалған қалада бұл күндері Қ. Сәтбаев атындағы көше, мектеп, ғалымның ескерткіші бой түзесе, ең бастысы қазақтың біртуар ұлының ізбасарлары жарқын істердің жасампаз жалғастырушысы бола білуде.
«Той атымен тон бітер»
Міне, тарихы тереңде жатқан, келешегі кемел кенді қала биыл өзінің жартығасырлық мерейтойын атап өтті. «Той атымен тон бітеді» демекші, осы мерейтой қарсаңында қалада қадау-қадау шаралар жүзеге асырылды. Енді соларды шама-шарқынша баяндап берейік.
Мерейтой қарсаңында қала орталығынан заманауи «Movie Star» кинотеатры ашылды. 80 орынға арналған залда қаланың 50 жылдығына арналған «Қаныштың қаласында» атты деректі фильмнің тұсауксері өтті. Қала тарихының құрылуы, оның қарыштап дамуына үлес қосқан жандар жайлы фильм көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерейтой қарсаңындағы тағы бір айшықта шара – қос қаламгердің туындысының тұсаукесері өтті. Оның бірі – Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Мұса Тілеуовтың «Тауларға таулар тамсанар» атты жыр жинағы.
Сондай-ақ, той қарсаңында тұсауы кесілген екінші кітап «Кенді өлкенің қазығы» деп аталады. Кітаптың авторы – Қазақстан Республикасы Журналистер одағының мүшесі, журналистика саласының ардагері Мәди Әлжаппаров. Кітап Сәтбаев қаласының мемлекеттік архивінің құжаттары негізінде жазылған. Мұнда кенттің тарихы және осында дүниеге келіп, ел өмірінде айрықша із қалдырған тұлғалардың бейнесін айшықталған.
Мерейтой салтанаты
Сәрсенбінің сәтінде 50 жылдық тойдың салтанатты шаралары өтті. Оған Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов арнайы келіп қатысты. Салтанатты шара Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды.
Ұлы академик Қаныш Имантайұлының есімін арқалаған кеншілер қаласының 50 жылдық мерейтойына арналған салтанат Шынболат Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында жалғасты. Жиында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы қала халқы мен қонақтарын айтулы күнмен құттықтап, өңірдің өркендеуіне өздерінің сүбелі үлестерін қосқан бір топ азаматты облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады.
– Биыл Сәтбаев қаласында 30 пәтерлі 1 тұрғын үйдің құрылысы аяқталса, тағы үшеуі салыну сатысында. Одан бөлек 25 мың шаршы метр қалаішілік жол орташа жөндеуден өткізіліп, 20 ойын алаңының құрылысы аяқталды.
Ал, келер жылы қалада 320 орындық балабақша, Оқушылар сарайы қолданысқа беріледі және өнер мектебін салу жоспары тұр.
Одан бөлек, облыста алғаш рет «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 8-шағынауданда 900 орындық мектептің құрылыс басталмақ. «Нұрлы мекен» шағынауданында 140 орынға арналған балабақша құрылысын бастап, бюджет есебінен 5 үй, инвестор есебінен 13 үй салу көзделіп отыр, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Салтанатты жиында Сәтбаев қаласының 50 жылдығына орай қаланың дамуына елеулі үлес қосқан Тұрсынбек Макишев және Тұрсынбике Сәдуақасоваға Сәтбаев қаласының Құрметті азаматы атағы табыс етілді. Сондай-ақ, қаланың бүгінгі келбетін қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірген 26 азаматқа «Сәтбаев қаласына – 50 жыл» мерекелік медалі табысталды.
Салтанатты жиын концерттік бағдарламамен өрнектелді.
Той қызығы
Мерейтой құрметіне кеншілер қаласының орталық көшелерінің бірі – Сәтбаев даңғылы бойында «Қазақмыс» корпорациясының өндірістік мекемелері, Сәтбаев қалалық жылумен, сумен жабдықтау кәсіпорны, «Ауыл» партиясының облыстық филиалы мен қалалық мәслихат киіз үйлер құрды. Қала кәсіпкерлері киіз үйлерде дастарқан жайып, қала тұрғындарына ұлттық тағамдардан дәм татқызды. Ауылдарға бөлінген киіз үйлерді облыс, қала басшлығы, құрметті қонақтар аралап шықты.
Әр ауыл өз киіз үйлерінің маңында кішігірім байқау ұйымдастырды. Арнайы құрылған комиссия киіз үйлерді ішінің әрленіп, әсемделуіне қарай түрлі номинация бойынша бағалады. Қорытындысы бойынша сыйлықтар табысталды.
Айтпақшы, бұл күні өмірге сәби әкелген аналар да сый-сияпаттан құр қалған жоқ. Қала әкімі Шапағат Әубәкір перзентханаға арнайы барып, жас босанған аналарға «бауы берік болсын» деген ақ тілегін айтып, сый-сияпатын жасады.
Бұл күні үш сәби дүние есігін ашты. Жас ана Гүлбану Қабышева тұңғыш қызын дүниеге әкелсе, Мейрамгүл Қадырова үшінші сәбиін босанды. Ал, көп балалы ана Әлия Долгоспаева бесінші сәбиіне жарық сыйлады. Барлық аналар мен сәбилердің жағдайы жақсы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.