Елімізде жыл сайын сәуірдің алғашқы жексенбісінде Геологтар күні атап өтіледі. Бұл мереке 2011 жылғы 20 қазандағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің жарлығынан кейін атап өту дәстүрге айналған.
Бүгінгі таңда саланы дамытуға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та баса көңіл бөліп отыр. Ол 2023 жылғы 1 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына Жолдауында геологиялық барлау жұмыстарын да одан әрі жандандыруды тапсырды. «Геологиялық барлау ісі айрықша назар аударуды қажет етеді. Еліміздің минералды шикізат базасын толықтыру үшін 2018 жылы тау-кен саласын басқару мәселесіне қатысты жаңа заңдар қабылданды. Бірақ заң талаптары толық орындалмай жатыр. Соның салдарынан табиғи ресурсқа қанша бай болсақ та, көптен бері ауыз толтырып айтатын геологиялық жаңалық ашылған жоқ. Ахуалды дереу өзгерту керек»,– деді.
Жер қойнауындағы пайдалы қазбалардың көзін ашып жүрген мамандық иелеріне деген құрмет «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС өңірлердегі кәсіпорындарында жыл сайын көрініс тауып келеді. Солардың қатарында Қарағанды өңіріндегі ірі кен өндіруші «Нұрқазған» кеніші де бар.
Геологтарға деген ыстық лебізін кеніш директоры Мұқан Үңгітбаев жеткізіп, бөлім мамандарына алғысын білдірді: – Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Бұл мереке – бүкіл қоғамымыз үшін қажетті ресурстарды іздеумен және өндірумен шұғылданатын әрбір адам үшін өте маңызды күн. Адамзат баласының қолы жеткен барлық жетістіктері үшін біз жер қойнауының байлығы мен оның қыр-сырын ашатын жандарға қарыздармыз. Сіздерге мықты денсаулық, қажымас қайрат тілейміз. Алдағы уақытта қызықты зерттеулер мен маңызды жаңалықтар ашуларыңызға тілектеспін, – деген Мұқан Жалғасұлы бір топ үздіктерді марапаттады. «КәсіпҚорған» кәсіподағы комитетінің төрағасы Айбын Арынғазинов ұйым атынан геологиялық бөлім мамандарына сый-құрмет көрсетті.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.