Биыл салалық «КәсіпҚорған» кәсіподағының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Ортақ мерейтой құтты болсын! Осы кәсіподақтың құрылуына, оның қаз тұрып, дамуына, өз мүшелерінің толыққанды қорғанына айналуға ат салысқан, көмектескен, қолдаған барша әріптесіме алғысым шексіз. «КәсіпҚорғанның» өткенін, бүгінгісін бір саралап, келешекте атқарар істерді бір бағамдап алуды жөн көрдім.
2009 жылға дейін «Қазақмыс» корпорациясында компания қызметкерлерінің бірегей өкілі саналған біріккен кәсіподақ комитеті болғаны көпшіліктің есінде шығар. Ол бір қарағанда Шығыс Қазақстандағы, Балқаш пен Қарағандыдағы, облыстың басқа қалаларындағы кәсіпкомдардың қызметін үйлестіріп, басшылық жасаған, мүшелерінің өкілі ретінде жұмыс берушімен келіссөз жүргізген түр көрсеткенімен, табандылық таныта алмады.
Сол жылы біріккен кәсіподақ комитетінің басшылығы қайта құру жұмысын жүргізіп, нәтижесінде барлық аймақтағы кәсіпкомдар бас кеңсесі ел астанасында орналасқан кен-металлургия өнеркәсібі қызметкерлері кәсіподағының (кейінен «Казпрофметалл») филиалына айналды. Келесі жылы корпорацияның біріккен кәсіподақ комитеті таратылды. Сөйтіп кәсіпорындарда еңбекшілердің мүддесін қорғап, жұмыс берушімен арада дәнекер болатын бірегей кәсіподақ ұйымы қалмады.
Басы бірікпеген кәсіподақ ұйымдарының бас кеңсемен байланысы үзілді. Оның үстіне «Казпрофметалл» уақыт талабынан оқшау қалып, жұмысын ескі тәсілмен жалғастыра берді. Әлеуметтік-еңбек қатынасы, әлеуметтік серіктестік, қалыпты еңбек жағдайын жасау мәселелерімен айналыспады. Билікті уысында ұстаған «Казпрофметалл» басшылығы төменгі буынның тірлігін естен шығарды, тек мүшелік жарнаның түсуін қадағалады. Әрине, мұндай жағдай кәсіподақтың ғана емес, компания басшылығының да наразылығын тудырды.
2012 жылы 18-сәуірде өндіріс ардагерлері, аймақтардағы кәсіпорын өкілдері Сәтбаев қаласында бас қосып жаңа кәсіподақ ұйымын құруға шешім қабылдады, оның құрылтайшыларын бекітті. Сол жылы 17-мамырда «КәсіпҚазақмыс» салалық кәсіподағы, қазіргі «КәсіпҚорған» облыстық әділет органында мемлекеттік тіркеуден өтті. «Қазақмыс» корпорациясының кәсіпорындарында беделді кәсіподақ ұйымы болып табылатын «КәсіпҚорған» бүгінде еліміздің 9 аймағында 11 филиалды біріктіріп отыр, 52 мыңнан астам мүшесі бар. Бастауыш буындарындағы төрағалардың 70 проценті жаңарған.
Еңбек қатынасында жұмысшылар мүддесін, әлеуметтік-экономикалық құқын қорғайтын «КәсіпҚорған» өндірісте қауіпсіз еңбек жағдайын жасау тұрғысындағы қоғамдық бақылауға баса назар аударады. Жұмыс берушілер өкілдерімен бірлесіп ксіпорындарда 18 өндірістік кеңес құрылған, оларда кәсіпком жіберген 246 техникалық инспектор жұмыс істейді. Олар тек өткен жылы ғана 3722 тексеру жасап, 7696 кемшіліктің бетін ашты. Ашылған кемшіліктің 7675-і белгіленген мерзімде жойылды.
Корпорацияның тиісті қызметтерімен бірлесіп тұрмыстық ғимараттың жұмысына, адамдарды қажетті құралмен, жұмыс киімімен уақытылы және сапалы қамтамасыз етуге жүйелі қоғамдық бақылау орнатылған. Өндірістік тұрмыстық ғимараттар мен асханаларды жөндеудің бағдарламасы жүзеге асырылуда. «КәсіпҚорған» кәсіпкомдары санаторий мен курортқа жолдама береді, мәдени-спорттық, қайырымдылық шараларын өткізуге, жастардың кәсіби біліктілігін арттыратын байқаулар өткізуге ұйтқы болып келеді.
Қазір компанияда жұмыс істейтіндер, әсіресе, кен өндіру кешеніндегілер сала бойынша жоғары жалақы алатындығын қанағаттанарлық сезіммен айта аламыз. «Қазақмыс Холдинг» басшылығы әлемді әбігерге салған індет кезінде барлық жұмысшыларына бірнеше мәрте бір реттік материалдық көмек көрсетті, ал биыл барлық жұмысшылардың жалақысы 30 процент өсті.
Өткен он жылдағы қол жеткен басты жетістігіміз – жұмыс берушілермен және олардың өкілдерімен жемісті қызмет атқарудың үлгісін қалыптастырдық. Дау-дамайды орынсыз өршітпей, барлық мәселені келіссөз арқылы шешуге қол жеткіздік. Соның нәтижесінде небір өткір мәселені бірлесіп шешіп отырдық. Қазір жұмыс берушілермен 27 ұжымдық келісім-шартқа қол қойылған. Енді «Қазақмыс Коал» және «АК Алтыналмас» жауапкершілігі шектеулі серіктестерімен жасалатын екі ірі ұжымдық келісім-шарт талқылануда.
«КәсіпҚорған» кен-металлургия, көмір және энергетика өнеркәсібінде салалық келісім-шартқа қол қоюшы болып табылады. Биыл теміржол және автомобиль көлігі саласына қосылу қарастырылуда. Кейінгісінде бүгінгі күнге дейін жұмыс берушінің бірегей өкілі және нақты жұмыс жасайтын келісім-шарты жоқ. Біз кәсіподақтардың «Казахстанская Конфедерация Труда» республикалық бірлестігі арқылы Бас келісім жасауға қатыстық. Сарапшыларымыз бен кәсіподақ мүшелері еңбек қатынастары саласында заңнамалық және нормативтік актілер жобасын талқылауға белсене қатысады.
Өткен он жылда «КәсіпҚорған» өз мүшелерінің құқы мен мүддесін қорғайтын толыққанды өкіліне айналды. Салалық кәсіподақ сипатында қалыптасқан ол алдағы уақытта да заманауи талаптар тұрғысында жемісті жұмысын одан әрі жалғастырады. Ашығын айтсақ, әлемде күрделі ахуал қалыптасқан. Геосаяси факторларға қатысты ауқымды экономикалық тоқырау төніп тұр. Кәсіподақ қозғалысында да қиындықтар жеткілікті. Соған қарамастан, «КәсіпҚорған» әлеуметтік серіктестерімен бірлесіп кәсіподақ мүшелерінің құқы мен мүддесін қорғауда өз қызметін уақыт талабына сай жетілдіре береді.
Кәсіподақ мүшелерінің құқы мен мүддесін одан әрі қорғаудың қисынды жалғасын әлеуметтік серіктестік пен еңбекке ақы төлеу институтын жетілдіру жөніндегі «Ынтымақ» үйлестіру кеңесінің жұмысына қатысудан көреміз. Біздің кәсіподақ өкілдері еліміздегі қоғамдық-саяси қозғалысқа да белсенділікпен қатысады. Бірнеше өкіліміз «Ынтымақ» саяси партиясын құру жөніндегі бастамашыл топтың мүшесі. Осының барлығы кәсіподақ өкілеттілігін мүшелерінің құқы мен мүддесін қорғауда заңнамалық дейгейге көтеруге, әлеуметтік серіктестік пен тағы басқа салаларда қалыптасқан нақты жағдайды жоғарғы билікке жеткізіп отыруға бағытталған.
Биыл кәсіподақтың құрылымдық бөлімшелерінде есеп беру мен сайлау өткізу көзделіп отыр. Бастауыш ұйымдар мен филиалдар кәсіподақ мүшелерінің алдында атқарылған жұмыстар туралы жан-жақты баяндап, кәсіподақ жұмысын жетілдіру жолдарын белгілейді. «КәсіпҚорғанның» он жылдығымен орайлас өткелі отырған бұл науқан да сәтті аяқталып, ел сенімінен шығатынымызға күмәнім жоқ.
Ерболат САТЫБАЛДИН,
«Тау-кен-металлургия кәсіпорындары
және аралас өндіріс еңбеккерлерінің
«КәсіпҚорған» салалық кәсіптік одағы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы.