4 маусым – Мемлекеттік рәміздер күні. Бұл күн барша қазақстандықтардың елге деген мақтанышын оятатын мерекеге айналған. Айтулы шара жылдағыдай еліміздің әр өңірінде кең көлемде тойланды. Облыс орталығында Ту көтеру рәсімі ұйымдастырылып қала жастары автошеруге шықты.
Ту, Елтаңба және Әнұран. Егемендіктің ең басты белгісі, тәуелсіз елдің нышаны осылар. Рәміздерге құрмет көрсету, өзіңнің елдігіңді бағалау, тәуелсіздігіңді ұлықтау.
– Егемен елдің ұландары үшін Рәміздер күнінің маңызы зор. Олар Көк туымызды әлемдік додаларда желбіретіп, мерейін асқақтатуды борышым деп біледі, – дейді каратэ-киокуншикайдан Ұлытау облысының аға бапкері Нұрбек Сейтмағамбетов.
Салтанатты іс-шарадан кейін, облыс жастары бастап, «Шевролет» клубының мүшелері қостап 115 авто, 7 мотоцикл автошеруге шықты. Көк байрақты көкке көтере желбіреткен осы көліктер колонна түзіп, шаһардың басты көшелерімен жүріп өтті. Қалаішілік жол көлемі 30 шақырымды құрайды. Автошеру Теуелсіздік монументі алаңында түйінделді.
Бұл жердегі әрбір сәт барша адамзатты отансүйгіштікке шақырғандай әсер қалдырды. Жастардың бойынан рухты,жігерді, елге,жерге деген құрметті байқадық. Халқымыздың рухын, қаһармандығы мен даналығын, асқақ арман-тілегін жеткізетін рәміздер қазақ жұрты үшін қастерлі, қадірлі. Мәңгілік елдің аспанында Көк туымыз желбірей берсін!
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.