Ұлытау облысының орталығындағы бірқатар басты көшенің жолын жөндеуде жаңа технология қолданылуда. Атап айтар болсақ, қоғамдық көлік пен жолаушылар, жаяу жүргіншілер көп қатынайтын аумақтарға қиыршық тас мастикалы асфальт жабындысы төселіп жатыр.
Аталған технология бойынша Жезқазғандағы негізгі 6 көше (Некрасов, Сейфуллин, Бейбітшілік, Омаров, Ғарышкерлер, Абай) қамтылатын болды. Мамандардың пайымдауынша қиыршық тас мастикалы асфальт жабындысы суға төзімділігімен ерекшеленеді. Қазіргі таңда Некрасов (Холмецкий мен Аманжолов көшелерінің аралығында), Бейбітшілік, Сейфуллин (Аманжоловтан Алашахан даңғылына дейін) көшелерінде аталған технология бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Омаров, Ғарышкерлер, Абай көшелерінде 20 маусымнан басталуы тиіс.
Орайы келгенде айта кетейік, биыл Жезқазған қаласының жолдарын жөндеу жұмыстары қарқынды. Көптеген көшелерде жұмыс аяқталып, ел жаңа жолдың қызығын көруде.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.