Елімізде еңбеккердің құқығы мен мүддесін қорғауда іргелі ұйымға айналған Тау-кен, металлургия және аралас өндіріс еңбеккерлерінің «КәсіпҚорған» кәсіподағының филиалдары мен комитеттері, бастауыш кәсіподақ ұйымдары жыл соңын ала ұжымға атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп береді.
Бұл дәстүрді «КәсіпҚорған» кәсіподағы Жезқазған филиалына қарасты комитеттер мен бастауыш ұйымдар жыл сайын нәтижелі жалғастырып келеді. Өткен жылға есеп беру мақсатында Жезқазған мыс қорыту зауытындағы «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Ардақ Ақылбекова зауыттағы еңбек ұжымдарымен кездесті.
Комитет төрағасы балқыту цехының, электр пеш, конвертер, анод, механиктер бөлімдерінде, жөндеу-механикалық, шаң-газ ұстау және жылу оқшаулау, жылу-энергиямен қамту, электр станциясы цехтарында болып, кәсіподақ тарапынан жүзеге асырылған шараларды баяндады.
Аталмыш еңбек ұжымдары ұйымның 2022 жылға атқарған жұмысына оң бағаларын беріп, жұмысшыларды қолдаудағы «КәсіпҚорған» кәсіподағына алғыстарын білдірді. Өндіріс ошағындағы кәсіподақ комитеті ұйымның стратегиялық бағдарламасында көрсетілген талаптар бойынша өткен жылы еңбеккерлерге қызмет көрсетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.