Биыл 20 желтоқсанда «Арқаның інжу-маржаны» атанған алып мыс өндірісінің ошағы, данышпан ғалым Қаныш Сәтбаевтың көрегендігі мен қажырлы да табанды еңбегі арқасында сағым жортқан иен далада бой көтерген Жезқазған қаласына 70 жыл толады. 1939 жылы Кеңгір жұмысшы ауылы ретінде іргесі қаланып, 1941 жылы Үлкен Жезқазған болып аталған жұмысшылар кентіне қала мәртебесі 1954 жылы берілген еді. Қазір мысты шаһар – Ұлытау облысының орталығы. 8 қыркүйекте Қала күні бар салтанатымен аталып өтті. Айшықты мереке Қаныш Сәтбаев ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталып, соңы салтанатты жиынға ұласты.
Қазақтың жер ортасы да, ел ортасы да – осы Жезқазған. Аймақтың шапшаң игерілуіне бірден-бір себепкер болған – оның мол табиғи байлықтары. Атақты ғалымдар бұл жерді ертеден өндіріс ошағы деп таныған. Алдымен, қаланың болашағын қалыптастырған академик Қ.Сәтбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Оған аймақ басшысы бастаған, депутаттар қостаған ел азаматтары қатысты.
Одан әрі Серке театрында салтанатты жиын өтті. Мысты өңір – қазір аймақтағы экономиканың негізгі діңгегі. Жезқазған қаласының кешенді жоспары мен мемлекеттік бағдарламалардың арқасында бірнеше жоба қанатын кеңге жайды. Өңірлерді дамыту бағдарламасы арқылы шаһардағы шалғай ауылдар тіршілігі түрлене түсуде. Облыс әкімдігінің қолдауының арқасында аймақ қайта жаңалануда.
– Жезқазған ілгерілеу, гүлдену кезеңінің басында тұр. Қордаланған мәселелердің түйінін тарқатып, жоспарланған шаруаларды бірте-бірте іске асыру қолға алынды, – деді өзінің құттықтау сөзінде облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы. – Көптеген тұрғындардың көкейінде жүрген су мәселесі, жылу мәселесі шешіліп келеді. Жылу құбырлары ауыстырылуда, жолдар қалпына келтірілуде.
Мерекелік шарада қаланың өсіп өркендеуіне үлес қосқан 5 азаматқа «Жезқазған қаласының құрметті азаматы» атағы берілді. Одан бөлек, қаланың экономикалық, әлеуметтік өміріне белсене атсалысқан азаматтарға «Жезқазғанға – 70 жыл» мерейтойлық медалі тапсырылды.
– Жезқазған тек қана бір мыс пен кен орны емес. Асты кенге қалай бай болса, үсті де солай талантқа бай. Сол таланттарды елдің алдына шығару біздің азаматтық парызымыз. Той тойға ұлассын. Мереке құтты болсын! – дейді белгілі дәстүрлі әнші, ҚР еңбек сіңірген артисі Серік Оспанов.
70 жылдық мерейтойда жезқазғандықтар көптеген тосын сыйға куә болуда. Жастар, Наурыз саябақтары қайта жаңғыртылды. Балаларға арналған ойын алаңдары, үйлердің қасбеттері жаңарды. Жолдар жөндеуден өтуде. Жаңа аялдамалар халық игілігіне берілді. Жайлы мектеп ұлттық жобасы аясында мектеп салынуда, жақын арада шахмат академиясы ашылады, 320 орындық денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Иә, жетпістің биігіне қадам басқан Жезқазғанның келешегі жарқын! Енді бір бес-он жылда туған шаһарымыз кеңейіп, су қоймасының қос қапталына қанат жайған ару қалаға айналарына күмән келтіргіміз келмейді. Жайнай бер, жасай бер, Жезқазғаным!
Салтанатты шара мерекелік концертпен түйінделді. «Арқа даласының мыс күмбезі» – алтын аймақтың мерейлі 70-ші белесіне арналып Алаш алаңында қазақ эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтті. Бұл күні сахнада 700-ге жуық жезқазғандық өнерпаздың басы қосылды. Олар Меруерт Түсіпбаева бастаған, «Қазақша терапия» тобы қостаған майталмандармен бір сахнада ән шырқады, би биледі.
Қала күнін жезқазғандықтармен бірге атап өтуге «Сәтбаев» фильмінде Қаныш атамыздың бейнесін сомдаған кино және театр актері Әсет Есжан да келген екен.
– Мен осыдан екі жыл бұрын Сәтбаев атамыздың рөлін сомдадым. Фильм түсірілгеннен кейін Жезқазған бөлек отау тігіп, облыс орталығы атанды. 32 жылдың ішінде қаладан үлкен өзгеріс байқап жатырмын. Қаныш армандағандай қала болатынына сенімдімін, – дейді ол.
Мерекелік концерт театрландырылған қойылыммен басталды. Көріністе – қаланың дәуірлеген һәм дамылдаған да кезеңдері қамтылған. Жұлдызды қонақтар Жезқазғанды туған күнімен құттықтады.
Үш сағатқа созылған кеш жоғары нотада мәреге жетті. Концерт соңында арнайы отшашу атылды. Туған күніңмен, Жезқазған!
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.