Өндірісті өңірдің әлеуметтік маңызды нысандары мен тұрғын үйлерін, кәсіпорындарды жылу мен жарықпен қамтамасыз етіп отырған Жезқазған жылу, электр орталығының ұжымы энергетиктердің кәсіби мерекесімен қатар кәсіпорынның құрылғанына 70 жыл толғанын торқалы той ретінде атап өтті.
Жезді шаһарға жылу мен жарық сыйлаған орталықтың еңбек ұжымының қуанышы Жезқазған қаласындағы облыстық «Amanat» партиясының ғимаратын дүбірге бөледі.
Қос мерекені қатар атап өткен орталық еңбеккерлеріне деген зор құрметті «КәсіпҚорған» кәсіподағы көрсетті. Кәсіподақтың Жезқазған филиалы мен орталық-
тағы кәсіподақ комитеті, әкімшілік ұйытқы болған салтанатты жиында Жезқазған жылу, электр орталығының операциялық директоры Мадияр Алтыбаев әріптестерін құттықтай келе, бір топ еңбеккерге Электр энергетика қауымдастығының Құрмет грамотасын, Директорлар кеңесі төрағасының, «ҚазақмысЭнерджи» ЖШС Бас директорының Құрмет грамоталарын тапсырды.
«Amanat» партиясы «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Жезқазған филиалының өкілі Әлия Өксікбаева, «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалының аппарат жетекшісі Жанар Салықова, орталықтағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Марат Қошанов кәсіпорынның дамуы мен энергетика саласына қосқан үлестері үшін бірқатар еңбеккерлерді марапаттады.
Салтанатты жиында кәсіподақ комитеті мен кәсіпорын әкімшілігі бірлесе ұйымдастырған спорттық жарыстардың жеңімпаздары да құрметке кенелді. Сонымен қатар, орталықтың төтенше жағдайларсыз жұмыс жасауына сүбелі үлесі бар цехтар да марапатталды.
Энергетика саласы ең маңызды және күрделі салалардың бірі болып саналады. «Қазақмыс» компаниялар тобының өнеркәсіптік кәсіпорындарының, әлеуметтік сала нысандарының тұрақты жұмысы және өңірлердегі адамдардың өмір сүруінің қолайлы жағдайлары энергетиктердің күнделікті еңбегіне тікелей байланысты. Сондықтан Жезқазған жылу, электр орталығының елге жасар жақсылығы ғасырларға жалғаса бермек.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.