Жетінші наурыз күні журналист, аймағымыздағы ақпарат саласының ардегері Сағынкүл Жантурина 70 жасқа келді. Мерейтой қарсаңында апамызға арнайы барып, қос мерекесімен құттықтап, әңгімесін тыңдап қайтқан едік.
«Сөз құрауға дейін сым орауда шыңдалдым»
Әр адам өз алдына беймәлім арал сияқты. Жақынырақ әңгімелескен сайын бұрын біле бермейтін қырлары ашыла түседі. Сағынкүл тәтені бір адамдай білемін деп ойлаушы едім. Сөйтсем, оным бекер болды. Олай дейтінім, мен ол кісіні журналист ретінде ғана танимын. Алайда, апамыздың еңбек кітапшасы мүлдем басқа саламен басталған екен.
– Ол кезде оқуға ақшамен емес, шынайы біліміңмен түсетінсің. Бір орынға бірнеше адам таласып жатады. Әсіресе, журналистика саласына талапкерлер көп болушы еді. Алғашқы жылы менің жолым болмады. Білімімнің аздығынан емес, баллым жетпей, ауылға қайтуға мәжбүр болдым. Сөйтіп, сол жылы қыркүйек айында Жезқазған кен-металлургия комбинатының электр жабдықтарын жөндеу цехына жұмысқа орналастым. Мамандығым – сым ораушы. Яғни, электр маторларына сым ораймын. Әрине, «сым ораушы» деген айтуға ғана жеңіл көрінуі мүмкін. Алайда, ол жұмыстың да өзіндік қыры мен сыры жеткілікті еді. Солардың бәрін маған цехтағы аға буын өкілдері жалықпай үйретті.
Цех бастығы Өсербай Үсентаев деген кісі еді. Мен жұмысқа тұрған күні қолымнан жетелеп әкелді де ұжымдағыларға: – «Біріншіден, мына қыздың шашының бір талы жерге түспеуі керек. Екіншіден, оны өздерің сияқты білікті маман етіп шығарасыңдар. Сендерге бір ай мерзім», – деді салмақты түрде.
Сол күннен бастап менің екі жарым жылым осы цехта, оның бір үйдің баласындай ұйымшыл ұжымының ортасында өтті. Ұжымдағылар басшының айтқанын мүлтіксіз орындады. Бар білетіндерін маған үйретті. Рүстем Жарасбаев аға нормировщик болды. Күнделікті жұмысымды жіті қарап барып қабылдайтын. Кемшілігі болса айтып, өзі дұрыстауға көмектесетін. Ералы, Шайхыбек деген кісілер де маған шынайы қамқорлық танытты. Керемет адамдар еді. Мектеп бітіріп барған баламын ғой, балалығым да, шалалығым да көп болды. Сондайда жекіп, ұрсып, «сенен түк шықпайды» деп кері итермей, қайта «Ондай-ондай болады. Біз де бәрін оқып-тоқып туған жоқпыз», деп алға сүйрейтін. Бүгінде менің маңайымдағыларға жаным ашып, қолымнан келгенше жәрдем жасағым келіп тұратыны осы кісілерден дарыған қасиет болса керек, – дейді Сағынкүл тәте ағынан жарылып.
«Кеңес берген жандар көп болды»
– Сағынкүл тәте, осындай мамандықты меңгере тұрып журналистикаға неге қызықтыңыз. Жалпы, осы журналистік мамандықты қалауыңызға ықпал еткен жандар болды ма? – деп сұрадым әңгіме барысында. Сағынкүл тәте бүкпесіз баяндады.
– Болғанда қандай. Сол заманда «Социалистік Қазақстан» газетінде Совет Аққошқаров деген кісі қызмет істеді. Мен Совет ағамен хат жазысып, үнемі кеңес алып отырдым. Осы мамандықты таңдауыма бірден бір ықпал еткен кісі еді. Жезқазған облысына жұмыс сапарымен келген сайын жолығып, ақыл-кеңестерін айтып кететін. Сол кісінің айтуымен «Қазақстан пионері» газетіне мақала жіберем. Оны күтіп отырам. Кейде, шағын хабар болып шығады. Кейде «Талабың бар, көп ізден» деген сыңайлы хаттар келеді.
Одан кейінгі бір кеңесшім Шамшиябану Қанышқызы тәтеміз болды. Ол кісінің жолдасы Оразай Батырбеков бізге туыс болып келетін. Сол арқылы Қаныш атамыздың бәйбішесі Шәрипа апамен де танысып алдық. Үйіне барған сайын дастарқанын жайып, баласындай күтіп алатын еді жарықтық. Біз де үйін жинасып, шаруасына қолғабысымызды тигізіп жүретінбіз.
Осындай жанашыр жандардың қолдауымен сол кездегі Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түстім. Тауман, Әбілфайыз, Темірбек сынды мықты, марқасқа ұстаздардан дәріс алдым, – дейді тәте жүзі бал-бұл жанып.
«Ата-енем мың болғыр жандар еді»
Әңгіме барысында Сағынкүл тәте оқуды бітірмей тұрып жамбылдық Икрам деген азаматпен отау құрғанын да жасырмады.
– Икрамның Жамбылдың жігіті екенін естіген ауылдағылар «Шырағым-ау, сондай бала елден табылмады ма. Оңтүстіктің тәртібі қатты ғой. Оған шыдай алар ма екенсің», деп үрпигендей болды. Ешқайсын тыңдамадым. Менің бағыма қарай тағдырым мені тағы керемет адамдарға жолықтырды. Атам мен енем аузын ашса, жүрегі көрінетін керемет кісілер еді. Мен келін болып табалдырық аттағанда енем ағайын-туыстарына «Бұл бала суы бөлек жердің қызы. Біздің елдің тәртібін біле бермейді. Сондықтан орынсыз кінә тағып, ананы істе, мынаны істе демеңдер. Қаласа өзі жасар», деп шын аналық мейірім танытты.
Әрине, енем солай айтты екен деп, мен де ретсіз шолжаң қылық танытпадым. Ел қатарлы сәлем салдым. Ел қатарлы аула сыпырдым. Бірақ мұның бәрі демалысқа барған кездері ғана жасалатын. Енем де ақылды кісі ғой. Мен еңбек дамалысын алатын уақытқа қарай киіз басу, жүн бояу сияқты жұмыстарды әзірлеп қояды. Мені жегу үшін емес, үйрету үшін істейді. Содан бір ай жүн бояп, киіз басамыз. Ол бір мереке. Бүкіл абысын-ажындар жиналып, мәре-сәре болып қаламыз. Енем марқұм да бар тәттісін сол уақытқа сақтап қоя ма, дастарқанды жайнататын.
Сондай кісінің тәрбиесін алып өске қайын інімнің балалары мені «дәу мама», Икрамды «дәу папа» деп кетті. Күні бүгінге дейін солай атайды. Қазір үлкен кісілердің бәрі «түйе қарап» кеткен. Бір-екі абысыным бар. Солардан кейінгі үлкендері біз – Икрам екеуміз.
«Мен – тоғыздың кенжесі, ол – тоғыздың үлкені»
Әңгіме барысында таң қалған тағы бір нәрсем, Сағынкүл тәте мен Икрамды тағдырдың өзі әдейілеп жолықтырғандай болып көрінді. Олай дейтінім, екеуі де тоғыз балалы отбасында өсіпті. Сағынкүл тәте тоғыздың кенжесі болса, Икрам – тоғыздың үлкені екен.
– Үйдегі тоғыз баланың кенжесімін. Алдымда аға, апаларым болған соң еркін өстім, Ерке емес, еркін. Шешем марқұм елге жайлы, кеңқолтық кісі еді. Біз Қарсақбайдан Шынболат жырына қосқан «Төртіншіге» көшіп келгенде, үйлердің бір-біріне тым тығыз орналасқанына таң қалатынбыз. Әр үйдің алды жол. Ана көшеге баратын да, мына көшеге баратын да адам үйлердің ауласы арқылы өтетін жолдармен жүретін. «Сен неге жүресің» деп жатқан тағы жан жоқ. Сондай жол біздің үйдің алдында да бар еді. Шешем аулада бауырсақ, бәліш пісіріп отырып сол өткен-кеткендерге бір-бір бәліш, не бір уыс бауырсақ ұстатып жіберетін. Кейін, анам өмірден өткенде көрші балалардың да кәдімгідей жылағанын көрдік.
Осындай жаннан туған балалар қалай жаман болуы керек. Ағаларым да, апаларым да елгезек болды. Бір-бірімізге шын жанымыз ашып, шынайы көмек жасап жүрдік. Өкінішке орай, сол бауырларым бүгінде жоқ. Тек жалғыз Жұмакүл апам ғана қалды. Тоғыздан қалған екеуміз ғана. Ал, жолдасым Икрам – үйіндегі тоғыз баланың ең үлкені. Құдайға шүкір, қайын інілерім мен қайын сіңлілерім біздің тілеуімізді тілеп жүр, – деп әңгімесін тәмамдады тәтем.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.