Қайран, жүрдек уақыт десеңші. Бәрі күні кешегідей еді. Сөйтсек арада отыз бес жыл өте шыққан екен-ау. Отыз бес жыл! Бұл – жаңа туған сәбидің жігіт ағасы атанар шағы. Ал, сол кездегі отыздан асқан біздер үшін ақсақалдық биіктікке алып шыққан мерзім. Бірақ, еш өкініші жоқ, керісінше сүйініші мен сыны шыңдаған уақыт десем қателеспейтін шығармын.
Иә, 1988 жылдың 30 шілдесінде «Мысты өңір» газетінің алғашқы санын жарыққа шығардық. Аударма газет еді. Яғни, негізгі материалдар орыс тілінде жазылатын да, біз оны қазақшаға аударып басатын едік. Қаныш Сәтбаев атындағы Жезқазған кен-металлургия ғылыми-өндірістік бірлестігі партия, кәсіподақ және комсомол комитеттері мен дирекциясының органы болып табылатын бұл басылым осылайша өз қадамын бастаған болатын.
Негізінен «За медь» газетінің аударма нұсқасы ретінде шығып тұрғандықтан штаттық кесте де шектеулі еді, екі аудармашы, машинка басушы және корректор ғана жұмыс істейтін. Ал, негізгі қызметкерлер орыс газетінің «жыртысын жыртатын». Қызығының өзі сонда, жауапты хатшы екі басылымның жауапты жүгін көтеруге міндетті болғанымен ол қазақ тілін білмегендіктен «Мысты өңірдің» бар жауапкершілігі газет саласында тәжірибесі бар маған жүктелген-ді. Міне, мұның өзі біздің өз қалауымызша әрекет етуімізге жағдай туғызғаны жасырын емес. Оның үстіне сол кездегі кен-металлургия ғылыми-өндірістік бірлестігі партия комитетінің хатшысы, ұлтжанды азамат Мыңжасар Айсауытовтың қамқорлығы да еркін әрекет етуімізге жол ашқан. Шындыққа жүгінсек, Мыңжасар газеттің ұлттық мүддеге сай шығуына әркезде мүдделі болған еді.
Міне, осының нәтижесінде «Мысты өңір» газеті көп өтпей жартылай аударма, жартылай таза қазақы басылымға айнала бастады. Оған қазақы авторлар қызығушылықпен қалам тартты. Тарихи тақырыптардың жариялануда қарқын алғаны осы тұста. Облыстық «Жезқазған туы» болса-болмаса партиялық газет, сондықтан олар жоғары жақтың үнемі қадағалауында, сондай сәтте өз жазғандарын бізге әкелетін жандардың жолы ашылды десек, қателеспейміз. Оған дәлел өлкетанушы Сүтемген Бүкіровтың Ахмет ишан, Бидаш, Кейкі батыр, басқа да тарихи тұлғалар туралы жазбалары бірінен кейін бірі газет оқырмандарына жетіп, көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Басқа да авторлар көкейіндегі ойларын жеткізуге мұрсат алды.
Газет келбеті айқындалған тұста басшылар да ойланған шығар, барлы-жоқты екі аудармашы штатын сараптап, Кенжебек деген жігітті өз міндетінде қалдырғанмен, мені жауапты хатшы лауазымына бекітті және жауапты шығарушы деп танып, қазақ басылымына қол қою міндетін мойыныма жүктеді. Сөйтіп, дербестікке бір табан жақындауға мұрсат таптық.
Жеке газет жұмысымен қатар ғылыми-өндірістік бірлестігі тарапынан өтетін мәдени шараларға мұрындық болған кездеріміз де баршылық. Оған мысал ретінде бірлестік бойынша айтыс өткізуді ұйымдастыруға белсене араласқанымыз дәлел.
Бұл Қаныш Сәтбаевтың мерейлі туған күніне орай өткізілген іс-шара барысында жүзеге асқан оқиға еді. Сол кездегі мыс зауыты партия комитетінің хатшысы, ұлтжанды азамат Төлеген Бүкіровтың тікелей басшылығымен ұйымдастырылған айтыста мыс зауыты мен байыту фабрикасының ақындары сайысып, сонымен қатар қыз-жігіт, қайым айтыстары көпшілік назарына ұсынылып, жұмысшы қауымның зор ықыласына бөленгені сөзсіз еді. Мұның өзі елімізде өндірістер арасында өткізілген тұңғыш айтыс екеніне ешкім де күмәнданбас.
Екі жылдан астам жұмыс атқарғаннан кейін 1990 жылы облыстық «Қазақ тілі» қоғамының кезекті құрылтайында қоғам төрағасының орынбасары міндетіне тағайындалуыма байланысты мен жұмыс ауыстырдым да орынымды Жезқазған өңіріне аты мәлім журналист Аманғали Әбуовқа тапсырдым. Бірақ, газет шаруасынан қол үзіп кетпедім. Жазбаларым үнпарақ бетінде жарияланып тұрды. Бірнеше жыл қатарынан Аманғали кезекті еңбек демалысына шыққанда өз орнына мені қалдырып отырды.
Біз «Мысты өңір» газетінде осылай еңбек еттік. Сол алғашқы ұжымнан қате тексеруші Гүлбағдат Қасымованың кейінгі уақытқа дейін редакция құрамында жүргені қуантқан.
Төкен ӘЛЖАНТЕГІ,
жазушы, Қазақстан Жазушылародағының мүшесі,
халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.