Өз басым әскер қатарында болуды ер азаматтың басты борышы деп есептеймін. Кәмелеттік жасқа толған әр ұланымыз Отан алдындағы борышын адал атқаруы тиіс.
Әскер деген – ол үлкен өмір мектебі.Сені шыңдайды, қайрайды, Төзімділікке, шыдамдылыққа тәрбиелейді. Еркіндікте жүріп ескерілмейтін көп шаруаның қадіріне жетесің.(Мұны өзім Кеңес әскері қатарында екі жыл болып келген ардагер сарбаз ретінде айтып отырмын)
Қазір заман басқа, қоғам басқа. Тәуба, Тәуелсіз көк байрақты егемен елміз. Әскерде болу мерзімі – бір жыл ғана және әскери борышыңды өз еліңде, өз жеріңде атқарасың. Солай бола тұра, бүгін осы бір азаматтық борыштан қашып-пысып, барғысы келмей жүрген балаларымыз көбейе түсуде. Себебін түсінбедім…
Өткенде, Ұлттық арнада осы тақырыпта өткен Ашық алаңды тыңдадым. Қатысушының бірі Ауған соғысы ардагерінің сөзі маған ұнап қалды. Ол: «Қазір әскерді бала бақша ғып жібердік, әскер қатарына балаларды жалынып-жалпайып шақырамыз. Аптасына 2–3 рет бейнебаян арқылы ата-анасымен сөйлестіреміз. Ішетін асын, жататын орын көрсетеміз» деді. Біздің тұсымызда бұлай емес еді. Ол қамқорлықтың сыртында, қазіргі әскери коммисарят «әскерге барсаңдар, тегін жоғарғы оқу орнына түсіреміз» деп те қызықтырады екен. Қызық!
Әскерде әскери тәртіп болу керек. Дайындық орта мектептен басталуы шарт. Қазір мектептерде де оқушылар көп қол еңбектерінен (еден жуу, кезекшілікке тұру, сенбілікке шығу) босатылған. Ертең сол ер балалар әскерге барғанда, өз киімдерін (жағаларын,) өздері тігіп, аяқ киімдерін тазалықта ұстап, казармаларын өздері жумай ма?!
Балалардың әскерден бой тасалауына аракідік теледидардан көрсетілетін әлімжеттік те әсер етуі мүмкін. Ол – әскердің жазылмаған заңы. Солдаттар өздері бірін-бірі тәрбиелейді емес пе?! Бұл жерде басында айтқан сол төзімділік керек сияқты. Өсіп келе жатқан жас буын әскерге бару – ұланға міндет екенін ұғынса деймін. Ең бастысы– Отанымыз тыныш болсын, ағайын!
Мұқаш Сейтқазинов,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.