«Адам – еңбегімен даңқты» деп жатамыз ғой. Шын мәнінде солай. Адал еңбекпен абыройға кенелу, құрметке ие болу адамның басына қонған бақпен тең. Мыңдаған кенші мен байытушының арасында еңбегімен ер атанғандар баршылық. Әсіресе, кен өндіру ісінде қарапайым еңбек адамының салаға қосқан үлесін бағалаудың жөні бөлек.
Мен сөз еткелі отырған екі кейіпкер кен өндіру саласында өндірістің жілігін шағып, майын ішкен майталмандар. Олардың омырауында қазіргі таңда үш бірдей «Кенші даңқы» төсбелгісі жарқырайды. Әрине, бұл атақ оларға жайдан-жай беріле салған жоқ. Өздері қалап алған мамандыққа деген адалдық пен өндірісті өркендетудегі іскерлігінің арқасында жетті.
Ерболат Бүркітбаевтың кенші мамандығына келгеніне 25 жыл толыпты. Әскери міндетін орындап келген соң Астанадан Сәтбаев қаласына келген Ерболат Канспекұлы Жезқазған шахтапроходкалау тресіне үңгілеуші болып жұмысқа қабылданды. 1998 жылдан 2006 жылға дейін трест қарамағында үңгілеуші болды. Бұл кезде жаңадан қатарға қосылып жатқан шалғайдағы «Жомарт» кеніші енді еңсе түзеп келе жатқан болатын.
Ерболат Бүркітбаев 2006 жылы «Жомарт» кенішінің №2 кен өндіру телімінде бригадирлыққа бекітілді. Жауапкершілікті сезіне білетін жас жігітке бригаданың тізгінін басшылық сеніммен тапсырды. Ерболат сол сенімге селкеу түсірмей, бригаданы 2020 жылға дейін алға жетеледі. Кен өндіру жоспарын бригадасымен бірге белгіленген межеден асыра орындады. Ерболат Канспекұлы кәсіби шеберлігінің арқасында көзге түсіп, еңбегі елене бастады. «Қазақмыс» корпорациясы басшылығынан алған Құрмет грамоталарын санамағанда үңгілеу жұмыстарын қауіпсіз әрі мерзімінде орындағаны үшін 2007 жылы алғаш рет «Кенші даңқы» төсбелгісін омырауына тақты. 2013 жылы саладағы үздік көрсеткіші үшін екінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ие болды. 2018 жылы бірінші дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісін алып, осы белгінің толық кавалері атанды.
Ерболат Бүркітбаев еңбекке деген құлшынысының арқасында осындай марапаттарға ие болды. Ол жауапкершілікті ту ете отырып, бригадасын да табысқа бастап жүрді. Өндірістік көрсеткіштерді саралағанда Бүркітбаевтың бригадасы үнемі алдыңғы қатарда жүрді. Бұл оның өз ұжымына, кәсібіне деген адалдығының белгісі еді. 2020 жылға дейін кен өндіру телімінде еңбек етіп, сол жылы «Жомарт» кенішінің сорғы қондырғысы машинисі болып ауысты.
– Кен өндірісімен өмірімді байланыстырған ширек ғасыр ішінде біраз дүниені меңгердім. «Жомарт» кенішіне жаңадан жеткізілген техниканың да тілін таптық. Бригададағы жігіттердің қай-қайсы болсын ізденіп, алға ұмтылуға бейім болатын. Соның арқасы шығар бригадамыз үздіктер қатарынан көрінді. Жоспарды орындауда өзгелерден кем түскен жоқпыз. Менің қандай да бір жеткен жетістігім болса, ол бригадамның қолдауы деп білемін. Бригадирлік жетекшіліктің 14 жылында бірнеше буын жастарды тәрбиелеп шығардым. Қазір олардың өздері де жауапты қызметте жүр. Мен бұл салаға адал еңбек етуге келген болсам, сол ниетіме қарай атақ-даңқтан да кенде болмадым. Осы уақытқа дейін қолдап келген әріптестеріме ризашылығым шексіз, – дейді Ерболат Канспекұлы.
Даңқты кенші ретінде қалыптасып, еңбегі еленген Ерболат Бүркітбаев кеншілердің төл мерекесінде «Құрметті кенші» атағына лайық деп танылды. Мұндай атаққа жетуде Ерболат Канспекұлы талай жолдан өтті. Кавалерден – Құрметті кенші атағын алуға дейін қаншама тер төгілді десеңізші. Еңбектің өтеуінде болған тағы бір атақ Ербол Бүркітбаевтың абыройын тіптен асқақататып тұрғандай.
Социалистік Еңбек Ері Ғазиз Омаровтың атымен аталатын шахтапроходкалау тресінде Нұрбек Манапов есімді еңбек озаты бар. Батыр тұлғалы азаматтың кен өндірісіндегі жетістіктерін «Қазақмыс» корпорациясы басшылығы мен «КәсіпҚорған» кәсіподағы жоғары бағалап, кавалерге «Құрметті кенші» атағын беруді ұйғарыпты. Бұл атаққа Нұрбек Жаужанбайұлын лайықты деп таныған басшылықтың оң шешімі трест ұжымын да бір қуантып тастады.
Нұрбек Манапов кенші мамандығына 2002 жылдан бері араласып келеді. Алғашында «Жомарт» кенішінде қарапайым жұмысшыдан басталған еңбек жолы түрлі сатылдарда сыналды. Трестің басқармасында да қызмет атқарды.
Трест басшылығы Нұрбек Жаужанбайұлының басшылық қабілетін байқап, оны «Жомарттағы» №12 күрделі тау-кен теліміне басшылыққа тағайындады. Телімге басшылық жасаған уақыттан бері ұйым жылдық жоспарды бірнеше жыл қатарынан қазан айында орындап келеді. Телімдегі екі бригаданың айлық жоспары 280 қума метрден кем түскен кезі жоқ.
– Телімде 160 адам еңбек етеді. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын ұжымның көрсеткіші жоғары. Өзім басшылық жасаған тұстан бері телім жігіттері көшбасынан табылауға ниетті екендіктерін байқаймын. Мұндай ұмтылыс ұжымды да, еңбеккердің өзін де табысқа жетелейтіні сөзсіз. Биылғы жылдың жоспарын да қазан айында еңсерсек деген ниет бар, – дейді Нұрбек Жаужанбайұлы.
Талапшыл басшының қарамығындағы телімнің өндірістік үдерісті қауіп-қатерсіз атқаруының нәтижесінде жетістіктер еселене түсуде. Нұрбек Жаужанбайұлы көп балалы отбасынан шыққан азамат. Ата-анасының тәрбиесі мен ақыл-кеңесі оның өмірлік азығына айналып келеді. Әрбір еңбеккерінің жағдайына көңіл бөліп қарайтын Нұрбек Манаповтың қамқор да іскер басшылығы ата-ананың тәрбиесінің бір үлесі деп қабылдауға болады.
«Құрметті кенші» атағын иеленген қос кеншінің абыройы асқақтай берсін демекпіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.