Ол ауылда тұруды ұнататын. Баласы осы саяжайды сатып алғанда балаша қуанып еді. Қаладан шалғай демесе мұнда бәрі бар. Үй де, маңайындағы бақшалық та әп-әдемі болатын. Кешкісін, орындықта отырып күннің батып бара жатқан кезеңін талай рет тамашалап еді-ау.
Сол күндердің бәрі көрген түстей болды қазір. Міне, екі жаз болды, маңайда тірі жан қалған жоқ. Көршілерінің бір кездері керемет көкөніс бақшасы болған жерді қазір арамшөп басып кеткен. Былтырлары немерелері келіп, шалдың көңілін көтеріп кетуші еді. Биыл олар да сап тиылды. Оларды да түсінуге болады. Қаладан шалғай жатқан саяжайда интернет жоқ еді. Ал, бүгінгінің баласын интернетсіз үйде қамап ұстап отыра алмайсың.
Бұрын шалдың екі бөлмелі пәтері бар болатын. Ұлы үйленіп, немерелі болған соң үйі тарлық ете бастады. Ақыры шалдың екі бөлмесін сатып, үйді үлкейтті. Бұған бөлек бір болмені жабдықтап берді. Бірақ, келіні шалмен бірге тұруды қаламады. Отырса опақ, тұрса сопақ етіп, жоқ жерден ілік шығара бастады. Немерелерін де көп жақындаттырмады. «Жаман иіс шығады», «ауруы жұғады», «дұрыс тәрбие бермейді». Әйтеуір сылтау көбейді. Мұның бәрі шалдың жанына қатты батты. Жастайынан өзін күтіп, дұрыс киініп, қырынып, жуынып жүруді әдетке айналдырған ол күні бүгінге дейін сол дағдысынан жаңылған жоқ. Кемпірі қайтыс болғаннан кейін де кір-қоңын өзі жуып, өзі үтіктеп алады. Бөлмесі қашанда мұнтаздай, жинақы. Бұл бөлмеде кәрі шал тұрады дегенге ешкім сенбейтіндей. Соған қарамастан келіні мұны немерелеріне жеккөрінішті етіп көрсетуге құмар. Оның бұл әрекетін шал түсіне алмай әлек.
Отбасындағы ахуал күн санап ушығып бара жатқан соң ұлы саяжайдан осы үйді сатып әперген еді. Бас кезінде бәрі тамаша болды. Ұлымен екеуі бірігіп бақша екті. Өнімін жинап, қысқа тұздықтар жапты. Артылғанын сатып, тиын-тебен етті. Қаладағы пәтерге бармай, осы саяжайда қыстап жүрді. Ұлы отын-суын түсіріп беретін. Бойында күш-қуаты бар шал ас-суын өзі дайындап, ішеді. Тіпті нан пісіруді де үйреніп алды. Бәрі жап-жақсы жүріп жатты…
Арада жыл өткен сайын ұлы саяжайға келуді сиретті. Әуелде жұмыс бабы мұрша бермейтінін айтып ақталды. Кейін саяжайдағы жұмыс қосымша салмақ екенін, пәтерақы қымбаттап бара жатқанын, жерге төленетін салықтың да өскенін айтып, саяжайды тастап, қаладағы қарттар үйіне баруға кеңес берді. Шал үзілді-кесілді қарсы болды.
– Онда, өз обалың өзіңе. Менің мұнда келіп, сенің отыңды жарып, суыңды тасып жүретін уақытым жоқ. Бармасаң, қал. Өлсең осы жерге көме салармыз, – деді ұлы үйден шығып бара жатып.
Шал отырған орнынан қозғалмады. Тіпті ұлына бір ауыз тіл де қатпады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтығы шоқыттырмай өсірген баласы дәл осылай, айдалада тастап кетер деп ол ойламаған да еді. Ел қатарлы тәрбие беріп, оқытты, өсірді, жетілдірді. Сондағы көрген жемісі осы болды. Бұл да тағдырдың басқа салғаны шығар, деді де қойды.
Арада тағы бірер апта өтті. Ұлы келіп қалар деп үміттенген. Бірақ, баладан еш хабар болмады. Күн барған сайын суып, үйдің іші де салқын тарта бастады. Әсіресе түн баласы қалың көрпенің астында, қалың киініп жатса да денесі мұздап жүр. Бұлай бола берсе айықпас ауруға шалдығуы мүмкін екенін ойлаған ол отын қораға келді. Мұнда да жағдай мәз емес екен. Былтырғы түсірген ағаш пен көмір түгесілуге айналыпты. Әрі кетсе бірер ай жағуға ғана жетер. Одан кейінгі күні не болмақ. Дәтке қуат берері айналасында қираған үй, қураған ағаш бар, соны жағып күн көрермін деп ойлады. Бірақ, ертең қыс түскенде күні не болмақ. Осы ойына түскенде тұла бойы мұздап қоя берді.
… Таңертең жылы киініп алған шал саяжайдың іргесімен өтетін күре жолға шықты. Ойы өткен-кеткен көліктің біріне мініп, ұлының үйіне бару. Отын-су түсіріп беруін сұрау. Жолы болды. Құдайына қараған бір жігіт шалды ақысыз алып келді қалаға. Айтқан адресіне жеткізіп те салды. Бірақ ұлының орнын сипап қалды. Пәтерінің есігін ашпаған соң, көршінің үйінің қоңырауын басқан еді. Көрші келіншек баласының отбасымен бірге оңтүстік жаққа демалуға кеткенін айтты. Кеткендеріне бір аптадай болыпты. Әлі бір аптадай сол жақта болады екен.
Шал шынымен де қатты састы. Үйінде азық-түлік те таусылып қалған еді. Үнемдеп жесе де төрт-бес күнге ғана жетер. Одан кейін не ішіп, не жейді. Қалтасындағы азын-аулақ тиын-тебендеріне сұйық май мен екі-үш келі шинан, үш келі ұн алды да саяжайға қайтты.
Арада тағы да төрт-бес күндей өткен. Күндегі әдетімен күншуақтағы орындыққа жайғасып, күнге жылынып отырған. Кенет іргеден шөптің сыбдырды естілді. Әуелде кірпі шығар деп мән бермеген. Сәлден кейін қалың алаботаның арасынан құлағы қылтиып кішкентай күшік шыға келді. Көзі жәудіреп, бұған жалынышты қарап қалыпты. Пошымы екі-үш күннен бірі нәр сызбағанға ұқсайды. Қарыны қабырғасына қабысып қалыпты.
Шал жайлап орынан тұрды да күшікті қолына алды. Әуелі үстіне жабысқан шоғайнаны бір-бірлеп жұлып алып, тазалады. Сосын жайлап сипап бауырына басты. Күшік те бір жылылықты байқады ма шалдың омырауына тұмсығын тығып сәл қыңсылады. Сосын оның бетін, иегін жалай бастады.
– Сүттің иісі шығады. Сірә қолда өскен күшіксің-ау. Мұнда қайдан тап болдың. Сен тұрмақ адам баласының өзі бұл жақтан көшіп кетіп жатыр емес пе?..
Күбірлеп сөйлей жүріп шал үйге қарай беттеді. Қолына түскен темір тәрелкенің бірін жерге қойды да оған кешеден қалған көжеден аздап құйды. Күшік шынымен-ақ ашығып қалыпты. Басын алмастан тәрелкені тауысып, тықырлатып жалап шықты.
– Болды. Бүгінге осы да жетер. Ашөзегіңе түсіп кетіп, өліп қаласың, – деді шал күшікті сипап қойып.
Жалғыздықтан құса болып жүрген шалға күшік құдайдың берген сыйындай болды. Түнде екеуі бір көрпенің астында ұйықтап шығады. Тамақты да бірге ішеді. Тіпті, әңгіме де айтатын серігіне айналды.
Арада бірер күн өтті. Таң атып, күн көтерілген сәт еді. Есік алдына әлде бір машина келіп тоқтағандай болды. Ол әуелде баласы келген екен деп қуанып қалған еді. Әйтсе де бөтен дауыстарды естігенде лепірген көңілі су сепкендей басылып қалды. Ертелетіп келген қонақтар да оны көп күттірмеді. Есік жайлап ашылып, ішке бейтаныс жігіт енді. Жүзі жылы жан екен. Жымыиып сәлем берді. Бұрын соңді көрмеген адамы. Жайлап орнынан тұрып, терезеге көз салды. Есік алдында шетелдің сүліктей қара көлігі тұр.
– Қайырлы таң, ата. Таң атпай мазаңызды алсам, кешірім сұраймын. Жоқ іздеп жүр едім, – деді жігіт шалдың көңілін жайлайын деп баяу ғана.
Осы кезде көрпенің астында жатқан күшік атып тұрды да жігітке қарай құлдыраңдай жөнелді. Шал күшіктің иесі осы жігіт екенін бірден ұқты. Бір жағынан қуанды, бір жағынан көңілі құлази қалды. Бірер күн болса да бауыр басып қалған еді. Оның үстіне жалғыздығын ұмыттыра бастағандай болған. Жігіт те шалдың астаң-кестең болған көңілін сөзсіз ұққандай.
– Таңғы ас – тәңірден. Отыр, шай іш. Жоғың табылды. Енді асықпассың.
Жігіт бірден кетіп қалуды лайықсыз көрді де, үстелге келіп бір шыныаяқ шай ішті. Шай ішіп отырып шал өзінің мына тірлігінің сырын қысқаша айтып та берді. Күшіктің жалғыздықтың тауқыметін сейілтуге аз да болса септігін тигізгенін де айтты.
– Айып етпеңіз, ақсақал. Күшікті тастап кетер едім. Бірақ мұны үйде кішкентай қызым күтіп отыр. Ол күшіктен тіріде айырылғысы жоқ.
– Қандай бақытты күшік. Құшағынан шығарғысы келмейтін кішкентай болса да иесі бар. Ал…
Көкірегі удай ашып, көз алды тұманданып кетті. Уайым мен ойдан түскен беттегі әжімдерді қуалай ыстық жастың тарам-тарам болып ағып жатқанын да сезіп отыр…
Осы бір ыңғайсыздықты жігіт бұзды.
– Мен осы саяжайға жапсарлас жатқан коттедждер қалашығында тұрамын. Үйіміздің маңында шағын бау-бақшамыз бар. Әлгінде көрдім, сіздің саяжайыңыз тамаша күтімде екен. Маған да бақшаның бабын білетін жан керек болып жүр еді. Қаласаңыз, маған бақшашы болып келсеңіз. Әрине, айлық жалақы төлеп тұрамын. Үйім де осы жерден қашық емес, – деді ол шалға қарап.
Бұл шынында да күтпеген ұсыныс еді. Шал бір сәт ойланып қалды. Ойына ұлы, немерелері оралды. Келінінің бұған соншалықты жеккөрінішті қарағаны көз алдына келді. Өзінің балашағасына еш керексіз жан болып қалғанын ойлады. Осылай құса болып жүргенше, жақсы адамдардың жанында жаны қалайтын іспен айналысуды қалады.
Шал жылдамдатып бар керектерін жинай бастады. «Керектерінің» өзі онша көп емес еді. Бір қалтаға сиып кетті.
… Қазір ол туысы болмаса да туғанына бетер жандардың үйінде, үйренген шаруасын ұршықша үйіріп жүр. Бір ғажабы, мұндағылар оған жиіркенішпен емес, жылыұшырай қарайды.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.