Бұл жұмысты биылғы сәуір-желтоқсан айлары аралығына жүзеге асыру жоспарланған. Бұл туралы облыс орталығын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы мәлімдеді.
Жезқазған қаласының халқы жылына 60 миллион текше метр ауызсу тұтынады. Алайда, сол судың сапасы сын көтермейді. Себебі, тіршілік нәрінің дені жылдағы қар суынан жиналатын Кеңгір қоймасынан беріледі. Тоған суы гидроцехта тазартылады. Алайда, сонау 1960 жылдары салынған бұл мекеменің құрылғылары әбден ескіріп, тозығы жеткен, техника әрең жұмыс істеп тұрды. Енді, қаланың бас жоспарына сәйкес бұл жұмыстар қолға алынды.
– Ауыз су – халық ең көп көтеретін проблеманың бірі, – деді өңір басшысы Берік Әбдіғалиұлы. – Қазіргі таңда гидроцехта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол жерде жай бұрыңғыдай хлормен емес, жаңа жұйе бойынша судың тазаруы жүріп жатыр. Үйтас-Айдостан су тарту мәселесі конкурс бойынша шешілмек. Оның барлығын біз экология министрінің құзырына бердік.
Сондай-ақ қаланың шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын қайта жаңарту шеңберінде 2023 жылы 1 млрд. 32 млн. теңгеге 5 резервуар жөнделетін болады. Жоба бойынша жұмыстар осы жылдың басынан бастап жүргізіліп жатыр. Ал оның аяқталуы 2024 жылдың желтоқсанына жоспарланған.Қазір Үйтас-Айдос жерасты қорынан су тартуға арналған ескі құбырды ауыстыру бойынша жұмыстар басталды.
Бұдан бөлек, жалпы ұзындығы 218,7 км қалаішілік су құбыры желілерін қайта жаңарту жалғасады. Соммасы – 1 млрд. 63 млн. теңге. Ал, Кеңгір су қоймасын жаңғырту жұмыстары тағы сол қаражаттың жоқтығынан тоқырап тұр.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.