Қаланың мерйтойы туралы әңгіме қозғалғанда тарих беттерін парақтамай өте алмайсыз. Ал, тарихтың бір парасы – қала көшелері екені де даусыз. Өйткені әр көшенің атауы сол өңірдің тарихымен тығыз байланысты. Осы орайда біз Жезқазған қаласының 70 жылдық тарихында өзіндік өрнегі бар қала көшелеріне берілген тұлғалар жайлы да сөз етуді жөн көрдік.
Қала алғаш құрылғанда оның халқының басым бөлігі Одақ көлемінде жер-жерден арнайы жолдамалармен, шақырулармен келген, көзі ашық жас маман-құрылысшылар мен Жезқазган, Кеңгір лагерьлерінің тұтқындары болды. Олар ұлттық құрамы жағынан да бірнеше ұлт өкілдерінен тұрды. Сол себепті де қала көшелері құрылыс салынып жатқанда жер ерекшеліктеріне байланысты, оның орналасқан жеріне байланысты, тағы да басқа себептерге сәйкес аталып кете берген. Мысалы: Интернациональная, Звездная, Бытовая, Центральная, Строителей, т.б. Бұндай көшелердің көбі арнайы құжатпен ресімделмеген. Құзырлы орындардың нақты шешімдері болмағандықтан кейбір көшелердің атаулары қай жылы, қандай құжатпен берілгендігі де белгісіз. Тек соңғы кездері қала әкімдігі жанынан құрылган ономастикалық комиссияның көмегімен қазақшалынып, қалпына келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады. Ал, әзірге біз қолымыздағы бар ақпараттарға сүйене отырып туған қаланың тарихымен терең танысамын деген оқырмандарымызға қала көшелерін таныстырмақпыз. Бұл тізімдер оқырмандарымыздың жадындағы жәдігерлерді жаңғыртуға жәрдемін тигізеді деген ойдамыз.
АБАЙ КӨШЕСІ – қала орталығындағы ең ұзын көшелердің бірі. Бұл көше бойында «Қарлығаш» балалар шипажайы, «Қаратал» емханасы, «Қазақмыс» корпорациясының бас ғимараты, № 11 қазақ орта мектебі, мемлекеттік өрт сөндіру қызметі, қазақ-түрік лицейі, № 6 және №9 кәсіптік-техникалык мектептері, «Әмбебап» сауда дүкені орналасқан. Көше абаттандырылып, көгаландырылған. Негізінен 1-2 және 5 қабатты үйлер бой түзеген. Көше атауы еңбекшілер депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1958 жылғы 12 ақпандағы № 49 шешімімен қазақтың атақты ақыны, ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың құрметіне аталған. Көшенің жалпы ұзындығы – 3200 метр, асфальтталған.
АҒЫБАЙ БАТЫР – көшесі қаланың оңтүстігіндегі Комбинатский қалашығында орналасқан. Көшені коттедж үйлер құрайды. Бұл көше бұдан бұрын Дальная болып аталған. Көше атауы халық депутаттарының Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1990 жылғы 13 қыркүйегіндегі № 616/18 шешімімен 2-Дальнаядан Ағыбай батыр болып қайта өзгертілген. Көшенің жалпы ұзындығы – 150 метр, асфальтталған.
Ағыбай батыр (1802 – 1885ж.) Ұлытау өңірінде туған. Кенесары Қасымовтың Ресей отаршылығына қарсы көтеріліс басшыларының бірі, қолбасшы. Жорықта жолы болғыштығы үшін «Ақжолтай батыр» атанған. Сарбаздары Абылай есімімен қатар Ағыбай батырды да ұранға айналдырған. 13 жасынан қолына қару алып, 1824 жылы Қарқаралы аймағында Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы көтеріліске белсене араласқан. Ағыбай батыр бастаған қол 1826 – 1849 жылдар аралығында Ресей әскерлерімен бетпе-бет шайқасып, бірнеше рет күйрете соққы берген. Ресей империясының Қазақстандағы тірек орталықтары – Қарқаралы, Ақтау, Ақмола бекіністеріне шабуыл жасап, патша әскерлерін Ырғыз, Тобыл өзендері бойындағы ұрыстарда, Қызылжар, Көкшетау шайқастарында тас-талқан етіп жеңген. Қырғыз манабы Орманға қарсы соғыстарда ерекше ерлік көрсеткен. 1847 жылы Кенесары ханның Кекілік тауындағы қырғыздармен айқасында Наурызбай батырмен бірге дұшпан шебін бұзып өткен. Кенесары өлгеннен кейін де Ресей өктемдігіне қарсылығын тоқтатпай, Сыздық төре қолы құрамында соғыс жүргізген. Кейінірек 1849 жылдарға дейін Ресей өкіметінің қамалдарына өз бетінше шабуылдар жасаған. Өмірінің соңғы кезеңдерінде егіншілікпен, балық аулаумен айналысқан. Дүниеден қайтқан соң Ресей өкіметі оның мәйітін Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне жерлеуге рұқсат етпей, батырдың денесі Сарыарқа мен Бетпақ даланың шектескен Тайатқан-Шұнақ деген жерге жерленген. Кенесарының бас батыры Ағыбай батырдың өмір жолы қазақ тарихшылары мен қаламгерлерінің шығармаларына арқау болған.
АЙБАСОВ Б. КӨШЕСІ – қаланың шығыс жақ шеткі жағалауында орналасқан кішігірім көше. Чехов көшесінен басталып, Холмецкий көшесінен аяқталады. Тарадай көшелерімен киылысып, Рысқұлов көшесіне жалғасады. Көше бұдан бұрын Лазо көшесі деп аталынған.
Жезқазған қалалық мәслихатының 1999 жылғы 14 қарашадағы № 2/18 шешімімен Лазо көшесі Б. Айбасов болып қайта өзгертілген. Көшенің жалпы ұзындығы – 250 метр, асфальтталған.
Айбасов Бірмұхамед (1895 – 28.02.1938) Ақмола облысының Атбасар уезі, Ұлытау болысында, 30 жылдан астам фельдшер болған Айбас Байтабынұлының отбасында туған. 1913 – 1917 жылдары Омбыда ауыл шаруашылық училищесінде дәріс алды. С. Сейфуллин, М. Жұмабаев, Н. Нұрмақовпен бірге «Бірлік» атты одақ құрған. 1917 ж. Омбы оқуын бітіріп келген 22 жасар Біркей С. Сейфуллинмен бірге Ақмола уездік қазақ комитетінің, «Жас қазақ» ұйымының ісіне белсене араласады. Қызыл профессура институтын (Мәскеу, 1933) бітірген. 20-жылдары Ақмола облысында Жер басқармасының бастығы, Семей губ. «Қосшы» одағының төрағасы (1925 – 1928), Қазақ ауыл шаруашылық кооперация одағы мал шаруашылық бөлімінің бастыгы, өлкелік кооперация техникумының директоры (1928 – 93І ж. ж.).
Байларды тәркілеуде, қазақ шаруаларын ұжымдастырудағы асыра сілтеушілікке қарсы шыққандығы үшін қуғынға ұшырады. 1933 жылы 24 ақпанда И. Сталинге жазылған «Алтаудың хатының» авторларының бірі. 1933 – 1935 жылдары Түрген қой кеңшары саяси бөлімінің бастығы болды. 1938 жылы 28 ақпанда Алматы қаласында Қазақстан партия баспасының бас редакторы болып қызмет атқарып жүрген Б. Айбасов халық жауы ретінде ұсталып, атылды. КСРО Жоғарғы Сотының әскери алқасының 28.02.1958 ж. шешімімен ақталған.
Оның тырнақ алды туындылары – «Кім едім», «Өткен күн» атты өлеңдері 1915 ж. қазақтың ең тұңғыш журналы «Айқапта» жарияланған.
АЙМАНОВ Ш. КӨШЕСІ – Жезқазған қаласының оңтүстігіндегі Рыбачий елді мекенінде орналасқан. Бұл көшені негізінен коттедж үйлер құрайды. Бұл көше бұдан бұрын Загорная болып аталған. Халық депутаттары Жезқазған қалалық Кеңесі атқару комитетінің 1990 жылғы 13 қыркүйектегі № 616/18 шешімімен Загорная көшесі Айманов Шәкен болып қайта өзгертілген. Көшенің жалпы ұзындығы – 1953 метр, асфальтталған.
Айманов Шәкен (Шаһкерім) – (15.02.1914 – 24.12.1970 ж. ж.) туып-өскен жері – Павлодар облысының Баянауыл ауданы. КРСО халық артисі, КРСО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Топырақ бұйырған жері – Алматы қаласы. Орта мектеп бітірген соң (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Осы кезден бастап театр өнерімен әуестеніп, 1933 жылы Қазақ драма театрының құрамына алынады. Осы театр сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, актерлік шығармашылығын шыңдады. Театрдың бас режиссері болды (1947 – 1951). 1953 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін қазақ кино өнері саласында өнімді еңбек етті. Шәкен Айманов – аса дарынды суреткер актер, ойшыл режиссер ретінде қазақтың сахна өнері мен кино өнерінің қалыптасып, шындалуына айырықша ықпал еткен, өшпес із қалдырған дара дарын иесі. Ш. Айманов қойған «Абай» спектакліне 1952 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Ш. Айманов актер ретінде алдымен кейіпкерінің жандүниесін ашуға және соған лайықты ұтымды әрекет-қимылдар жасау шеберлігімен ерекшеленсе, режиссер ретінде шығармаға көркемдік-идеялық мазмұн дарытуға, ұлттық ерекшеліктердің бояуын қанық етуге, заман мен қоғам туралы философиялық ой-толғам жасауға айырықша мән бере білетін дарынды суреткер.
(«Жезқазған қаласының көшелері» кітабынан).