Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау мәселесін алға қойғаны белгілі. Осы міндетті жүзеге асыру барысында Жаңаарқа ауданында айтарлықтай игі істер жүзеге асырылуда. Ауданда құрылыс материалдарын, асфальт-бетон материалдарын шығаратын және азық-түлік тауарларын өндіретін шағын бизнес өкілдері, сондай-ақ, тігіншілік, кондитерлік сияқты алуан түрлі кәсіп иелері қалыптасып келеді. Мұның сыртында, жазиралы Жаңаарқа мал шаруашылығы кеңінен өркен жайған өңір саналады. Ауданда 800-ден аса фермерлік шаруашылықтың жұмыс істеуі осының айғағы болса керек.
Жақында ғана ауданда құмды блок кірпіштерін шығаратын жаңа цех іске қосылды. Жобаның жалпы құны – 25 млн. теңге. Айына 40 мың кірпіш шығарады. Өз істерін жолға қоюға ұмтылған 15 жас кәсіпкер аудан әкімінің грантына ие болып, түрлі жобаларды қолға алуда. Ал, облыс әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдауға арналған 2 млн. теңгелік грантына ие болған Дәулет Серікбай аудан орталығында ағаш өңдеу және темір бөлшектерін қалпына келтіру цехын ашып үлгерді.
Ұлытау облысының 2022 – 2026 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспары аясында ауданда биылдың өзінде айтарлықтай жаңа жобалар қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Ауданның Бидайық ауылдық округіне қарасты Ақтайлақ елді мекенінде ұқсату кәсіпорнын іске қосатын үлкен жоба жүзеге асатын болды. «ULY DALA Co» ЖШС етті қайта өңдей отырып, қалбырдағы бұқтырылған ет өнімдерін шығаратын цехты іске қоспақшы. Бұл жоба аясында мал сою цехы, салқындату қоймалары және қалбырдағы ет дайындайтын цех салынады. Цех бір ауысымда 3 мың қалбыр бұқтырылған ет, немесе жылына 230 тонна ет өнімдерін өндіреді деп жоспарланған. Бүгінде мал соятын және етті қалбырлайтын цехтардың құрылысы басталды. Жобаның құны – 380 млн. теңге. Жаңа өндіріс 2024 жылы пайдалануға беріледі. Кәсіпорын цехы іске қосылғанда 10 адамға тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жаңадан шаңырақ көтерген Ұлытау облысының агроөнеркәсіптік саласын дамытуда тиімді пайдаланса, Жаңаарқаның әлеуеті мен мүмкіндігі зор. Ауданда 80 мыңнан аса қой-ешкі, 60 мыңдай ірі қара, 54 мың бас жылқы, 200-дей түйе түлігі бар. Ақтау ауылдық округінде Икен Ақылбеков ақсақал 3 мыңға тарта жылқы өсіріп отыр. Орынбай мен Ақтау ауылдарында қой мен ірі қара малын өсірумен айналысатын кәсіпкер Қуат Ахметов жақында Біріккен Араб әмірлігіне экспортқа қой етін шығаруға қол жеткізді. Орынбай ауылдық округіне қарасты Ақшағат елді мекенінде Манас Балажанов жетекшілік жасайтын «Бекарыс» шаруа қожалығы сүт өндіруді жолға қойып, өнімін қалаға өткізуде. Шаруа қожалығы бүгінде Теміртау қаласындағы «Ren-Milk» компаниясының сүт зауытымен іскерлік байланыс орнатып, күніне 3-4 тонна көлемінде сүт тапсыруда. Сонымен қоса, «Бекарыс» шаруа қожалығы мал азығын дайындауда да жаңа технологияны қолдана білуде. Шөпті орамдап тайлау арқылы тасымалдауда. Бұлар биылғы қысқа 350 тонна құнарлы жемшөп дайындамақшы.
Негізінде, аудан аумағының бір жақ бөлігі Бетбақдаламен шектесетін жартылай шөлейт аймаққа жатады. Бұл өңірде мал азығының сенімді қорын жасауда айтарлықтай қиыншылықтар бар. Жаңбыр жаумаса шөп шықпай қалады. Ал, кейінгі жылдары құрғақшылық жағдайы жиі орын алуда. Осыған орай, асыл тұқымды герефорд ірі қара малын өсіретін Арайлым Төлеубекова жетекшілік жасайтын «Мирас» шаруа қожалығы 2019 жылдан бастап 155 гектарға еркек шөп, 100 гектарға арпа егуді қолға алған еді. Олар биыл «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қаржылай қолдауымен барабанды үлгідегі жаңбырлатқыш қондырғы сатып алды. Несиеге алған бұл техниканың 50 пайыз құнын субсидия арқылы мемлекет қайтарады. Сөйтіп 16 гектар жерге италиялық жоңышқа егіп, оны жаңбырлатып суару арқылы өсірген бірінші өнімін шауып алды. Енді күзге дейін екінші рет шалғы салуды көздеп отыр. Шаруашылық асыл тұқымды герефорд ірі қара малын өсірумен айналысады. Әуелде 2015 жылы іс бастағанда 60 бас герефорд тайыншасын сатып алған болатын. Содан бері талапқа сай қора-қопсысын салып, мал басын өсіре отырып маңайдағы ірі қара өсірушілерге асыл тұқымды бұқаларын сатумен айналысуда. Аналық сиырлары 100 басқа жетті.
«Мирас» шаруа қожалығында жазда 5 жұмысшы, қыста 3 адам еңбек етеді. Орташа айлықтары 130 мың теңге. Шаруашылық иелерінің айтуынша, бүгінде далалық жағдайда жұмыс істейтін адам қалмай бара жатқан көрінеді. Ал, мал мамандары деген мүлдем жоқ. Бұлар осы проблеманы өздерінің отбасы арқылы шешуді ұйғарып, бір ұлын агрономдық оқуға, екіншісін ветеринар дәрігері мамандығына жіберіпті. Сарысу өзенінің сағасында отырғанмен су тапшылығы да суармалы алқапты игеруде қолбайлау болып отыр екен. Тоған салу арқылы бұл проблеманы шешуге бекінгенмен, оған рұқсат алудың оңай еместігін алға тартады.
Жалпы, Жаңаарқа ауданында шаруашылықтары дамыған фермерлер қатары жыл сайын көбейіп келеді. Мәселен, көп жылдардан бері Әулиекөл асыл тұқымды сиырын өсіруді жолға қойған «Ескене» шаруа қожалығының басшысы Әбүйірхан Төлеуовтің осы кәсіппен айналысқанына 30 жылдан асты. Өркен жайып дамыған, тығырыққа тіреліп тоқыраған кездері де болды. Жалпы жағдайы жаман емес, ауылдың әлеуметтік салаларына да қамқорлығын жасап отыр. Қазір бұлардың қатары кейінгі жас буындармен толығуда. Олар тың жобаларды қолға алып, жаңаша жұмыс істеуге бетбұрыс жасауда. Нарықтық қатынастағы бүгінгі уақыт та осыны талап етіп отырған жоқ па.
Амандық РАХҰЛЫ.
Суреттерде: «Мирас» шаруа қожалығының жаңбырлатқыш қондырғысы.
Екпе шөп алқабында.