«Бала шабыты» халықаралық дарынды балалар мен жастарға арналған байқауда өңіріміздің жас күйшілері жүлделі орындарға ие болды.
Халықаралық конкурста бағын сынаған Ұлытау ауданы «Ұлар» ансамблінің домбырашылары қарсыластарынан оза шауып, биіктен көрінді. Аспапта орындау бағыты бойынша 10 бүлдіршіннен құралған ансамбль «Салкүрең» күйін орындап бас жүлдені иеленді. Ал, дуэттік орындауда Жаңагүл Кенжебай шәкірті Нұрперзент Аймағанбетпен бірлесе «Көңіл толқынын» шертіп, І орынды қанжығаларына байлады.
– Жарыста әр жерден келген көптеген өнерпаздар болды. Әсіресе, Тараздан, Талдықорғаннан, батыс жақтардан қатысушылар көптеп келді. Солардың арасынан Бас жүлде мен бірінші орынды жеңіп алуымыз мерейімізді асырып тастады. Енді алдағы уақытта да үлкен жарыстарда қол жеткізуге тырысамыз, – деді «Ұлар» ансамблінің жетекшісі Жаңагүл Кенжебай.
Ұлытау ауданындағы «Балалар өнер мектебінің» домбыра сыныбы ашылғаннан бері бағындырған белестері де аз емес. Атап айтар болсақ, 2023-2024 жыл қатарынан «Мұрагер» байқауының бас жүлдегерлері, биыл наурыз айында Түркия елінде өткен «Alash Fest» Халықаралық байқауынан бас жүлде және жүлделі 1, 2-орындарды да иеленген. Қазіргі уақытта үйірмеде 30 шәкірт білім алуда.
Үйірме жетекшісі Жаңагүл Кенжебай 2016 жылдың шілде айында домбыра сыныбында мұғалім болып қызмет атқарған. Содан бері балаларды көптеген додаларға дайындап, жемісін көруде. Ал, ата-аналар тарапы болса барынша қолдау көрсетіп, ұстазға алғыстарын білдіруде.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.