Қоғамның айнасына айналған жазба журналистика мектебінің Жезқазған аймағында мықты мектебі қалыптасты. Талай марқасқалардың ізінен ерген біз үшін аға буын санатындағы қаламы қарымды журналистердің де алды жетпіске жетіп, алпыстың асқарына ат байлады. Бір шоғыр ағалардың қатарында құрметке лайықты саланың саңлағы Ізтай Белгібайұлының журналистік қарым-қабілетіне аймақ жұртшылығы әбден қанық.
Қарт Ұлытаудың қасиеті талай жанның қабілетін шыңдады, тұлға ретінде қалыптастырды. Міне, абыроймен алпыстың асуына жеткен әріптесіміз, үлгі тұтар ағамыз Ізтай Бейсембаев та осы қасиетті мекеннен қанаттанды. Ізтай Белгібайұлы 1962 жылы 2 қарашада Ұлытаудың Аманкелді ауылына қарасты Ақшал қыстағында өмірге келді. Әкесі Белгібай ауыл шаруашылығында еңбек етсе, анасы Қалима арқа сүйер азаматына қолдаушы болды. Қарапайым шаруаның отбасында өмірге келген Ізтай жастайынан еңбектің де дәмін татып өсті. Ол уақытта балалар аудан орталығындағы мектептерде білім алатын. Белгібай мен Қалима балаларын Жезді кентіндегі №6 орта мектепке аманаттады. Ауылда жүріп, оянған бала арманы жазып, сызуға бейім еді. Мектепте оқып жүргенде баланың бұл бейімін байқаған мұғалімдері бағыт-бағдар беріп, мектеп хабарларын жергілікті басылымдарда жариялауға ұсыныс айтады. Жетінші сыныпта басталған журналистің бұл қабілеті оны қарымды қаламгер ретінде қалыптастырды.
– Бала қиялы мен арманының жүзеге асар шағы және оның қолдау табатын тұсы мектеп қой. Менің де журналистикаға деген қызығушылығым білім ошағында жүргенде оянып, «Октябрь туы» газетіне мектеп хабарларын жазудан басталды. Мектепте жас тілшілер постысының мүшесі болдым. 1980 жылы дәл осы қараша айында «Октябрь туының» Ауыл шаруашылығы бөліміне əдеби қызметкер болып келдім. Бөлім меңгерушісі Жанболат Мұқанов еді марқұм. Газетте Ишанбек Жауыртаев редактор, Əбсаттар Дəнібеков редактордың орынбасары, Болат Дəулетяров жауапты хатшы болатын. Міне, мен осындай журналистиканың марқасқаларының мектебінен өттім.
1981-83 жылдар аралығында Қиыр шығыста əскер қатарында болдым. Əскерде жүргенде отбасым Ұлытауға қоныс аударды да əскерден келген соң мен де Ұлытау өңіріне жұмысқа тұрдым. Ол кезде «Ұлытау өңірі» газетіне Мағзұмбек Машайықұлы редактор, марқұм Нұрперзент Домбай редактордың орынбасары, Асанəлі Тəліпов жауапты хатшы еді.
Мен Қуаныш Сыихымбаевтың ауыл шаруашылық бөліміне тілші ретінде жұмысқа қабылдандым. Ол жылдары газеттің үстемдігі деген басым кез еді. Партияның саясаты мен идеологиясын, аудандар мен ауылдардың тыныс-тіршілігін, еңбек адамын насихаттау ерекше қарқынмен жүзеге асты. Ауыл-ауылдарды аралап, репортаждар ұйымдастырып, толымды дүниелер жазу арқылы қалың оқырманның көңілінен шығуға тырыстық. Шығармашылық ізденіс пен алдымдағы ағалардың жол көрсетуінің арқасында таңдаған мамандығымның қыр-сырына қанықтым. Бүгінде аудандық басылым дәрежесіндегі «Ұлытау» газеті, талай еңбек адамының жаршысына айналған «Октябрь туы» газеттері менің шыңдалу мектебіме айналды десем артық айтқандық емес, – дейді Ізтай Белгібайұлы.
Тоқсаныншы жылдардың тоқырауы кімге болса да оңай тиген жоқ. Ауылдан үдере көшкен жұрттың қалада тұрақтап, еңбек етуге деген бет алысы сол кезеңдерде белең ала бастады. Осы лекпен Ізтай Белгібайұлы да Сәтбаевқа қоныс аударды. 1997 жылы кеншілер шаһарына қоныс тепкен Ізекең өңірдегі журналистік жолын «Мысты өңір» газетінде жалғастырды. Газеттің бас редакторы Нұрперзент Домбай Ізекеңнің қарым-қабілетінің қандай екенін білгендіктен бірден жұмысқа алды. Сұлтан Әлиев, Ақылбек Шайхы сынды ақсақалдармен қатар еңбек ету бақыты бұйырғанын Ізекең әлі күнге дейін мақтанышпен айтады.
Ал, 1999 жылы Сәтбаев қаласындағы «Шарайна» газетінің тізгінін ұстаған Төлеш Асанов Ізекеңе қолқа салып: «Мына газетті ел оқитындай газетке айналдыруымыз керек. Сен қалайда осы іске үлес қос» деген ағалық ұсынысын құп алып, «Шарайнаға» орналасады.
Ізтай Белгібайұлымен таныстығым осы «Шарайна» газетіне жас маман болып келген сәтте басталған болатын. Шырайлы жылы жүзбен қарсы алып: «Бауырым» деп өзіне жақын тұтып, тонның ішкі бауындай араласып кеткеніміз Ізекеңнің жатты жатырқамайтын көпшіл мінезінен деп топшыладым. Ізтай Белгібайұлымен бірге «Шарайна» газетінде еңбек еткен 7 жыл ішінде тың идеяларға толы айдарлар ұйымдастырып, қаланың төңірегіндегі түйткілді мәселелерді қаузай білгеніміз Ізекеңнің ұйымдастырушылық қабілетінің, өзінен кейінгі жастарға деген жанашырлығының басым екендігін аңғардым. Ізекең жауапты хатшы болып жүрген сәтінде кем-кетікті ақылмен айтып, ашуға бой алдырмайтын. «Бағдатжан, мына мақаладағы осы жолдарға зер салсаң, тақырыбын былай деп өзгертсең» деп жол көрсетуінің өзі ағалық қамқорлығы емей не?
Осы мақаланы дайындау барысында 2016 жылдары «Шарайна» газетінде Ізекеңмен бірлесіп түрлі тақырыпты қамтыған «Сіз не дейсіз?» ток-шоуын ұйымдастырып, әр саладағы қордаланған мәселелерді көтергеніміз еске оралып отыр. Ізекеңмен бірге бұдан да басқа айдарлардың айына бір рет тұрақты шығып тұруына атсалысу арқылы тәжірибе жинақтадым.
Ізекең көсілтіп жазды. Жазғаны елдің көңілінен шықты. Оқырманының оң бағасын алды. Қырық жылға таяу аймақ журналистикасына еңбегін арнаған Ізтай Бейсембаев — саланың саңлағы. Арманындағы мамандығы арқылы ел ықыласына бөленген мерейтой иесінің журналистік жолы осылай жалғасып келеді.
Ғұмырлы болыңыз, аға! Ғасыр тойға жеткенше қолыңыздан қалам түспесін!
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.