Қоғамның қозғаушы күші ретінде бағаланатын жастардың бүгінгі қай салада болсын әлеуеті жоғары. Егеменді елдің тірегі болатын сол жастардың кен өндіру, байыту, металлургия және тағы да басқа мамандықты игеріп, жан-жақты тұлға болып қалыптасуы келер күннің жарқын болмағын меңзейді.
Мыс алыбы саналатын «Қазақмыс» компаниясында қарапайым жұмысшыдан жауапты қызметке дейін өскен өндіріс жастарының қатары қалыптасты. Бүгінде жалынды да жігерлі жастардың басын бір арнаға тоғыстырып отырған «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС еңбеккерлерінің «Jastar Bolashaq» Жастар одағы өндіріс пен өнерді, спортты қатар алып жүргендердің корпорация деңгейінде мәртебесін асқақтатып келеді. Құрылғанына 4 жыл болған Жастар одағы «Қазақмыстың» өндірістегі жастарын қоғамға тұтқа боларлық азамат ретінде де қалыптастыра білуде.
Бүгінгі «Өндіріс өрендері» айдарына арқау болып отырған жалынды жастар өз кәсіптерінде жетістікке жетіп қана қоймай, өндіріс ошағының, Жастар ұйымының қоғамдық-мәдени өміріне белсене атсалысып жүр. Солардың бірі – №1,2,3 Жезқазған кен байыту фабрикасының еңбеккері Балғабек Мұқанов.
Балғабек Қайратұлы мысты шаһардың тумасы. Жезқазған қаласындағы № 5 орта мектепті тәмамдаған соң Жезқазған жылу, электр орталығына жұмысқа орналасты. Жылу, энергетика саласының қыр-сырына осы кәсіпорында жүріп қанықты. Ал, 2015 жылдан бастап кен байыту фабрикасының жылу, энерегетикалық жабдықтау цехында дәнекерлеуші болып еңбек етуде. Балғабек дәнекерлеу ісін барынша жауапкершілікпен атқарып келеді. Аға буынның тәлімінде шыңдалған ол қазір дәнекерлеудің қай түрін болса да ың-шыңсыз атқарып келеді. Балғабек Қайратұлы фабрика, корпорация деңгейінде ұйымдастырылатын спорттық шаралардың белсенді қатысушысы. Ол әсірес, волейбол ойынына ерекше ынта танытады. Қалалық, облыстық деңгейдегі ойындарда үздіктер сапынан көрініп жүр.
Балғабек өндірісте озат жұмысшы, спортта белсенді тұлға болса, отбасында ардақты әке. Ол зайыбымен төрт бала тәрбиелеп отыр.
– Мағжан Жұмабайұлы атамыз: «Мен – жастарға сенемін!» деп кейінгі буынға зор сеніммен қарағаны жас, тәуелсіз еліміздің жастарына ерекше рух дарытып, келер күнге деген сенімді қалыптастыратыны сөзсіз. Өндіріс саласында еңбек еткен жылдарда мол тәжірибемен қатар, жақсы достар таптым. «Jastar Bolashaq» Жастар одағы – өндіріс саласындағы жастарға қолдау білдіруші бірден-бір ұйым. Бұл ұйымның қандай да болсын спорттық шараларынан қалыс қалмай, үнемі қатысып келемін.
Өндірісте еңбек еткен адам үнемі дайындықта болуы керек. Сондықтан мен спортты өмірімнің бір бөлшегі деп санаймын, – дейді Балғабек.
Жалын, жігері тау қопарып, мұз жарарлық қабілетке ие еңбекте озат, спортта дара танылып жүрген Ержан Иманжан «Транко Жез» ЖШС-нде екінші дәрежелі теміржол күзетшісі болып еңбек етеді. Оның өз саласындағы жетістіктерінен бөлек, самбо күресіндегі қол жеткізген табыстары өз алдына бөлек әңгіме.
Ержан Мұратұлы 2014 жылы ересектер арасындағы самбодан Қазақстан чемионатының екі дүркін жеңімпазы, 2016 жылы аталмыш спорт түрінен Қазқастан чемпионатының, 2018 жылы өткен әскери самбо бойынша облыстық сайыстың қола жүлдегері. 2019 жылы Жезқазған қаласы әкімі кубогіне ұйымдастырылған аралас жекпе-жектен кубог финалисі атанды. 2020 жылы футболдан өткен «Қазақмыс» корпорациясы қызмет аралық кубогінің қола медаль иегері болды. 2021 жылы Жезқазған қаласы «ЛЛФ» футбол лигасының финалисі деп танылды.
Ержан Иманжан.
Теміржол саласында жүріп, спорттың әртүрінен жетістікке жеткен Ержан Иманжан ұжым мақтанышы.
– Салауатты өмір салты менің айнымас серігім. Спорт арқылы өзімді шыңдап, жан-жақты дамытамын. Біздің жұмыста спорттың жөні бөлек. Сондықтан мен жұмыстан бос уақытымды спортқа арнаймын. Жаттығу залдарында шынығамын, – дейді Ержан.
Жезқазған мыс қорыту зауыты аймақтың ғана емес тұтас ел экономикасының негізі. Қара және түсті металлургияның мектебі қалыптасқан өндіріс ошағында аға буынның өнегелі ісін лайықты жалғастырып жүрген жастардың бары көңіл қуантады. Металлургия мен өнерді ұштастырған дарынды жастың бірі – Дархан Желібаев.
Сәтбаев қаласындағы №3 орта мектептің түлегі Дархан Жанабайұлы бала кезінен өнерге жақын болды. Оның марқұм анасы Баян Амантайқызы тұңғышын өнерге жастайынан баулып, ақындық қабілетін, мәнерлеп оқу дағдысын қалыптастырды. Дархан сыныбында дараланып тұратын. Мектепте, қалада өтетін шараларда белсенділігімен көзге түсті. Өнерге жақын баланың таңдауы кейін өндіріске ойысты.
Дархан бұл салада да өзін белсенді, жауапкершілігі мол маман ретінде мойындатып келеді. Бес жыл еңбек өтілі бар ол мысты электролиздеу цехында пойыз құрастырушы болып еңбек етуде.
«Уақытша – бастан кешкен қайғы мұң да, уақытша – жинап, терген байлығың да» деген ұстанымды жадына берік түйген Дарханның ақындық қасиеті мен өнерге деген ынтасы ана сүтімен бойына дарыды.
Дархан Жезқазған мыс қорыту зауытындағы көңілді тапқырлар құрамасының мүшесі. Әзіл-қалжыңды да астарлай жеткізіп, өнердің бұл түрінен де өзінің қабілетін байқатты. 2017 жылы зауыттың «Өндіріс сұлтаны» байқауының екінші орнын иеленді. «Металлургше ән сал-2020» байқауының Бас жүлде иегері атанса, 2021 жылы үшінші орынын иеленді. Биыл «КәсіпҚорған» кәсіподағының 10 жылдығына орай ұйымдастырылған мүшәйра байқтауының Бас жүлдесін жеңіп алды. Таяуда аталып өткен Металлургтердің кәсіби мерекесінде Дархан Желібаев өндірістегі жеке табысы үшін «Jastar Bolashaq» Жастар одағы арнайы тағайындаған «Даңқты жастар» төсбелгісін омырауына тақты.
Өндіріс пен өнерді ұштастырған Дархан бізбен әңгімесінде: «Менің өнерге деген ынтамды ашып, баулыған марқұм анамның өнегесі мен үшін темірқазық іспетті. Бала кезімнен көркем туындыларды оқытып, білімімнің жан-жақты болғанын қалайтын. Сол анамның қамқорлығын, жанашырлығын енді түсініп жатқандаймын. «Өмірде барлығы уақытша дегенді» жиі айтатын. Сол жалған өмірде ұлының аз ғана табысқа жетіп жатқанын өзі де сезіп жүрген болар деген балаң оймен жүремін. Бойымдағы өнерге деген ұшқынды жаққан анама, өндіріске баулып, тәжірибесін, өмір мектебінде көрген ақыл-кеңесін арнаған әкеме әрқашан қарыздармын. Ендігі мақсатым әкем мен қарындасыма қолдау болып, жан-жарым мен үш баламды аяғынан тұрғызып, жетілдіру. Сол үшін тынбай еңбек етемін», – дейді Дархан.
Дархан жұмыстан бос уақытында өлең жазып, асабалық қызметпен де шұғылданады. Өнерлі жастың талабының ұштала беруіне біз де тілекшіміз.
Өндіріс саласында еңбек етіп, өздерінің жүрек қалауындағы ерекше қасиетпен танылып жүрген жалынды жастар – аймақ мақтаныштары.
Бағдат ҚАЗКЕНОВ.
«Мысты өңір».