Гүлбану Сабырқызы – қарапайым кәсіп иесі. Мамандығы – аспаз. Әдетте оларды мақтағанда «пісірген тамағы тіл үйіреді» дер едік. Гүлбану туралы әңгіме қозғағанда біздің ауызымызға да алдымен осы сөз тіркесі оралған. Одан әрі не айтпақпыз?..
Жайшылықта кішігірім мекемелерді ескере бермейміз ғой. Ұжымы шағын. Жұмысы да сондайлық елеулі емес. Сырт көзге солай көрінбек. Әйткенмен, сол «кішігірім» мекемелердің болуы тегіннен-тегін емес. Алдымен, ол ұйымдар адамға қызмет етіп отырғаны анық. Мәселен, «Өмірлік қиын жағдайдағы тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіру орталығы» деп аталатын мекемені алайық. Оның атын да, затын да көпшілік біле бермейді.
Жұмысымен танысу мақсатында осы мекемеге ат басын тіреген едік. Жезқазған қаласындағы бұл орталықтың директоры Жақып Аймурзинді әңгімеге тарттық. Мекемесі мемлекеттік екен, яғни жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын көрінеді. Орталықтың атауы айтып тұрғандай, екі қолға күрек ұстарлық жағдайы жоқ, оны қойып үйі-күйі жоқ жандарға қамқорлық көрсету үшін құрылған мекеме. 40 орындық, яки бір мезетте осыншама адамды ақ төсекке жатқызып, үш мезгіл тағамын беріп, медициналық ем-домын көрсете алады. Одан қалды тағдыр тауқыметіне түсіп, мүсәпір халге ұрынған ол жандарға көрсетілер психолог қызметі және бар. Әдебиет қоры тәп-тәуір кітапханасы жұмыс істейді.
Өзін осы мекемені 2006 жылдан бері басқарып келе жатқандығын айтқан Жақып Балықбайұлы:
– Бізге келгендердің арасында науқастары болса, онысын анықтап, тиісті емдеу орындарына жібереміз. Кейбіреулердің жоғалған жеке құжаттарын алып беруге ықпал боламыз. Бізде айлап, жылдап жатуларына тура келеді. Жылдар аралатып, қайтып келетіндер де бар. Шағын мекемеміздің, біле-білгенге, атқарар жұмысы ауқымды, – дей келді де ол:
– Орталықтың жалпы жұмысынан бұрын, біздің бір қызметкеріміз туралы жазсаңыз. Осындай сізге өтініш жасағалы отырмын. Аспаз Гүлбану Мұсабекова әбден мақтауға тұрарлық. Осында жұмыс істеп жатқанына 22 жыл болды. Тәжірибелі маман. Жас әріптестерінің тәлімгері. Жүзі жарқын. Үнемі жайдары жүреді. Көпшіл, бізде жатқан жүрегі жаралы жандармен ортақ тіл таба біледі, – деп басшы қызметкерін мақтай жөнелді.
Бұл мекеменің аспаздары ауысыммен жұмыс істейді екен. Мұнда жатқандар Гүлбанудың жұмысқа келетін күнін асыға күтіп отыратын көрінеді. Өйткені оның пісірген тамағы қашан да дәмді болады деседі екен олар. Бір жағы әзіл-қалжың ретінде айтылса да, астарында шындық бар тәрізді.
Гүлбанудың өзі айтады:
– Рас, бізде жатқандар қалжыңдап: – Бүгін асхананың іші жарқырап кетті ғой. Сөйтсек Гүлбану келген екен ғой. Сен келген күні асхана іші көңілді көңіл-күйге бөленеді. Сен пісірген тамақ та айырықша дәмді болады, – деген тұрғыда өзіме де жиі айтып жатады. Риясыз шын көңілмен айтылған уәж қашанда адамды қуанышқа бөлейді ғой. Ондай мадақтау сөз жан семіртеді емес пе. Жалпы қай шаруаны болсын шын көңілмен беріле істесең, нәтижесі ойдағыдай болмақ. Мен өз кәсібімді өте жақсы көремін. Жұмысымды бар ынта-жігеріммен беріле істеймін. Мүмкін тамақты дәмді пісіретінім де сондықтан болар. Әйтпесе өзге аспаздардан бөле-жара пісірер асым жоқ. Барлығы нақты белгіленген, басшылар бекіткен арнаулы ас мәзіріне орай тамақ дайындаймыз. Рас, кейде осылар үй тамағын сағынған шығар деп, қолдан нан илеп, кеспе пісіріп беретінім бар. Иә, жылы сөзбен, ашық қабақпен берілетін ас та дәмді болып көрінеді емес пе. Тағдыр тауқыметіне түскен осы бір жандарға жаным ашиды. Жүрегі жарымжан оларға сөзбен болса да демеу болуға тырысамын. Қабақтарына қарап, аналық мейірімге бөлегім келіп тұрады, – деген оның шешіле айтқан әңгімесін сол қаз-қалпында қағазға түсіруге тырыстым.
Басшының қызметкері Гүлбану Сабырқызын тегін мақтамағанын ұққандай болдым. Қарапайым мамандық иесінің ұжым болып, өмірдегі қиын жағдайға тап болған тұлғаларды қайтадан әлеуметтендіруге жұмылған ортақ іс-әрекеттеріне өзіндік үлесін қосып отырғанына қалайша сүйсінбессің. Иә, мадақтап-құрметтеуге әбден тұрарлық тұлға екен. Соны көңілге түйдік.
Өзінің «аналық мейірімге бөлегім келеді» деген бірауыз сөзі түрткі болды ма, ол кісінің отбасы туралы білгім келді. Сөз суыртпақ отырып Гүлбану Сабырқызының әнші Медет Көжекбаевтың анасы екенін білуім тосын жайт болды. Ән-күйге құлағы түрік қауым республикалық телеарналардан көріп-тыңдап жүрген әнші Медетті жақсы білсе керек. Өзіміздің жезқазғандық жас деп мақтан тұтар едік. Өнерсүйер жерлестерінен бұрын, анасының аңқылдаған жүрекпен ел алдында жүрген ұлын мақтан тұтуы айырықша.
Гүлбану Сабырқызы ұлы туралы тағы шешіле әңгімелей жөнелді. Медет мектеп қабырғасында жүргенде-ақ «әнші бала» атаныпты. Біреулер оны нағашыларына тартқан дер еді. Әкесі Бекназар Көжекбаев та өнерден қаражаяу емес екен. Сөйтсек, ол кісінің анасы Орынтай Ұлытау өңіріне аты мәлім әнші болған көрінеді. Қанмен дарыған әнге әуестік баланы болашаққа бастайды. Жезқазған қаласында № 13 орта мектептің жоғары сыныптарында оқып жүргенде-ақ республикалық «Бозторғай» тәрізді бірқыдыру ән байқауларына қатысып, жүлдегер атанады. Өскен соң бірыңғай әншілікке бой ұрады. Алматыда «Арай» тобында елге танылған Медет бүгінде жеке-дара сахнаға шығып жүр екен.
– Әрине, ұлымыздың өнер жолында биік белестерден көріне беруіне тілектеспіз-ақ. Жасы 34-ке келген Медетім мен келінім Құралай бізді үш немеренің ата-әжесі атандырып отырғаны өмір қуанышы деп білемін, – дейді Гүлбану Сабырқызы.
Мақаламыздың тобықтай түйініне келгенде аңғардық, қарапайым мамандық иесі Гүлбану Сабырқызы туралы айтарымыз көп екен. Ал, бірауыз сөзбен жеткізер болсақ, ол – мейірімділігімен маңайын көтеріңкі көңіл-күйге бөлеген, жүзінен шуақ төгілген абзал жан.
Шахмұрат ИБАДАТҰЛЫ.