Қазақта бұл күні не көп – той көп. Бала «шыр» етіп дүние есігін ашқаннан бастап, Алла нәсіп еткен жасқа келген сайын тойлап жатады. Тойласын. Тойлайық. Алла тойдан кенде қылмасын. Бірақ, айтайын дегенім бұл емес еді. Әңгіме сондай бір тойда өрбіген соң, көкейге келген ойды бөлісейін дедім.
Хоош. Сондай бір тойда дәмдес болып отырған егде жасқа келіп қалған апамыз «Қыздан туғанның қиығы жоқ», деген қазақ. Қызымның баласын немере десем несі бар екен. Мен үшін ол да немерем. Жұрт айтса айта берсін» демесі бар ма…
Апырмай, біз осы қайда бара жатырмыз деп ойладым мен. Кешегі бабадан балаға мирас болып келе жатқан туыстық атаулар тура осы жерге келгенде үзілгені ме?! Неге біз «ЖИЕН» деген сөзден жеритін болдық. Сонда біз «немере» мен «жиеннің» ара-жігін ажыратудан қалып бара жатырмыз ба?!
Асылында, қазақ қыздан туған баланы ешқашан немере деп атамаған ғой. Бұл баланы кемсіту немесе бөлектеу емес. Керісінше құрметтің, сыйластықтың белгісі. Біле білсеңіз, жиеннің орны немереден жоғары. Атам қазақ «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан» деген сөзді тегін айтпаса керек. Байқап қарасаңыз, қазақтың бетке ұстар танымал тұлғалары, ақын, жырау, әншілеріне дара қасиет сол нағашыларынан дарыған. Қыздан туған балалардың көбі нағашыларына тартатынын ғылым да дәлелдеп отыр. Биологиялық сараптама жасаған ғалымдардың пікірінше, баланың қан құрамының 70 пайызы анасынан беріледі деген тұжырымдар бар. Сондықтан да «жиен» дегеннен жеритін жөніміз жоқ.
Осы мақаланы жазарда ғаламторда шарлап «жиен» деген сөздің шығу тарихын да іздеп көрдім. Сонда мына бір қызықты әпсананы тауып алған едім. Қызық әңгіме. «Ертеде қыз төркіндеп, бала-шағасымен барғанда, нағашысы қызының баласына мал таңдатады екен. Бала қалаған малдарын таңдап, ен салып кетеді. Жаз шыға мал толысқан соң, әлгі бала нағашылап келгенде, нағашысы: «Ал балам, жи еніңді!» деп малын жинатып алады екен. Халық аузында «жиен» атауы осылай пайда болыпты» дейді ел аузындағы әңгіме.
Шын мәнінде, жиеннің нағашысына келіп, еркелеп, қалағанын алып кетуіне хақысы бар. Өкінішке орай, атадан балаға мирас болып келе жатқан қазақтың осы жиендік салт-дәстүрі де ұмыт болып барады. Ал, оған қызының көңіліне қарап баласын «жиен» демей, «немерем» дейтін ата-әжелердің көбейіп кеткені де себеп болуда. «Жиен» деуге жерініп «немере» деп атағаннан қаншама бала жиендік жасау жоралғысынан мақұрым қалып жатыр.
… Ортаға ой-толғам тастағандағы мақсатым да көпті көрген үлкендер, немере сүйген, жиенді құрметтеген, қазақтың салтын дәріптеп, ғибратқа толы дәстүрімізді кейінгілерге өнеге ретінде айтып, құлақтарына құйып отырса деген ой ғой. Әйтпесе, арамызда қазақтың туыстық атауын шатастырып, ұрпақтарына теріс түсіндіріп жүргендер көбейіп кетті. Соның бірі «бөлеге» қатысты. Бұл енді келесі тақырыбымыздың тамыздығы.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.