Жезқазған индустриалды-гуманитарлық колледжінің 20 жылдығына орай техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орны студенттері арасында қазақ күресінен тұңғыш рет облыстық «Жас барыс» додасы өтті.
Жезқазған индстриалдық-гуманитарлық колледжі – 17 кәсіп бойынша маман даярлайтын өңірімізге маңдайалды оқу ордаларының бірі. Сол мамандықтардың бірі – «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы. Бүгінгі таңда аталған білім шаңырағының осы бөлімінен қанат қаққан спортшылардың алды Халықаралық, Республикалық, облыстық турнирлерде топ жаруда. Колледждің мерейлі белесіне ерекше жобаны қолға алуға айтулы жетістіктер себеп болған…
Дүбірлі додада бақ сынауға 150 үміткерден өтініш келіп түскен. Олардың арасынан іріктелген 85 спортшы бозкілемді өзара мықтыны анықтады. Балуандар 50-ден 90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті.
Мыңнан аса студенті бар колледж «Жас барыс» сынды ұлттық спорт додасын өткізу арқылы жасөспірімдер мен жастардың бойына отансүйгіштік тәрбиені сіңіріп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға үлес қоспақ ниетте. Турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлері ерекше белдік пен дипломдарға және медалдарға ие болды.
Гүлім МАРАТҚЫЗЫ.