Осы аптаның басында облыс кәсіпкерлері палатасы аймақтық кеңесінің отырысы өтті. Оған қатысушылар Абай облысында тілсіз жау – өртті ауыздықтау кезінде қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. Аймақтағы кәсіпкерліктің күнгейі мен көлеңкесіне көңіл аударған бизнес саласының белсенділері облыс кәсіпкерлері палатасы қызметінің негізгі бағыттарын безбендеп, облыс кәсіпкерлері палатасы аймақтық кеңесінің төрағасын сайлады, аймақтық кеңестің 2023 жылға жасалған жұмыс жоспарын бекітті, қалалық және аудандық кеңестер құрамы, облыстық кәсіпкерлер палатасы дирекциясы және оның филиалдары директорларының кандидатурасы туралы келісімге келді.
Аймақтық кеңестің отырысына ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры-аймақтық даму департаментінің директоры Әлібек Ашметов онлайн-форматта төрағалық етті. Маусымның басында ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президумы мүшелерінің дауыс беруі аяқталғанын тілге тиекеткен ол Ұлттық палата мен облыс кәсіпкерлері палатасының жарғыларына сәйкес Президиум облыс кәсіпкерлері палатасы аймақтық кеңес мүшелерін тағайындауға шешім қабылдағанын жеткізіді.
– Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы Заңның 25-бабына сәйкес аймақтық кеңес аймақтық палатаның бақылаушы органы болып табылады. 2-бабына сәйкес аймақтық кеңестің делегаттары аймақтық палатаның аудандық, салалық кеңестерінде кәсіпкерлік субъект делегаттарының тікелей дауыс беруі арқылы төрт жылға сайланады. Сондықтан, жаңадан құрылған облыста аймақтық кеңестің құрамы тағайындалды. Келешекте оның мүшелері сайланатын болады.
Аймақтық кеңеске сол құрамнан сайланған, президиум мүшесі болып табылатын төраға басшылық жасайды. Аймақтық кеңес қызметінің бір парасы мынандай: аймақтық палата дирекциясының мемлекеттік биліктің, үкіметтік емес, қоғамдық және халықаралық ұйымдардың органдарымен қоян-қолтық қызмет жасауына көмектеседі; басқару органдары қабылдаған бағдарламалық құжаттарды жүзеге асыруына жәрдемдеседі; съезге делегаттар сайлайды; аймақтық палата мен оның филиалдары қызметінің аясында алға қойған міндеттер мен мақсаттың орындалысын бақылайды. Облыстық кәсіпкерлер палатасының төрағасы аймақтық кеңестің хатшысы болып саналады, – деді Әлібек Сәкенұлы.
Сөз тізгіні облыстық кәсіпкерлер палатасының басшысы Гүлмира Кәженоваға тиді. «Облыстық кәсіпкерлер палатасы өткен жылы 29 желтоқсанда тіркелді. Сәтбаев пен Қаражал қаласында, Жаңаарқа мен Ұлытау ауданында филиалы бар. Аймақтық кеңсесі Жезқазған қаласында. Аймақтық кәсіпкерлер палатасы мен филиалдарында 20 қызметкер және 10 кеңесші бар» деген ол облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметінің негізгі бағыттарына тоқталды.
Жыл басынан бері аймақтық кеңседегі кәсіпкерлерді қолдау, кәсіпкерлерге қызмет көрсету және қыз-келіншектердің кәсіпкерлікпен шұғылдануын дамыту орталықтарының кеңесшілері бизнесті мемлекеттік қолдаушаралар, бизнесті жүргізу, есеп-қисап, маркетинг, заңнамалық қызметтер көрсету бағытында түскен 1014 өтінішті қанағаттандырды. Төрт кәсіпкердің құқы қорғалып, үш кәсіпкерге заң талаптары түсіндірілді.
Кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлықпен күрес кеңесі құрылып, ол үш отырысында 11 мәселе қарап, 15 шешім қабылдады. Отандық өндірісті дамытуға және тауар өндіру мен қызмет көрсетудегі қазақстандық үлесті арттыруға, бизнес және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға, аймақ кәсіпорындарына қажетті кәсіби мамандар даярлауға, агроөнеркәсіптік секторды дамыту мен ауылшаруашылығы саласындағы бизнес мәселелерін шешуге, кәсіпкерлердің салалық кеңесінің жұмысына жәрдемдесті.
Аймақтық кәсіпкерлер палатасының қасынан 6 салалық кеңес құрылған, олар: өңдеу өнеркәсібі; қызмет көрсету; агроөнер кәсіптік кешен; құрылыс, логистика және көлік; туризм; сауда, шағын және орта бизнесті дамыту. Бұл кеңестер аймақтық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдай қалыптастыруына көмектеседі. Биыл ай сайынөткізілген 23 отырыста 38 мәселе қаралып, оларды одан әрі шешу үшін тиісті құжаттар жергілікті және орталық атқарушы органдарға жіберілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасыНұрахметНүриевті облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы етіп сайлау жөніндегі «Ремстрой» ЖШС директоры Николай Распоповтың ұсынысын аймақтық кеңестің басқа мүшелері бірауыздан қолдады.
Бірден іске кіріскен аймақтық кеңес төрағасы НұрахметНүриев аймақтық кеңестің 2023 жылға арналған жұмыс жоспарының жобасын дауысқа салып, ол бірауыздан негізге алынды. Күн тәртібіндегі төртінші мәселе – облыс кәсіпкерлері палатасы филиалдары жанындағы аудандық және қалалық кеңестердің құрамы да аймақтық кеңес мүшелерінің тарапынан толық қолдау тапты.
Облыс кәсіпкерлері палатасының төрағасы Гүлмира Кәженова, бизнес құқын қорғау жөніндегі басқарушы директор Ғалымжан Сүтбаев пен салалық даму жөніндегі басқарушы директор Данияр Қалымов облыс кәсіпкерлері палатасы дирекциясының құрамына кірді. Филиалдар директорлығына ұсынылған кандидатуралар жөнінде облыс кәсіпкерлері палатасының төрағасы Г. Кәженова жеке жеке сипаттама беріп, аймақтық кеңес мүшелері келісімін берді. Аманбак Сүлейменов – Ұлытау аудандық, Батыр Таймағанбетов – Сәтбаев қалалық, Бекболат Жарылғапов – Жаңаарқа аудандық, Ерсін Нүркен Қаражал қалалық филиалының басшысы болды.
– Күнтәртібіндегі барлық мәселе еңсерілді. Баршаңызға рахмет! Біз әріптестерімізбен бірлесіп облыстағы бизнестің проблемалық мәселелерін шешуге өзіндік үлес қосамыз, сөйтіп, кәсіпкерлікке кең өріс ашуға ықпал етеміз деп сенемін, – деп отырысты қорытындылады облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Нұрахмет Нүриев.
Әлібек ӘБДІРАШ.