Қылмыстық жаза – соттың үкімі бойынша тағайындалатын мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы.
Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және адамды Қылмыстық кодексте көзделген құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады.
Жаза әлеуметтік әдептілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады. Жаза тән азабын шектіруді немесе адамның қадір-қасиетін қорлауды мақсат етпейді.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 53-бабының талаптарына сәйкес, қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн мән-жайлар болып мән-жайлардың кездейсоқ тоғысуы салдарынан алғаш рет қылмыстық теріс қылық не алғаш рет онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасау, кінәлі адамның кәмелетке толмауы, жүктілік, кінәлі адамның жас балаларының болуы, медициналық немесе өзге де көмекті көрсету салдарына қарамастан, қылмыстық құқық бұзушылық жасағаннан кейiн жәбірленушіге тiкелей осындай көмек көрсету, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеу, қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген моральдық және өзге де зиянның орнын толтыру, жеке басындағы, отбасылық немесе өзге де ауыр мән-жайлардың тоғысуы салдарынан не жаны ашығандық уәжімен қылмыстық құқық бұзушылық жасау, күштеп немесе психикалық мәжбүрлеу салдарынан не материалдық, қызметтiк немесе өзге де тәуелдiлiгiне қарай қылмыстық құқық бұзушылық жасау, қажеттi қорғаныстың, аса қажеттiлiктің, құқық бұзушылық жасаған адамды ұстап алудың, негізді тәуекелдің, бұйрықты немесе өкiмдi орындаудың құқыққа сыйымдылық шарттарын бұзу кезінде, жедел-іздестіру, қарсы барлау іс-шараларын немесе жасырын тергеу іс-қимылдарын жүзеге асыру кезінде қылмыстық құқық бұзушылық жасау, жәбiрленушiнiң қылмыстық құқық бұзушылыққа түрткi болған заңға қайшы немесе бейморальдық мінез-құлқы, шын ниетпен өкiну, айыбын мойындап келу, қылмыстық құқық бұзушылықты ашуға, қылмыстық құқық бұзушылықтың басқа да сыбайлас қатысушыларын әшкерелеуге және қылмыстық құқық бұзушылық нәтижесiнде алынған мүлiктi іздестіруге белсенді түрде ықпал ету табылады.
Сонымен қатар, осы бапта көзделмеген мән-жайлар да жаза тағайындау кезiнде жеңiлдететін мән-жайлар ретiнде ескерiлуi мүмкiн.
Егер жеңiлдететiн мән-жай осы Кодекстiң Ерекше бөлiгiнiң тиiстi бабында қылмыстық құқық бұзушылық белгiсi ретiнде көзделген болса, ол өзiнен-өзi жаза тағайындау кезiнде қайтадан ескерiлмеуі мүмкін.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 54-бабында көзделгендей, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар ретінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуы, қылмыстардың қайталануы, қылмыстардың қауіпті қайталануы, қылмыстық құқық бұзушылық арқылы ауыр зардаптар келтіру, қылмыстық құқық бұзушылықты адамдар тобының, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобының жасауы, қылмыстық топ құрамында жасау, қылмыстық құқық бұзушылық жасағанда айрықша белсенді рөл атқару, аса қатыгездікпен, садизммен, қорлаумен, сондай-ақ жәбірленушіні қинаумен қылмыстық құқық бұзушылық жасау, алкогольден, есірткіден немесе уытқұмарлықтан масаң күйде қылмыстық құқық бұзушылық жасау болып танылады..
Адамның өзінің қызметтік, кәсіптік немесе қоғамдық борышын орындауына байланысты осы адамға немесе оның жақындарына қатысты қылмыстық құқық бұзушылық жасауы, кінәлі адамға оның қызмет бабына немесе шартқа қарай көрсетілген сенімді пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасау, адамның өзі берген сертін немесе кәсіби антын бұза отырып, қылмыстық құқық бұзушылық жасауы қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.
Жаза тағайындау кезінде сот сонымен қатар қару, оқ-дәрілер, жарылғыш заттар, жарылыс немесе оларды имитациялайтын құрылғылар, арнайы дайындалған техникалық құралдар, тез тұтанатын және жанғыш сұйықтықтар, улы және радиоактивті заттар, дәрілік және өзге де химиялық-фармакологиялық препараттар пайдаланып, сондай-ақ күштеп немесе психикалық мәжбүрлеуді қолданып не жалпы қауіпті тәсілмен қылмыстық құқық бұзушылық жасауды, төтенше жағдай, төтенше ахуал кезінде, сондай-ақ жаппай тәртіпсіздіктер барысында қылмыстық құқық бұзушылық жасауды, құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік орган қызметкерінің, судьяның өзінің қызмет бабын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауын, билік өкілінің нысанды киімін немесе құжаттарын пайдаланып қылмыстық құқық бұзушылық жасауын жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар деп таниды.
Жаза тағайындау кезiнде қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесi, кінәлі адамның жеке басы, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқы, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайлар, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалы ескерiледi.
Нұргүл КЕНДИРБАЕВА,
Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық сотының судьясы.