Жыланды кеніші іргесі орныққан өнеркәсіп орталығына айналып келеді. 2014-2016 жылдары Солтүстік және Оңтүстік Жезқазған кеніштері құрамынан шыққан кешенді телім ретінде көшін түзеген шағын «СарыОба» шахтасы бүгінде «Қарашошақ», «Шығыс СарыОба», «Итауыз» шахталарын біріктірген қуатты кенішке айналды. Қазір «Батыс СарыОба» және «Қыпшақбай» кен орындары игерілуде.
Кеніште 900-ден астам адам еңбек етеді. Жұмысқа орналасқандар қатарында аймақтағы басқа кен орындарынан ауысып келіп жатқандармен қоса, жас мамандар да бар. «Қазақмы» корпорациясы Технологиялық колледжінің түлектері кенішке көптеп тартылуда. Жас кеніштің болашаған нықтайтын да осы жастар. Алдыңғы аға буыннан үлгі алған олар кен өндірісінде алдыңғы шептен көзге түсуде.
«КәсіпҚорған» салалық кәсіподағының бастауыш буыны – кеніштегі өндірістік және әлеуметтік саланы ұштастырып жүрген белді ұйым. Басты ұстаным – қарапайым жұмыскерлердің жұмыс жағдайы. Олардың жұмыс орны, асханадағы тамақтануы, жұмыс киімдерінің талапқа сай тазалануы немесе берілуі және жекебас гигиенасы, яғни, кеніштегі тұрмыстық жағдайы жіті бақылауда. Жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешен қай жағынан алып қарасақ та аймақта теңдесі жоқ деп айтсақ, артық емес. Мұндағы маңдайшам беретін орын, сонымен бірге медициналық-профилактикалық қызмет көрсету бекеті басқалардан көш ілгері.
Кеніште кеншілердің, әсіресе, жастар жағының кәсіби біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінеді. Таяуда «КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы бастауыш буынының ұйтқы болуымен дәстүрлі «Үздік ауысым-2022» кәсіби шеберлік сайысы өтті. Кеніште жұмыс 4 ауысыммен ұйымдастырылған. Сайысқа 12 учаске қатысты. Байрақты бәсекенің қорытындысында бригадир Қуатбек Алтаевтың ауысымы үздік деп танылып, сайыстың ауыспалы кубогын жеңіп алды.
Кәсіби шеберлік сайысында талай саңылақ топ жарып, лайықты сый-сияпатқа ие болды. Олардың қатарында өндірістік кен шеберлері Ербол Толханбай, Темірлан Баймұханов, Өмірбек Кеңесов, Бақытжан Сүлейменов, Руслан Әмір, кен қопарушылар Ұлар Ықылас пен Жанат Шүменбаева, жерасты жол жұмыскері Сұлтан Бекенеев, тиеу-тасымалдау машинасының жүргізушісі Илья Линчук, төбе тазалап-бекітуші Қайрат Шәріпбаев, электр-слесарь Темірхан Амангелді бар.
«Әке көрген оқ жонар» деп қазақ тегін айтпаған. Осы бәсеке барысында кенші әулет те бой көрсетті. Олар – әкелі-балалы Өтеевтер. Әкесі Жанәлі – өндірістік кен шебері, ал, баласы Мейірбек өздігінен жүретін жерасты жабдығын тізгіндеген. Екеуі бір кеніште жұмыс істесе де, әр учаскенің үздігі ретінде лайықты марапат алды. Сонымен бірге «Үздік учаске басшысы» аталымы тағайындалып, оны Фархат Барболдиев жеңіп алды. Осы сайыс қарсаңында кәсіподақ ұйымы жұмыскерлер кеніште бос уақытын тиімді өткізуі үшін бильярд столын тарту еткен болатын.
Кен өндірісінде қарышты қадам жасаған жаңа кеніш ұжымы кәсіби мерекесін биыл да лайықты тарту-таралғымен қарсы алды. Байыту кәсіпорнына тапсырмадан тыс ондаған мың тонна сапалы шикізат жөнелтілді.
Сәкен СМАҒҰЛОВ,
«КәсіпҚорған» салалық кәсіподағы
«Жыланды» кенішіндегі ұйымының төрағасы.