40 жастағы қала тұрғыны Русланның (айыпталушының есімі өзгертілді – автор) өткен жылғы тамыздың 3-інен бастап қыркүйектің 24-і күні аралығында, яки екі ай ішінде 5 мәрте ұрлық жасағаны анықталды.
Русланның теріс қылық танытқаны бұл бір емес екен. Бұрын 5 рет сотталған кәнігі қылмыскердің өзі болып шықты. Алғаш рет 18 жасында істі болады. Соттың 2002 жылғы 9 қыркүйектегі үкімімен «Есірткі заттарды немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, иемденіп алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату» бабымен шартты түрдегі 1 жыл сынақ мерзіміне кесіледі.
Бұл сынақ мерзімі Русланға сабақ болмады. Келесі жылы тағы жаза басты. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Ұрлық» бабымен 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ол үшінші рет 27 жасында 3 жыл мерзімге темір тордың аржағына аттандырылды. Бұл жолы адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалған тонау қылмыстық әрекетіне айыпты деп танылды.
Руслан 2017 жылғы 12 желтоқсандағы сот үкімімен 4 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға кесілді. Сол бұрынғы 191-бап – тонау, яғни бөтеннің мүлкін ашық жымқыру. Ол түзеу колониясында 4 жыл толық отырмайды. Қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының 2018 жылғы 31 мамырдағы қаулысымен 2019 жылғы 9 қазанда, яғни 1 жыл 4 ай 27 күн толғанда мерзімінен бұрын шартты түрде босатты.
Сөйтіп бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жүрген Русланның түзелуі үшін жаза мерзімі жеңілдетілген. Бірақ ол өзіне рақымшылдық көрсетілгенін орынды бағалай алмады. Енді орда бұзар отыз жастан асқанда ақыл тоқтатып, теріс жолдан шығып, түзелер деген үмітке балта шапты. Өзіне көрсетілген жеңілдік желге ұшты. Руслан 2018 жылғы 20 қазанда, өкініштісі түрмеден босатылғанына небәрі 20 күн өтер-өтпесте тағы да сотталды. Тағы да сол ұрлық жасап, қолға түсті.
2024 жыл. Руслан сәуір айында 40 жасқа толды. 22 мамырда жаза мерзімін өтеп босап шықты. Қайран қылшылдаған 40 жас-ай қор болған. Осы жасқа жеткенше бар өмірі түрмеде өтті. Не жар сүйе алмады, отбасын құра алмады. Сопа басы. Не баспанасы жоқ. Басында үйі болмаған соң, күйі қайдан болсын.
Таныс-білістері болса, өзінен сырт айналғанын Руслан сезбейді емес. Жұрт оны кәнігі ұры деп білді. Әрине, «мешкей» деген жақсы атақ емес. Ұрыға кім жақындасын. «Жанашыры жоқ адам, жал-құйрықсыз атпен тең» демекші, бостандыққа шыққанымен көп адамның ортасында жалғыздық күй кешті. Үйреніп қалған «кәсібіне» қайта кірісті. Сотқа дейінгі тергеу барысында анықталғандай, Руслан екі ай ішінде 5 ұрлық жасайды. Ол сот отырысында мұның бәрін толық мойындады.
3 тамыз. Сағат 07:00 шамасы. Руслан қала тұрғындары барынша көп жиналатын дәмханаға келіп кіреді. Өзінің жүріс-тұрысына ешкімнің назар салып тұрмағанына көзі жеткен соң жіті қимылдап, осындай жымқырма әрекетке әбден үйреніп қалған қолы әдеттегі әдетіне басты. Руслан осы бір таңертеңгілік уақытта кассаның дәмхана қызметшілерінің назарынан тыс қалатынын байқап жүретін. Ол ұрымтал сәтті дереу пайдаланып, касса кілтінің қай жерде сақталатынын алдын ала бақылап қойғандықтан сұғанақ қол көздеген ойын жүзеге асырған. Өзі күткендей емес, кассада болмашы ғана ақша бар екен, сөйтіп 70 мыңды қалтаға басқан.
7 тамыз. Кешкі сағат 18:00 шамасында көптен білетін жақсы танысының пәтерінде отырып, Руслан үй иесінің мастығын пайдаланып, оның ұялы телефонынан 50 мың теңгені өзінің банктік есепшотына аударып алады.
19 тамыз. Кешкі сағат 21:30 шамасы болатын. Сатушы қызының аз уақытқа тұра тұруын өтінгеніне орай анасы дүкенге ие болып қалған еді. Сәл уақытқа оның сыртқа шығып кеткенін байқап қалған Руслан дереу кассадағы 140 мың теңгені көзді ашып-жұмғанша жымқырып үлгереді.
23 қыркүйек. Сағат 11:15 шамасында Русланның өтінішімен қойма ретінде пайдаланып жүрген келесі бөлмеден ол сұраған бұйымды әкелуге сатушы кеткен сәтті аса шапшаңдықпен пайдаланып үлгеріп, қараусыз қалған кассадан 300 мың теңгені қалтасына салып алып, бой жасырып сыртқа шығып кетеді.
24 қыркүйек. Руслан кешкі сағат 20:50 шамасында бір қорап сигарет сатып алады. Сәлден соң қайта айналып келіп, сатушыға өзінің телефонын ұсынып, келіншегімен тілдесуін өтінеді. Кейін де аты-жөні анықталмаған әйел сатушыдан гигиеналық төсемді беруін сұрайды. Сатушы ол тауарды әкелуге кеткен қас-қағым сәтті ұтымды пайдаланған Руслан кассадағы ақшаны алады да дереу ол жерден тайып тұрады. Сұраған затын алмастан ізін суытқан жігіттен күдіктенген сатушы кассадан 132 мың теңге көлеміндегі ақшаның қолды болғанын біліп, дереу полицияға хабарлайды.
Арада екі күн өткен соң Руслан полиция қызметкерлерінің тұзағына түседі. Сот Русланды бірнеше рет ұрлық жасағанына орай 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шығарды.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.