«Kazakhmys Distribution» («Қазақмыс Дистрибьюшн») компаниясына қарасты жылу энергетикасы кәсіпорны 1994 жылы маусымда кеншілер қаласындағы жөндеу-монтаждау мамандандырылған басқармасы мен жылумен-сумен жабдықтау кәсіпорнын қайта құру арқылы жеке енші алып шықты. Қазір оның құрамында екі жылу стансасы, үш жөндеу телімі және жылумен-сумен жабдықтау цехы бар.
Кәсіпорынды қалалық мәслихат депутаты Әшім Исанов басқарады. Тізгінін халық қалаулысы ұстаған ұйымшыл ұжымның қалтқысыз қызметіне көпшілік дән риза.
– Біздің кәсіпорында ұзын-ырғасы 630 адам еңбек етеді. Бір қарағанда аз да, көп те емес. Бірақ, мәселе көрсететін қызметінің сипаты мен табиғатында.
Өндірістік қажеттілік өз алдына, жылудың тұрмыста алатын орны қандай екені түсінікті. Міне, осындай маңызды міндетті мінсіз орындау үшін кәсіпорын басшылығы жұмыс уақытын дұрыс жоспарлау мен тиімді пайдалануды және тиісті тапсырманы дұрыс бөлуді жүйелі жолға қойған. Бізде әрбір басшы мен жұмысшы өзіне жүктелген міндетті, кіммен және қандай қызметпен білек біріктіріп жұмыс істеу керектігін жақсы біледі, – дейді, кәсіпорынның бас инженері Дайыр Қаршығанов.
Дайыр Қожанұлы – Павлодар индустриалдық институтының түлегі. «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығын алған ол еңбек жолын 1989 жылы аймақтық қазандықта (қазіргі №1 жылу стансасы) от жағушы болып бастады. Қызмет бабында сатылап өсіп, 15 жыл жылу стансасын басқарды. Қазір жылу энергетикасы кәсіпорнының бас инженері. 2019 жылы «Қазақстанның Құрметті энергетигі» атағын алды. «Дакең – менің тәлімгерім» деп, екпін бере айтқан ұжым басшысы Әшім Исановтың сөзінен бас инженердің әріптестері арасындағы беделін бағамдадым.
Бұдан 57 жыл бұрын пайдалануға берілген №1 жылу стансасы кеншілер қаласының тұрғындары мен әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандарына мінсіз қызмет көрсетіп келеді.
Кейін, 1983 жылы ел арасында «Оңтүстік-батыс қазандығы» атанып кеткен №2 жылу стансасы қатарға қосылды. Қазандық және отын жеткізу, су дайындау цехтарынан, мазут шаруашылығы мен деаэратор бөлімшесінен тұратын ол «Жезқазғантүстімет» ӨБ кеніштері мен басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындарын, сондай-ақ, қаланың маңайындағы елді мекендерді жылумен жабдықтайды.
– Алты жүзден астам адам еңбек ететін, бірнеше күрделі буыннан тұратын кәсіпорынның қызметін алты бөлімнің ұжымы алақандағыдай аңғарып, үйлестіріп отырады. Мен олардың қызметкерлерін «майданның көрінбейтін жауынгерлері» деп бағалар едім. Шын мәнінде, оларға жүктелген жауапкершілік өте жоғары. Бетін аулақ қылсын, қыстың көзі қырауда қандайда бір оқыс оқиға орын алып қалса, алдымен, солардан сұралады, – дейді кәсіпорын басшысы Әшім Исанов. Осы салаға жоғары оқу орнынан кейін жиырма жыл ғұмырын арнаған, еңбек жолын бу қазандығының машинисі болып бастаған, осы кәсіпорынның өндірістік бөлімін басқарған, бас инженері болған ол істің ұңғыл-шұңғылын білгесін айтады да?!
№1 жылу стансасындағы бу қазандықтары 2013 жылы мазуттан көмірге көшіріліп, агрегаттары жаңғыртылды. Соның арқасында отын үнемдеуге және өнімділікті 30% арттыруға мүмкіндік туды. Бүгінде бұл жылу стансасы сағатына – 400 гикакалория жылу, ал, №2 жылу стансасы 300 гикакалория жылу мен 42 гикакалория бу өндіреді. «Біз жұмыс орнының қолайлы әрі қауіпсіз болғанын қадағалаймыз. Кәсіпорында еңбек қорғау мен техника қауіпсіздігі алдыңғы қатарға қойылған» дейді, бөлім басшысы Нұржігіт Бейісова.
Әлібек ӘБДІРАШ.
СӘТБАЕВ қаласы.
Суреттерді түсірген автор.