Үстіміздегі жылы Жезқазған қаласын сапалы жерасты су көзімен қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Үйтас-Айдос» жобасының І кезеңі сәтті аяқталды, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Нәтижесінде облыс орталығының халқына беріліп отырған ауызсудың 30 пайызын осы жерасты суы құрайтын болды. Аптаның басында аймақ басшысы Дастан Рыспеков осы атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Жобаның бірінші кезеңі бойынша «Үйтас-Айдос» су қабылдау орынындағы көтерме сорғы жаңартылып, диаметрі 800 мм. болатын 51 шақырым құбыр ауыстырылды. Қазіргі уақытта жоба бойынша Жезқазған қаласының шаруашылық, ауыз суын тазарту орталығында іске қосу-реттеу жұмыстары жүргізілуде.
Орайы келгенде айта кетейік, жоба жалпы ІІІ кезеңнен тұрады. ІІ кезең келесі жылы басталады. Оған қажетті қаражаты бөлінді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2022 жылы қолға алынған бастама 2027 жылға дейін жалғасады деп күтілуде.
Ұлытау облысының әкімі өз кезегінде қала тұрғындарының 2026 жылдың соңына дейін 70 пайыз, 2027 жылдың соңына дейін жүз пайыз жер асты су қорымен қамтылуын тапсырып, жобаны қатаң бақылауда ұстайтынын жеткізді. Сондай-ақ өңір басшысы жобаның кезең-кезеңмен жүзеге асуы – бірте-бірте жерүсті суына тәуелділікті азайтып, нәтижесінде толықтай таза ауыз суға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.
– Келесі жылы ІІ кезеңді уақытылы бастап, сапалы орындауды және оны 2026 жылдың соңынан қалдырмай аяқтауды тапсырамын. Сондай-ақ, ІІІ кезеңді қаржыландыру жолдарын қазірден қарастырып, жобаның жүзеге асу барысын бақылауда ұстау қажет, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Досан ДУЛЫҒАЛЫ.