«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы компания еңбеккерлерінің арасында жыл сайын жүзуден турнир өткізуді дәстүрге айналдырған.
Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттауды көздейтін бұл бәсекеге корпорацияның Жезқазған өңіріндегі құрылымдарынан әуесқой жүзушілер қатысып, бақ сынады. Сәтбаев қаласындағы жүзу бассейнінде өткен жарыс ерлер мен әйелдер арасында өтті.
Басты жүлде Қарағанды қаласында өтетін жарысқа жолдама болды. Белгіленген уақытта мәреге жетіп, шеберліктерін танытқандардың арасынан жүзгішін таңдау төрешілерге оңай болған жоқ. Жарыс мәресіне бірінші болып жеткен «Қорғау қызметі» ЖШС Жезқазған филиалының қызметкері Айгерім Назымбетов бірінші орынның тұғырынан көрініп, жолдаманы ұтып алды.
Ерлер арасында жүзуден шеберлігін танытқан Қарсақбай металлургиялық зауытының еңбеккері Бибарыс Асан бірінші орынды жеңіп алды. Жезқазған, Сәтбаев қалалары бойынша екінші, үшінші орынның жүлдегерлері де анықталып, оларға жүлделер табысталды. Жарыстың марапаттау салтанатына қатысқан «Jastar Bolashaq» Жастар одағының төрағасы Луиза Мыңбаева жеңімпаздарды құттықтап, қатысушыларға алғысын білдірді.
Сондай-ақ, Жастар одағы мүшелерінің арасындағы мұндай бәсеке әлі де жалғасын табатынын жеткізді. Жүзден жүйрік шығып, өңіріміздің намысын қорғайтын Айгерім Назымбетовке біз де жеңіспен орал демекпіз.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.